Көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрін және отырықшы жер шаруашылығын өңбойына сіңірген қаламыздың мыңжылдық тарихы елшеусіз тереңде жатыр. Қала аумағы, табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты бұл аймақ ешқашан бос жатпаған. Мыңдаған жылдар бұрын бұл аймақта көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталықтары қалыптасқандығын археолог ғалымдар дәлелдеп отыр. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде алғашқы тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтады. Өкінішке орай, олардың көпшілігі уақыт сынынан өтпеді. Бірақ кейбір ескерткіштер бізге дейін сақталған. Олардың ішінде көшпелі элитаның ең үлкен қорығы – Боралдай.
Боралдай сақ қорғандары археологиялық кешені еліміздегі маңызды тарихи ескерткіштер қатарына жатады. Ашық аспан астындағы бұл кешен жайлы деректер ұзақ жылдар бойы беймәлім болып келді. Бірегей ескерткіш 2006 жылы 3D картаны модельдеу үшін аэротүсірілім кезінде анықталған. Мыңдаған жылдық тарихтан сыр шертетін археологиялық кешен 2018 жылы Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енді.
Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Солтүстігінде қалалық типті Боралдай ауылымен, оңтүстігінде Үлкен Алматы каналымен шектесіп, Боралдай үстіртінің бір бөлігін алып жатыр. Бұл қорымның ұзындығы 3 шақырым болса, ал, ені 800 метрге дейін аумақты алып жатқан тарихи-мәдени аумақ болып табылады. Осы 430 га аумақты алып жатқан «Боралдай сақ қорғандары» - археологиялық паркінің аймағында ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Аса үлкен қорғандардың биіктігі 10-14 м. дейін жетеді. Ал, диаметрі 80-150 м. алып жатыр. Сақ обалары Жетісудің, әсіресе, тау бөктері аймақтары бедерінің ерекше белгілері болып табылады
Кешеннен табылған көне жәдігерлермен әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізілмей сақталған бірнеше биік қорымдарға қарап, ғалымдар Боралдай кешенін б.з.д. VІІІ-ІІІ ғғ. Жетісу жерін мекендеген сақ тайпалары, б.з.б. ІІІ ғ. – б.з. ІІІ ғ. үйсін тайпалары мекен еткен деген болжам жасаған.
Бұл қорымда сақ және үйсін тайпаларының билеуші әулеттерінің өкілдері, лауазымды тұлғалары жерленген деген ғылыми тұжырым жасалды. Мамандар бұл қорымдар бұдан да бірнеше есе биік болып салынуы мүмкін екенін айтады. Уақыт өте, жер қабаттарының көтерілуіне байланысты біздің заманымызға осы көлемі ғана сақталып жеткен. Биік қорымдарды тұрғызу үшін топырақ алынған жерлер кешен аумағында әлі күнге дейін сақтаулы. Ғалымдардың айтуынша, кешен сақтардың жерлеу орындары болған. Осы дерекке сүйеніп, сақтардың осы Алатау бөктерінде өмір сүрді деп айтуға толық негіз бар. Бұған археологиялық жәдігерлер дәлел. Шамамен б.з.д. Х ғасырдан бастап мұнда ірі тайпалар қоныстанды. Әуелі сақтар мекендеді. Кейіннен оларды үйсіндер алмастырған. Мұндай биік қорымдар мыңдаған адамды жұмылдыру арқылы салынған болуы мүмкін. Әрине, құрылыс тек күн жылынған уақытта жүріп, қысқа қарай тоқтап отырған сыңайлы. Көктемде жұмысқа қайта келген адамдар бір-бірімен сағыныса көріскен болса, ол қазіргі Наурыз мерекесінің уақытымен сай келеді. Бұл жиын қазіргі Асарлату салты мен Көрісу және Наурыз мерекелерінің бастауы болу да мүмкін.
Тарихи кешен аумағында келушілерге ежелгі сақтардың қалай жерленгені туралы дерек ұсынатын бірнеше макет бар. Археологиялық қазба жұмыстары кешенінде анықталған деректер негізінде жасалған макеттерден сақтарда қайтыс болған кісіні ыдыс-аяқтарымен бірге көмгенін көруге болады.
Бұл бабаларымызда сол кездің өзінде өлімнен кейінгі өмір бар деген түсінік болғанын көрсетеді. Тіпті, кейбір қорымдардан мініс аттарымен бірге жерленгендері де кездеседі. Сондай иесімен бірге жерленген жылқылардың ішінде кейбірінің құйрық-жалдары алтын жіптермен өрілгендері де бар.
Кешеннің ішінде ежелгі сақтардың қорымдарынан бөлек тұрғын үйлерінің бірінің қайта жаңартылған нұсқасы орналасқан. Б.з.д. IV ғасырға тиесілі үй лашық іспеттес болғанымен, ішкі жағы мен шаңырағы киіз үйдің формасына ұқсайды. Бұл лашықтың түпнұсқасы өткен ғасырдың 1970 жылдары Медеу мұз айдынының құрылысы жүргізіліп жатқан кезде таудағы тастардың арасынан шыққан. Бұл жәдігер қазір әйгілі спорт кешені тұрған жерден 300 метр қашықтықтан табылған.
Мәдени мұраларымызды жандандыру халықтың өзінің рухани болмысымен тығыз байланысын арттырып, оның өмірлік маңызы мен мәні бар жаңа кырларын ашуға жәрдемдесуде. Бұл бағдарлама халықтың ортағасырлық сәулет ескерткіштеріне, тарихи және археологиялық нысандарға, олардың тарихына, құндылығына деген көзқарасына да үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан халқы, әсіресе, жастар материалдық байлықтан басқа да рухани, жан-дүниелік құндылықтардың да аса маңызы бар екендігіне көз жеткізуде. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында, мәдени мұраны кеңінен дәріптеп тарату мақсатында «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркін құру мәселесі жүзеге асты. Боралдай сақ қорғандарын музейфикациялау, «Мәдени мұра» аймақтық бағдарламалары арасындағы ең ірі нысаны. Көп жылдар бойы Боралдай корғандарына ескерткіш статусын беріп, оның негізінде ашық аспан астында орналасқан мұражай ашу мәселесі Алматы қаласы тарихының музейінің өтінішімен жиі қарастырылып отырған. Соның негізінде 2006 жылы қала әкімінің қаулысымен тұрғын үй қорынан 436 га жер аймағы музей құрылысына заңды түрде «Алматы қаласы тарихының музейі» қарамағына тұрақты жер пайдалану құқығы берілген болатын.
Әлемдік мәдениетте археологиялық қазба жұмыстарының орнында ашық аспан астындағы мұражайлық-мемориалды кешен құруда үлкен тәжірибе бар. Сыртқы сипаты және тұжырымдық мағынасы жағынан Боралдай сақ қорғандарына ұқсас ашық аспан астындағы археологиялық қорық музейлер Венгр Республикасының Будапешт түбінде және Корей Республикасының Кенжу қаласында «Тимулли паркі» орналасқан.
Жетісу өңірінің табиғат жағдайының байлығы мен көркемділігі туристердің назарынан тыс қалмаған. Боралдай қорығы қазіргі таңдағы туризмді дамытудағы бірден-бір перспективті жоба болып табылады. Сондай-ақ, «Археологиялық парк» құру табиғи және тарихи мәдени мұраны сақтап қалудың тиімді жолы.
Археологиялық парктың даму концепциясы үш аймақты ұйымдастыруға байланысты.
Бірінші аймақта қорғандарға толықтай археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі, содаң соң музейфикацияланып, онда қорғандардың сыртқы бейнесі мен мәдени ландшафтысы жерлеу кешенінің ішкі құрылымы толық қайта қалпына келтіріледі.
Екінші аймақта әртүрлі дәуірдің археологиялық нысандарының өзінің таза қалпындағы макеті жасалып, қазақтың дәстүрлі көшпелі мәдениеті бойынша экспозицияларды орналастыру қарастырылып отыр.
Үшінші аймақта туристік қызмет көрсетудегі негізгі обьектілері орналасқан саябақ аймақтарын салу, мұражайлық-туристік инфраструктураны ұйымдастыру көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда археологиялық паркте төмендегідей жұмыстар атқарылды:
- Жер телімдерін тұрақты пайдалану үшін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жасалынды.
- Әкімшілік ғимаратының құрылысы мен нысандарды қоршау жұмыстары аяқталды;
- «Боралдай сақ қорғандары» паркінің ғылыми концепциясы жасалынды.
- Ескерткішті кешенді археологиялық зерттеу:
а) геодезиялық суреттер түсіру;
б) кешенді геолого-геофизикалық зерттеу;
в) саябақтың шекарасын дәл анықтау;
г) музейфикацияға нысандарды зерттеу және талдау жұмыстары жүргізілді.
- «Қазақтың дәстүрлі тұрмыс-жайларының генезисі» – атты этноаймақ нысандарының концепциясы жасалып отыр. - Кешенді археологиялық зерттеу, музейфикацияны жоспарлауға арналған археологиялық нысандарды консервациялау және қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта жоспарлануда.
Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне Алматы қаласы бойынша 118 нысан кірді. Оның 16 археологиялық, 66 сәулеттік, ал, 36 монументтік ескерткіштер болып табылады.
Жоғарыда келтірілген жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінде Боралдай қорымы көш бастап тұр. Осының өзі оның тарихи құндылығын – өлкетану ісін жұртшылық кәдесіне асыра отырып, жастарды отандық тарихтың қырларымен таныстыруда онан сайын тереңдете түсетіні анық.
Мемлекеттің өркениеттілік өресі, ең алдымен, оның мәдени құндылықтарға деген көзқарасымен танылады. Төлтума мәдени мұраны сақтау және өзге мәдениеттердің құнды жақтарын үнемі бойға сіңіріп отыру – жалпы адамзат тарихындағы өркенді жол.
2023 жылы 18-сәуірде Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай «Боралдай сақ мәдениетінің куәгері» атты іс-шара өткізілді. 2023 жылдың 2-3 қыркүйек күндері Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Боралдай сақ қорғандарында «Ұлы дала көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдениет фестивалі өткізілді. Қала күніне орай ойластырылған фестиваль Алматы-Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы жобасы аясында өтті. Бағдарламада 10-нан астам көшпелі халықтардың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары ұйымдастырылды.
Алматы қаласының маңында мұндай ескерткіштердің бар екендігін көшпілік жұрт біле бермейді. Сондықтан қазіргі таңда, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінің ғылыми қызметкерлері қорған төңерегіндегі мектептермен, колледждермен өзара мәдени іс-шараларды жас ұрпақтың отан (өлке, қала) тарихы туралы білімдерін жетілдіру мақсатында бірлесе жұмыс атқарып келеді. Алматы қаласы Алатау ауданы жалпы білім беретін мектептері мен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Оқушылардың Боралдай сақ қорғандарына жиі келуі өз ата-бабаларының тарихи мұраларына деген қызығушылығын арттырып, дүниетанымының кеңеюіне әсер етеді. Олардың бойына патриоттық сезімді қалыптастырады. Соңғы жылдары мектеп оқушылары мен «Боралдай сақ қорғандары» туралы ғылыми жобалар қорғалып, қалалық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Болашақта мұнда келген туристер ата-бабаларымыздың тұрмысымен, салт-дәстүрімен, жалпы тарихымен терең танысатын болады. Келешекте осы «Боралдай сақ қорғандары» – археологиялық паркі оңтүстік астанамыз Алматы қаласының әлеуметтік, мәдени-экономикалық көркеюіне зор үлес қосып, оның халықаралық туризм жүйесіне кіруіне өз септігін тигізетіні анық.