ffin.kz

Жас техниктер үйірмесін жандандырған жөн 

Жас техниктер үйірмесін жандандырған жөн  almaty-akshamy.kz

Кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттарының бірі – ұлттық аэроғарыш саласын дамыту және осы бағыттағы алдыңғы қатарлы технологияларға қол жеткізу. 

Ғарышты игеруге қатысты іс-әрекет, ең біріншіден, мемлекеттің саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс қуатын айқындайды. Cтратегиялық тұрғыдағы артықшылықтарын былай қойғанда, ғарыштық технологияларды игеру еліміздің байланыс, телевизия, навигация, экологиялық мониторинг, радиациялық қауіпсіздік, картография саласындағы мәселелерді де шешуге көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда, өскелең ұрпақты ғарыш саласына мамандандыру мәселесі зор маңызға ие. 

Бұл ретте, жастарымыздың шығармашылық әлеуетінің зор екенін де айтқан абзал. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын талдықорғандық оқушылар Измирде өткен халықаралық  конкурстан жеңімпаз болып оралды. Өзге қарсыластары ойластырған зымырандар 60 метрге әрең жеткенде, өз зымырандарының 500 метрге дейін ұшып барғанын мақтанышпен айтқан жас техниктердің: «Шетелдік құрдастарымыздан көп нәрсе үйренерміз деп ойлап едік. Керісінше, оларды біз үйретуімізге тура келді», – дегені бар. Демек ғылымға, өнертапқыштыққа жеткілікті түрде көңіл бөлінген жағдайда ғарыш саласында да іргелі жетістіктерге қол жеткізуге жасөспірімдеріміздің мүмкіндігі толық жетеді. 

Бір замандарда көптеген мектеп оқушылары инженер, конструктор болуды армандап, техникалық үйірмелерге, жас техниктер станцияларына баратын, «Техника молодежи», «Юный техник» журналдары сияқты өзге де беделді басылымдарды үлкен қызығушылықпен жаздырып алып оқитын. Өкінішке қарай, мектеп қабырғасындағы жастардың инновациялық іс-әрекетін бұрынғыдай тиісті арнаға бағыттап, игі бастамаларына қолдау көрсетіп, ынталандырып отыратын жас техниктер станциялары бүгінде кемде-кем. Болған күнде де көпшілігінің материалдық-техникалық базасы ескірген, ал үйірмелердің көпшілігі жабылып қалған. Тіпті жас техниктердің өзара тәжірибе алмасып, бір-бірінің жаңалығынан, жақсылығынан хабардар болып отыруына септігін тигізетіндей арнайы сайттар да некен-саяқ. Сондықтан арнаулы үйірмелерді орта мектептер жанынан қайта ашып, техникалық станциялар мен факультативтер жұмысын жандандыруды ескерген жөн. 

Өз ұғымынан сырт жатқан тылсым дүниеге құмарту – бала табиғатына қашаннан-ақ тән. Осы орайда, жұлдызды әлемге сапар шегуге қызықпайтын өрендер кемде-кем. Бірақ «қандай адам ғарышкер бола алады, оған қойылатын талаптар қандай, ғарышкер нені білуге тиіс?» деген жайттардан көбі хабарсыз. Мысалы, бір кездерде алғашқы ұшақтармен әуеге көтерілген кез келген адамды «ұшқыш» дегеніміз сияқты, біз қазір ғарышта болып қайтқан әрбір адамды «ғарышкер» деп жүрміз. Бірақ ғалымдар күндердің күнінде ғарышта кәдімгі жолаушылардың да пайда болатын уақыты келетінін  және сол кезде тек ғарыш кемелерін жүргізушілер ғана «ғарышкер» болып саналатынын әлдеқашан айтқан.  

Әрине, ғарышкер де – ұшқыш, өз ісінің нағыз шебері. Денсаулығында титтей кінәраты бар адамға ғарышқа жол жабық. Себебі, ғарышкер-ұшқыштың әдеттегіден тыс жағдайда, мәселен, салмақсыздық күйінде немесе жерден күрт көтерілген, сондай-ақ күрт қонған кездегі шамадан тыс қолайсыздықтар жағдайында жұмыс істеуіне тура келеді. Яғни қандай да бір қиындыққа қарамастан, ғарышкер өз алдындағы қондырғыларды мұқият бақылай алуы, Жермен байланысын жоғалтпауы, ғарыш кемесін басқаруы тиіс. Мұның сыртында, ғарыш кемесінің құрылымын, сансыз қондырғылар мен радиостанциялардың және двигательдердің жұмысын білумен қатар, ол жақсы астроном да болуға тиіс. Әйтпесе ол жұлдыздарға қалайша жол таппақ?  Сонымен қатар, қандай да бір жерге амалсыз қонуға тура келген жағдайда өзін-өзі қалай қорғап, тамағын қалай тауып жеуі керектігін де білетін, яғни кез келген тығырықтан шығар жолды таба алатын ептілігімен, табандылығымен танылуы шарт. 

Жас техниктер станциясы мен техникалық үйірмелердің жұмыстары дұрыс жолға қойылған жағдайда болашақ ғарышкерлер мұның барлығын бала жасынан біліп өседі. Өзін жан-жақты шыңдап, соған кішкене кезінен дайындалады. Ал зымырандар мен ғарыш кемелерінің, жалпы, авиамодельдердің түр-түрін құрастыруға деген қарапайым қызығушылық ғарыш әлеміне бастар үлкен сапардың алғашқы баспалдағы болары анық.   

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43