Жақсының жары
Өзіндік өлең өрнегі, алтын қорға енген ән мәтіндері арқылы көзінің тірісінде-ақ ел құрметіне бөленген Шөмішбай Сариев – алты Алашқа танымал дарын иелерінің бірі десек артық айтқандық емес. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Барыс», «Парасат» ордендерінің, Франц Кайка атындағы халықаралық Алтын медаль, «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері деген тәрізді атақ-даңқының көптігі өз алдына, Шөмішбай Нағашыбайұлы – шығармалары әлем халықтары тілдеріне аударылу жағынан да, әнге сөз жазу тұрғысынан да қазақ ақын-жазушыларының көш басында тұрған қаламгер.
Өзі өмірден өтсе де, ақынның қазақ руханиятына қомақты үлес болып қосылған асыл мұрасы мәңгі жасары анық. Өмірі өлең болып өрілген Шөмішбай ағаның тағылымды ғұмырына аз-кем ой жүгірту мақсатында біз ақынның жары Жұмагүл апайды әңгімеге тартқан едік.
– Жұмагүл апай, естуімізше, сіз Қостанай топырағында, айтарлықтай орыстанған аймақта дүниеге келген екенсіз, ал Шөмішбай аға қаймағы бұзылмаған қазақы орта – Сыр өңірінде туған. Соған қарамастан, тағдырларыңыз қалай тоғысты?
– Мен Қостанайдан 30 шақырым жердегі Шоққарағай ауылында туып өскем. Ол кезде Қостанайда Ы.Алтынсарин атындағы жалғыз қазақ мектебі бар еді. Ал біз тұрған жерде орыс мектептері көп болды. Әкем «қазақша білмей қалады» деп, бізді Қостанайдағы қазақ мектебіне берді. Үйдегі 6 бала, бәріміз сол мектепті бітірдік. Бұл жөнінен әкеме ризамын. Егер мен қазақша білмей, орысша сөйлеп тұрсам, Шөкеңмен жолымыз тоғыспас па еді, мысалы...
– Жалпы, қалай таныстыңыздар?
– Мен ол кезде Алматыда байланыс саласында оқитынмын. Бірде дос қыздармен Орталық алаңда өтетін отшашуды көруге бардық. Кенеттен алдымыздан шыға келген бір топ жігіт КазГУ-де оқитындарын айтып, бізбен таныса кетті. Шөкеңнің қолында кітап болды. Қандай кітап екенін сұрағанымызда Шөкең: «Бұл – дарынды жазушы Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» атты жаңа туындысы. Мен сендерге берейін. Бірақ оқып болған соң өзіме қайтарып беріңдер» деді. Бөлмемізге келген соң кітапты парақтап қарасақ, сөйлемдердің астын сызып, ұтымды ойлары бар тұстарына мән беріп, зерделеп оқыған екен. Кейіннен Шекер деген құрбым екеуміз кітапты апарып беру үшін КазГУ-дің сол кездегі Виноградов көшесіндегі жатақханасына бардық. Осы оқиға Шөкең екеуміздің жақынырақ танысып, араласып кетуімізге себепші болды.
Бір қызығы, екеуміз алғаш кездескенде ол өзін «Шалқар», мен «Жәмила» деп танысқанымыз бар. Өйткені Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы «Жәмила» деген есім маған қатты ұнайтын, ал Шөкеңе жолдастары «Шөмішбай» деген үлкен кісінің аты сияқты, саған «Шалқар» деген ат жарасады» дейді екен. Уақыт өте келе «Шалқар» деген есім Шөкеңнің әдеби бүркеншік атына айналды.
– Ағаның есімі «Шөмішбай» деп қойылуының да өзіндік тарихы бар көрінеді ғой...
– Ол рас. Шөмішбайдың анасы 11 құрсақ көтеріпті. Бірақ әуелгі 3 перзенті аяғын апыл-тапыл басып жүре бастағанда бірінен соң бірі шетінеп кете беріпті. Сөйтіп жүргенде енеміз тағы жүкті болады. Әулеттің үлкен әжелерінің бірі түсінде аян берілгенін айтып: «Шөміш әулиенің атын қойсаң, балаң тұрады» дейді. Шөмішбайдың аты солай қойылады. Сөйтіп, анасы одан кейін де 6 бала көтеріп, барлығын аман-есен өсіріп жеткізеді.
Біз 1971 жылы 15 сәуірде шаңырақ көтердік. Арамыз 5 жас еді. Яғни ол 25-те, мен 20-да болдым.
– Тәрбиеңіз қазақы болғанымен, сіз байланыс саласының, Шөмішбай аға әдебиеттің адамы болды. Түсінісу қиынға соқпады ма?
– Рас, мен басында поэзияны түсінген жоқпын. 5-курста оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетіне Шөкеңнің бір топ өлеңдері шыққан екен. Соны маған әкеліп көрсетті. Ол мені: «Қандай керемет! Өлеңдеріңіз газеттің жарты бетін түгел алыпты ғой!» деп таң қалып, қуанады деп ойлапты. Мен қарадым да, жәй ғана «жақсы екен» дедім. Өзім іштей «Газетке шыққанға неге сонша қуанады? Бәрібір оның бетін толтыру үшін материалдар керек қой» деп ойладым. Ал шындығында, жас ақынның өлеңдері республикалық газетке жариялануы үлкен абырой, мақтаныш екен ғой. Оны кейін түсіндім.
– Сіз таныған, білген Шөмішбай аға қандай адам еді?
– Шөкең ешкімнің көңілін қалдырмайтын, өте ақкөңіл, балаларға жайлы, ағайын-туысқа қамқор еді. Өзі бала мінезді, болмашы нәрсеге ренжитін, бірақ тез қайтатын. Өзін біреу ренжітсе үйде байыз тауып отыра алмайтын. Іле-шала телефон соғып кешірім сұрап, түсіністік танытатын.
«Ол жерде сенің еш кінәң жоқ. Қайта ол сені ашуландырды ғой десем, «оның жүрегінде бірдеңе қалып қойды. Мен-ақ кешірім сұрап, көңіліндегі кірбіңді тарқата салайыншы. Біреудің маған азғантай болса да реніші болса, өлең жаза алмаймын» дейтін.
«Бизнес» деп, басқа деп, анаған бір, мынаған бір ауытқымайтын, басынан аяғына дейін шығармашылықтың адамы болды. Ешқашан ештеңеге алаңдаған жоқ. Біреудің үйіне не көлігіне қызыққан емес. Шөкең әндерге мәтін жазған кезінде бізде ақша көп болды, мен де жақсы айлық алып жүрдім. Соның бәрін біз қыдыруға жұмсадық. Мені ешқашан жанынан қалдырған емес. Ол көрген жақсылықты мен де көрдім. Қазақ қаламгерлерінің әйелдері арасында мен сияқты әлем елдерін аралағандары сирек. Шипажайларға да бірге бардық. Кеңес өкіметі кезінде шетелге көп шығара қоймайтын. Ал тәуелсіздігімізді алған соң, дүние жүзін аралауға жол ашылды.
– Оған Шөмішбай ағаның аударма ісіне де ерекше көңіл бөліп, бұл салада да өнімді еңбек еткені себеп болған сияқты...
– Иә, Шөкең әлдекімнің шығармасы өзіне ұнаса болды, оның қай ұлт екеніне қарамай аудара беретін. Мысалы, румын ақыны Михай Эминеску шығармаларын Орта Азия мен Қазақстан бойынша аударған ақын жалғыз Шөкең екен. Сол еңбегіне орай, Михай Эминескудің Бухаресте өткен 150 жылдық мерейтойына арнайы шақырылды. Ал Михай Эминеску румын әдебиетінің ірі классигі, біздің Абай сияқты ең әйгілі ақыны екен.
Одан бөлек, қырғыздың «Манасын» аударған Варьям Сингх Шөкеңнің өлеңдерін хинди тіліне тәржімалап, кітаптың тұсаукесеріне Делиге арнайы бардық. Сол сапардан кейін Шөкеңді Үндістанның Қазақстандағы елшісі арнайы қабылдады. Шөкең рахметін айтып, сосын қазақ қаламгерлерінен хинди тіліне кімдердің шығармалары аударылғанын сұраса: «Абай, Шөмішбай» депті. «Мазақ қып тұр ма» деп ойлап, М.Әуезовтің, А.Шамкеновтің шығармалары бар екенін айтқан ғой Шөкең. Сөйтсе: «Олар Үндістан сапары туралы қазақ тілінде жазды, бірақ ол еңбектер хинди тіліне аударылған жоқ» депті елші. Шынымен де солай ғой. Бір қуанарлығы, қазір Ұлықбектің, тағы біраз қаламгерлердің шығармалары аударылып жатқан көрінеді.
Бір өкінетінім, шетелге сапарларымызда балаларды бірге алып жүрмеппіз. Мектептегі сабақ біткен бойда оларды Қызылордаға жіберетінбіз. Ағайын-туыстардың барлығы Шөкеңді керемет сыйлайтын. Кейде мен жұмыстан шыға алмай жатсам, келіндердің өздері келіп, біздің үш баланы ауылға алып кететін.
– Ғафу Қайырбеков «қос қанатты ақын» десе-дегендей, Шөмішбай аға поэзияны да, әнге сөз жазуды да қатар алып жүріп, 30-дан астам жыр жинақтарын, 500- ге тарта ән мәтіндерін тудырған екен. Күнделікті ресми жұмысы тағы бар. Соның бәріне қалай үлгерді, қалай үйлестірді?
– Иә, ойлап тұрсақ, қазақтың барлық танымал әншілерінің репертуарында Шөмішбай Сариев өлеңіне жазылған әндер бар екен. Роза Рымбаева «Атамекен», Нұрлан Өнербаев «Қарағым-ай», Мақпал Жүнісова мен Сембек Жұмағалиев «Ғашықтар жыры», Бағдат Сәмединова «Сарыарқа» әндерін шырқап, халықтың құрметіне бөленді. Достары да көп болды. Шығармашылық тұрғысында араласқан әнші, композиторлардың қай-қайсысы да Шөкеңнің аса еңбекқор, сан қырлы талант екенін айтып, құрметпен еске алады.
Шөкеңнің бүкіл саналы ғұмыры өлең жазумен өтті. Өлеңді көбіне түнде шығаратын. Бір ән мәтінінің оншақты нұсқасын жазатын. Кейде тез, кейде ұзақ жазатын кезі болатын. Өзі әнші емес, бірақ өлеңін домбыраға салып отырып, үйлеспейтін тұстарын өзі өңдеп, жөндеп, ретке келтіріп алатын.
Бұл ретте, З.Қабдоловтың: «Әннің ғұмырлы болуы тек сөз мәтініне ғана байланысты, сөзі жақсы болса ғана әнді халық сүйіп айтады, ғұмырлы болады. Мен сондай әндердің мәтінін Шөмішбайдың әндерінен көріп, сезінемін, ол – әнге мәтін жазудың шебері» деп айтқаны бар.
Кейде күндіз кабинетінде жұмыс істеп отырған кезінде біз ешқашан есігін қағып кіріп, болмаса назарын аударып, кедергі келтірмейтінбіз. Кім телефон соқса да шақырмаймыз, «осындай адам хабарласты» деп кейіннен айтатынбыз. Көкейінде жүрген өлеңі жазылып бітсе, ерекше қуанып, маған оқып беретін, мен пікірімді айтатынмын. Сөйтіп, барлық шығармасымен әуелі мен танысатын едім.
– Балаларымен қарым-қатынасы қандай болды?
– Біз бір шаңырақта 50 жыл ғибратты, бақытты ғұмыр кештік. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Өзі де өміріне өте разы болып өтті. Маған: «Сен менің артымда қал. Балалардың қуанышы мен рахатын көр» деп айтатын. Балалары мен немерелерін «менің патшаларым» деп ерекше жақсы көрді. Бауыры ауыратын еді. Соңғы жылдары денсаулығы нашарлап жүрді. Короновирустың да әсері болмай қалған жоқ. Үнемі елдің ортасында, өнер кештерінде жүретін адамға індет кезінде үйге қамалып қалғаны қиын тиді.
– Шөмішбай аға өмірден өткенмен, артында аса құнды рухани мұрасы қалды. Өлеңдері жырсүйер қауымның жадында, одан қалса, ән болып әуелеп, тыңдаушы жүрегінен әлдеқашан орын алды. Еске алу, өнерін ұлықтау шаралары да жер-жерде қолға алынуда. Соның өзі дәтке қуат. Солай емес пе?
– – Иә, Шөкең өмірден озғаннан кейін екінші ғұмыры басталды деп ойлаймын. Алматыда қазір біз тұрып жатқан үйде ақынның құрметіне мемориалдық тақта ашылды, Кеңсайдағы зиратының басы көтерілді, Қызылорда қаласындағы облыстық өлкетану музейінде Шөкеңе арналған бұрыш ашылып, онда өзі тұтынған бірқатар заттары қойылды, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Шөмішбай Сариевтың шығармашылық залы ашылды, «Сыр елінің тұлғалары» атты сериямен телехабар түсіріліп, «Жүрегім – қазақ елі» атты жыр жинағы, «Қос қанатты ақын Шөмішбай Сариев: фотоальбомы», «Ғибратты ғұмыр», Ш.Сариев шығармаларының библиографиялық көрсеткіші шықты, «Дүниені жалт қаратсам деп едім» атты жинағы ұйғыр тілінде жарық көрді. 2003 жылы Қызылдордада Шөкеңді еске алу кеші өтті, сосын «Теңізден соққан жел» атты поэзия кітабы былтыр «Атамұра» баспасынан басылып шықты.
– Аталған іс-шаралардың қай-қайсысының да өтуіне мұрындық болып жүргеніңіз белгілі. Алла сізге әрқашан күш-қуат берсін! Бұдан бөлек, өз тарапыңыздан Шөмішбей аға жөнінде естелік жазу ойыңызда жоқ па?
– Маған «кітап жазсаңшы» дейтіндер көп. Бірақ Шөкең: «Мен туралы материал жазушы болма. Айтса – достарым, әдебиетшілер айтсын» дейтін. Оның үстіне өзім де қосарланғанды ұнатпайтынмын. Әйтеуір көлеңкесінде жүре бердім. Жаман болғам жоқ. Ол көрген сый-құрметті мен де көрдім. Төрге шықса, жанында мен де бірге отырдым. Шөмішбаймен қол ұстасып өткен жарты ғасырлық өмір жолыма, қызықты да мәнді ғұмырыма ризамын. Барлық кезде жанынан табылып, әдебиеттегі үлкен ағаларына, достарына қызмет жасағаныма шүкірлік етемін.
– Әңгімеңізге көп рахмет!