«Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, дұға-тілек бағыштап, құрмет көрсетті. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне және мегаполиске іргелес жатқан Талғардағы (Алматы облысы) Батырлар аллеясына гүл себеттерін қойып, бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Өткен ғасырға көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы секілді ашаршылық, қуғын-сүргін, түрлі қасіреттерді өткерген ұлт некен-саяқ. Тарихшылардың айтуынша, 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы атылған. Миллиондаған адам аштықтан қынадай қырылған.
«Желтоқсан-Алматы» өкілдері мейрамханада сол жандардың рухына бағыштап ас беріп, Құран оқытты.
– Ұлт үшін өмірін құрбан еткен арыстарымыздың есімін ұлықтау, солақай саясаттың салдарынан опат болған тұлғалардың соңынан дұға бағыштау — баршамыздың азаматтық һәм перзенттік борышымыз. Бұл іс-шара тек ас беру емес, ол – ұлт жадын жаңғырту, азаттық үшін күрескендердің рухына бас ию, тарихтан тағылым алу. Миллиондардың көз жасы, аштықтан қынадай қырылғандардың аруағы, «халық жауы» атанып, жазықсыз атылған арыстардың азалы рухы – бәрі осы бір күнде үнсіз «сөйлейді». Ал бүгін желтоқсандықтар сол үнсіздікке үн қосып, ерлік пен елдіктің шынайы көрінісін тағы бір көрсетіп отыр, – дейді «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбек Жандыбаев.
Құрамында 200-ден астам мүшесі бар «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігі бұл айтулы күнді жылда атап өтуді дәстүрге айналдырған. Себебі олар бұл күннің қадір-қасиетін жақсы біледі.
– Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – еліміздің жүрегіне жазылған жараның жаңғырып, тағзым мен тәубенің тоғысатын сәті. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – қазақ жастарының әділетсіздікке қарсы шыққан шынайы ерлік сәті. Олар кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы тұрып, ұлттық намыс пен егемендікке деген ұмтылысты әлемге паш етті. Желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы, ал желтоқсаншылар – сол жолдағы алғашқы құрбандар мен қаһармандар. Сондықтан олардың бүгінгі тағзым шарасына қатысуы – үлкен мәнге ие, – дейді «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Төрехан Қыдыралиев.
Құрмет, тағзым іс-шарасы барысында «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбек Жандыбаев Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда азаттық күресінің отын тұтатып, алаудай жаққан қазақ қыздарының кеудесіне «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тақты. Бұл жолғы марапат иелері – Айнаш Хамитова мен Рая Бимурзаева. Ал Қаншай Стамбекова қоғамдық бірлестіктің «Асыл ана» төсбелгісімен марапатталды.
Іс-шарада желтоқсандықтар өткеннің үні ғана емес, бүгінгі бейбіт күннің де шырақшылары деген лебіз айтылды.
– Желтоқсандықтар – зұлмат жылдардың, отарлық езгінің, алаңдағы азаттық үшін күрестің тірі куәгерлері. Олар да ұмыт болмауға тиіс тарих. Ашаршылық пен қуғын-сүргін – қазақ халқының қайғысы, ал Желтоқсан – оның рухани жаңғыруының символы. Осындай тарихи сабақтастық арқылы біз тәуелсіздігіміздің қадірін тереңірек ұғына аламыз. «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігінің бұл іс-шарасы – кешегі өткендерге тағзым ғана емес, өткенді бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізу жолындағы қызметі, – дейді «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігінің Талғар ауданы бойынша жетекшісі Сәтжан Бөлекбаев.