"Ауру - астан" деген сөз бекер айтылмаған. Күніне бір банка тәтті сусын, арасында фастфуд, тәтті мен чипстер – бүгінде жастардың ас мәзірінде жиі көрініс табатын тағам түрлері. Алайда жесең айызың қанатын тартымды тағамдар мен сусындардың құрамында не жасырынып жатыр? Осы турасында Аqshamnews.kz тілшісі диетолог, нутрициолог Жанна Нұрбергенқызымен сұхбат құрып, дұрыс тамақтанудың қарапайым, бірақ нәтижелі жолдары жайлы әңгіме құрды.
Жанна Нұрбергенқызы
диетолог
"Табиғи" деп жазылған сусынның бәрі пайдалы емес"
Диетолог, нутрициолог Жанна Нұрбергенқызының айтуынша, дүкен сөрелерінде тұрған тәтті сусындардың басым бөлігінде қант мөлшері шектен тыс көп. Көп жағдайда сыртында «табиғи» деп жазылған өнімдердің өзі адам ағзасына қауіпті болуы мүмкін.
«Мысалы, 0,5 литр құрамында 120 грамм қант бар. Бұл – бір кесеге жуық таза қант. Енді елестетіңіз, жастар мұндай сусындарды күніне бір емес, бірнеше мәрте ішіп жүр. Оның үстіне бұл сусындарда түрлі бояғыштар, хош иістендіргіштер мен химиялық консерванттар болады. Бұл қоспалар ағзаға кері әсер етеді», – дейді маман.
Тіпті кейбір жеңіл шай түрлеріне де хош иістендіргіштер қосылады. Диетолог мұндай сусындарды «зиянсыз» деп ішу — үлкен қателік екенін айтады.
сурет: ЖИ алынды
Зиянды қоспалар ағзада 3 айға дейін сақталады
Маманның айтуынша, тәтті сусындармен бірге ағзаға енетін зиянды заттар бірден сыртқа шықпайды. Олар ағзада жиналып, токсинге айналады.
«Ағзаға түскен зиянды заттар бүйрек арқылы сұйықтықпен бірге сыртқа шығарылады. Алайда олардың кейбірі 2–3 ай бойы ағзада қалып қояды. Бұл — жасушалар деңгейінде бұзылуға, зат алмасудың нашарлауына, созылмалы ауруларға себеп болуы мүмкін», – дейді диетолог.
Фастфудқа келсек, маман оны барынша шектеу керек дейді. Ең дұрысы — 3 айда бір рет қана тұтыну керек дейді.
Тәттіқұмарлықтан қалай арылуға болады?
Адамның тәттіге құмар болуы кейде психологиялық жағдайымен де байланысты екенін Жанна Нұрбергенқызы атап өтті.
«Тәтті жеген сәтте ағзада бірден энергия бөлінеді, көңіл-күй жақсарып, миға “бәрі жақсы” деген сигнал барады. Осылайша адам қайта-қайта сол күйді сезінгісі келіп, тәттіге тәуелді бола бастайды», – дейді ол.
Маманның айтуынша, тәттіге құмар адамдарда кейде ішек паразиттері болуы мүмкін. Сондықтан алдымен себепті анықтап, кейін балама, пайдалы тағамдарға көшу маңызды.
Зияндыны – пайдалыға қалай алмастыруға болады?
Диетолог дұрыс тамақтану қымбат емес екенін баса айтты. Бар болғаны — сапалы әрі қарапайым өнімдерді дұрыс пайдалану керек.
«Қара су – тегін. Қара ұн – ақ ұннан арзан. Авокадо мен чиа болмаса да, қырыққабат, сәбіз, брокколи секілді көкөністер бар. Қант орнына бал, стевия немесе эритрит қосыңыз. Тәтті орнына құрғақ жемістер жеп, фастфуд орнына үйде сэндвич жасаңыз», – деп кеңес береді Жанна Нұрбергенқызы.
Шұжық орнына — еттен пісірілген сорпа, майонездің орнына — қаймақ, ал тәтті йогурттың орнына — үй айранын пайдалану керек. Диетологтың айтуынша, ең бастысы — тағам сауаттылығы. Адам өнімді сатып аларда құрамын оқып, таңдау жасауға дағдылануы керек.
«Фитнеске арналған тағамдардың өзі зиянсыз емес. Сондықтан көзімізді ашып, не ішіп, не жеп жүргенімізді түсінуіміз керек. Таңдау өзімізде. Тағам таңдағанда да сауатты болайық!», – дейді маман.