"Қайраттың" 18-дегі қақпашысы сенімді ақтай ала ма? Сарапшы болжамы

  • 12:37, 15 қыркүйек 2025
"Қайраттың" 18-дегі қақпашысы сенімді ақтай ала ма? Сарапшы болжамы Сурет: aqshamnews.kz коллажы

"Қайрат" футбол клубының Чемпиондар лигасындағы ойындарына не күтеміз? Негізгі қос қақпашысынан айырылған "сары-қара жейделілердің" маңызды матч алдындағы жағдайы туралы сарапшы не дейді? Аqshamnews.kz тілшісі сұрап білді. 

Айнат Қабидулла

спорт журналисі, сарапшы 

Қазақстан футбол чемпионатының 23-турындағы орталық матчта "Қайрат" "Ақтөбені" 1:0 есебімен жеңді. Алайда кездесудің басты жаңалығы алматылықтардың қақпашысы Темірлан Анарбековтің ауыр жарақат алуы болды. Бірінші таймның басында жарақат алған Анарбековтің орнына 18 жастағы Шерхан Қалмұрза алаңға шықты. Осы жағдайға байланысты спорт сарапшысы өз пікірін білдірді.

"Темірлан жарақаттанған сәтте жанымыз түршікті"

Сарапшының айтуынша, жарақат сәті алаңдағылардың бәрін дүр сілкіндірген.

"Темірлан Анарбеков жарақат алған кезде жанымыз түршігіп кетті. Оны жедел жәрдеммен алып бара жатқанын көргенде кемі бір ай ойнамайтынын түсініп, көңіл күйіміз түсті. Осымен "Қайраттың" екі қақпашысы да жарақат алды. Енді кезек үшінші қақпашы Шерхан Қалмұрзада. Матч алдында негізгі құрам шықпай тұрған кезде Шерханнан "дайынсың ба?" деп сұрағанымда, ол: "Мен қашанда дайынмын" деп жауап берген еді" деді Айнат Қабидулла. 

"Шерханға ағаларының "қобалжыма, сабырмен ойна" деп айтып жатқандарын анық естідім"

Сарапшы жас қақпашының дебюті сәтті өткенін ерекше атап өтті. Ол "Қайрат" қақпасының дәл артында тілшілік қызметін атқара жүріп ойын барысындағы әңгімелерден құлағдар болып отырған. 

"Шерханның дебютіне келер болсақ, ойынды ойдағыдай алып шықты. Матчты 90 минут бойы Шерхан қорғаған қақпа артынан тік тұрып тамашаладым. Жас бала ғой, ойын кезінде кей сәттерде "жанып" кетіп жатты. Қорғаушы ағалары оған "қобалжыма, сабырмен ойна" деп айтып жатқандарын анық естідім. "Қайрат" қақпасына аса қауіпті шабуылдар көп болған жоқ, көбіне қорғаушылар шабуылды тоқтатып отырды" деді сарапшы. 

"Ақтөбеліктер" Анарбековті әдейі жарақаттады ма?

Ол жанкүйерлер арасындағы "әдейі жарақаттады" деген пікірлермен келіспейтінін айтты.

"Темірланды "Ақтөбе" ойыншылары әдейі жарақаттады деу - әбестік. Мүмкін әдейі жасаған да шығар. Оның өзінде де біз оларға ренжи алмаймыз. Бұл - футбол. Әр клуб өз жеңісі үшін ойнайды. "Әдейі жасады" деп жатқандардың көбі - футболды түсінбейтіндер. Менің байқағанымда "Ақтөбе" ойыншысы Уче Агбоға қарай Темірлан өзі ертерек секіргендей болды. Содан екеуі соқтығысып, Темірланның жақ сүйегі сынды. Қолда бар ақпарат бойынша, Анарбеков кемі бір ай алаңға шықпайды. Демек, "Спортингке" де, "Реалға" да қарсы ойында қақпада Шерхан Қалмұрза тұрады. Көрейік, сенейік, бәлкім Шерхан да ашылмай жүрген талант шығар" деді ол. 

"Шерхан да жарақат алса, 16 жастағы қақпашыларға үміт артуға тура келеді"

Сарапшы клубтың кадр мәселесіне де тоқталды. Егер ойын барысында үшінші қақпашы да жарақат алар болса "Қайрат" қақпасын кімге сеніп тапсырады?

"Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Рафаэль Уразбахтин егер Шерхан да жарақат алса, академияда керемет қақпашылар бар екенін атап өтті. Қосалқы құрамда Диас Реимов және Ильдар Меңдіғалиев сынды жас балалар бар. Олардың жасы небәрі 16-17-де. Бұл - клубтың болашағы үшін жақсы белгі" деді Айнат Қабидулла. 

"Португалияда "Қайратқа" өте қиын болады"

Сарапшы "Қайратты" ауыр сынақ күтіп тұрғанын айтты.

"Енді "Қайрат" сырт алаңда "Спортингке" қарсы ойнайды. Ертең клуб чартерлік рейспен Португалияға аттанады. "Қайратқа" өте қиын болады. Еуропаның небір жұлдыздары жиналған "Спортингпен" терезесі тең ойын көрсетудің өзі біз үшін жақсы нәтиже болмақ. Жеңіледі деп айтуға аузым бармайды, тең нәтиже күтемін" деді ол. 

Еске салайық, "Қайрат" енді Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде алғаш рет өнер көрсетпек. 19 қыркүйекте Португалияның "Спортинг" клубына қарсы ойнап, ал 30 қыркүйекте өз алаңында әйгілі "Реал Мадридті" қабылдайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:11

12:52

12:37

11:57

11:25

10:55

10:37

09:59

09:40

09:39

09:36

09:29

09:13

08:42

08:31

15:05

14:00

12:12

11:56

11:11

10:50

10:18

10:10

09:47

08:43