Естен кетпес есім
1928 жылдың ақпанында Алматы университетiнiң филология факультетiнде оқитын Фатима Ғабитованың жазу дәптерiнде үш жол өлең пайда болды. Кейiнiрек Мұхтар Әуезовтiң «Ақындығы онша болмаса да, күштi сезiмнiң иесi ғой өзi!» деп, бұл өлеңдi кiмнiң жазғанын бiлгiсi келгендiгi тегiн емес едi.
Тағдыр қалап егерде...
Жүз көз берсе құдiрет,
Жүзi де сiзге қарар ед! –
деген үш жол өлеңнiң авторы Ахмет Байтұрсынов болатын. Ахаң ол кезде жаңадан ашылған Алматы университетiнде дәрiс берiп жүрген. Жасы елуден асып, алпысты алқымдап қалған кезi. Ақыл тоқтатып, әбден кемелiне келген шағында күштi сезiм иесi бұл өлеңдi бекер жазбаған едi. Фатима ханым ондай құрметке әбден лайық болатын.
Жер жаннаты – Жетiсудағы Қапалда туып-өскен Фатима Ғабитова сондағы ең озық бiлiм шаңырағында тәлiм-тәрбие алды. Он бес жасқа толғанша ешбiр қайғы-мұңсыз оқып-жетiлген Фатима өмiрiндегi күрделi кезең содан кейiн-ақ басталып кете барды.
Ғұмыр бойы халық ағарту саласында еңбек еткен халқымыздың абзал азаматтарының бiрi, сатирик ақын болған Бiләл Сүлеевке тұрмысқа шыққан Фатима ханымның өзi де сол кездегi саяси-әлеуметтiк жағдайлар мен қазақ басына түсiп отырған түрлi ауыртпалықтарды тәптiштеп жазып жүрген. Бүкiл өмiрiн оқып-жетiлуге арнаған Фатима Ғабитова ешкiмге ұқсамайтын ерекше тұлғаға айналды.
Фатима жас кезiнен бастап-ақ Iлиястың арманына айналған едi. Жыр сұңқары, жыр тұлпары – кәдiмгi Iлияс Жансүгiровтiң. Жатса-тұрса Фатима деп соққан жүрек аз қиналған жоқ. Iлияс ақын алабұртқан сезiмiн ақылға жеңдiрiп, адалдықтың ала жiбiн аттамай ұзақ жүрген. Тiптi, өзiнiң ақылшы досы ретiнде, әрi мұң-мүддесi бiр жандар ретiнде Фатима мен Бiләл Сүлеевтiң шаңырағында бiрге тұрған кездерi де болды. Бiләлге адал жар бола бiлген Фатима ханым ол кездерi Iлиясқа қазақтың талантты ақын ұлы, жыр құлагерi ретiнде үлкен құрметпен қараған. Оны Фатиманың үнемi жазып жүрген күнделiктерi мен түрлi жазбаларынан айқын аңғаруға болады.
Халық ағарту саласында белсендi еңбек еткен Фатима Ғабитованың өзi де түрлi шығармалар жазып, артына мол мұра қалдырған. Өзгелерге қарағанда, өлең сөздiң шеберi, көркем тiлдiң қайнар көзi Iлиястың өресi өте биiк екенiн бұрын байқаған Фатима оны үнемi қайрап шыңдаумен болды. Жылт еткен сезiмдi, ғашықтық сағыныш пен махаббат уайымшылдығын өлеңге өзек етпей, ел мен жердiң, тұтас халықтың бейнесiн көрсететiн поэзияның ауқымды түрлерiне қалам тартқаны жөн екенiн талай айтып ескерткен. Тiптi, Iлиясқа сол биiктен көрiнiп жатсаң, мен де сенiң айтқаныңа ойланып көрермiн деген шарт қояды. Сөйтiп, Фатима ханым Iлиястың «Дала», «Құлагер» сияқты көлемдi дүниелер жазуына түрткi болған. Әдебиет майданына өзi де араласып, сол кездегi бүкiл жағдайды ой елегiнен өткiзiп отырады.
– Қапалда туып-өскен Фатиманың бойына Қапалдағы бүкiл зиялы қауымның тәрбиесi әсер етсе керек. Қапалда кезiнде дворяндық мектептер жұмыс iстедi. Фатима сол бекзаттар орталығында тәрбиеленiп шықты және оған өзiнiң араласқан адамдары да көп әсер еттi. Оның араласып жүрген кiсiлерi – Ахмет Байтұрсынов, Сәкен, Бейiмбет, Мағжан, Ғани Мұратбаев сынды алыптар едi. Бұл кiсi өзi сондай баққа лайық тұлға болған, – дейдi Жетiсу жұлдыздарын зерттеушi, iлиястанушы Сәбит Дүйсебаев.
Құдай қосқан қосағы Бiләл Сүлеев «халық жауы» болып ұсталып кеткенде, Фатима ханымға «халық жауының» әйелi атанып жүру оңайға соқпаған едi. Сұлудың iшiндегi падишасы, арудың iшiндегi аққуы, өз кезеңiнiң аса мәдениеттi, озық ойлы перизаты үнемi ел назарында болған. Сол кездегi бүкiл зиялы қауым өкiлдерi санаспай жүре алмайтын биiк рухтағы тәрбиелi жан он жыл бойы ғашықтықтың құрбанына айналып жүрген Iлиястың басына бақыт құсы болып қонады.
Шынын айтқанда, ол кез адам жанына үңiлетiн кез емес едi. Саяси қуғын-сүргiн науқаны басталып кеттi. Кеңес Одағының жүрегi болып соққан Мәскеуде жасалған жалмауыз жоспар дегенiне жетiп, қазақ зиялыларының көбi бiрiн-бiрi қаралап, күйелеп жатқан. Мәскеу саясаты бiздiң елдегi пасық ойға берiлген кейбiр ақын-жазушыларымыздың iшкi есебiн түгелдеуге сеп болды. «Халық жауы» болып Iлияс Жансүгiров ұсталып кеткенде, Фатима ханымның тұрған үйiн тартып алып, оны бала-шағамен Бейiмбеттiң шаңырағына зорлықпен көшiрiп апарып тастағандар да кездестi. Фатима сонда да сынған жоқ. Есiк алдына шашып-төгiп кеткен Iлияс жазбаларын жинап, жазықсыз жапа шеккендердiң мұң-мүддесiн өле-өлгенше қорғап өткен. Кейiннен тағдыр Мұхтар Әуезовпен табыстырып, аяусыз жаншылып, езiлген еңсесiн қайта көтеруге, ұлы күрестi ары қарай қайта жалғастыруға мүмкiндiк алады. Өзi де талай рет қуғын-сүргiн көрген Фатима Ғабитова қазақтың үш арысынан тапқан ұл-қыздарын ұлтымыздың озық ойлы азаматтары етiп шығаруға бүкiл ғұмырын сарп еттi.
– Мен өмiрiмде ол кiсiнiң жылап тұрғанын, көзiне жас алғанын көрген емеспiн. Тек айдауда Меркеде жүргенде Жәнiбек қаза тапқан кезде ғана жылағаны есiмде. Сондай күштi кiсi едi, рухы мықты болатын. Бiзге – балаларына аса қатты болды. Түнде кеш қайтсам, кiшкентай орындықпен ұратын менi. Жасым жиырмадан асып, күйеуге шыққанша менi солай қатты ұстады, – дейдi Iлияс пен Фатима ханымның қызы – Iлфа Жансүгiрова.
Бiләлдiң сүйген жары, Iлиястың мәңгiлiк махаббаты, Мұхтардың жан серiгi болған Фатима ханымға көз тiккендер аз болмады. Өйткенi, ол қалың құмның iшiнде жайқалып өскен жалғыз қызғалдақ едi. Оған көз салмаудың өзi күнә болатын. Ары таза, абзал жандар оның бұл кереметiн жасырмай айтып, жазып та кеткен. Мiржақып Дулатов бiр сөзiнде: «Өз өмiрiмде көрген сүйкiмдi сұлу – Бiләлдiң әйелi» деп бағалапты. Бiр жиында Фатима Ғабитованың сөзiне шыдамай шығып кеткен Ғани Мұратбаев Бiләлға «Тiлi соншама ащы әйелге шыдап тұрмас едiң, әттең көзi жiбермейдi-ау» десе керек. Ал адал да аңқау көрiнетiн Бейiмбет Майлинмен Фатима ханымның әзiлге құрылып жазылған айтыс өлеңдерiнен Бейiмбеттiң де көңiлi аңғарылып қалады. Айнала көз көп, бiрақ Фатима ханым жалғыз болатын. Оның бар арманы асыл ана болу едi.
– Ол кiсi бәрiн ықтиятты түрде жазып жүргенiмен қоса, үлкен ағартушылық жұмыстар да атқарды. Қазақ балаларына арналған жаңа мектептер туралы жазып, оның жан-жақты бағыт-бағдарларын көрсетедi, оқулықтар туралы ой айтады. Жансүгiровке қатысты «Құлагер», «Күйшi» туралы, оның музыкасы туралы мақалалар жазды. Шығармаларында қазақ халқының 20–30 жылдардағы бүкiл тұрмысын жiпке тiзгендей етiп көрсетедi. Ақтардың, тiптi қызылдардың жасаған зорлық-зомбылықтарын ашық айтқан. Фатима Ғабитоваға бiз озық ойлы зиялы қауым өкiлi ретiнде қарауымыз керек. Оның шығармаларын алып шығу әлi болашақтың iсi. Мен бұл кiсiнi, алдымен, ана деп бiлемiн. Бiздiң үш алыптан жетi бала тәрбиелеп өсiру кез келген әйелдiң қолынан келе бермесi анық. Сол уақыттарда ол туралы неше түрлi алыпқашпа сөздер айтылды. Соңынан ерген өсек бұл қоғамдық машина едi, таптағысы келдi. Ол бiреулердiң қызғанышынан, түсiнбеушiлiгiнен, тағдырға үңiлмеушiлiгiнен туған түсiнбестiк едi, – дейдi Фатима шығармаларын жинап, құрастырған ақын Аманхан Әлiм.
Бiләлдан – Азат пен Жәнiбектi, Iлиястан – Саят пен Болат, Үмiт пен Iлфаны, Мұхтардан қалған көз – Мұрат Әуезовтi өсiрiп-тәрбиелеу айтуға ғана оңай. Бұл жол – ғұмырлық күрес жолы едi. Бұл жолда Фатима Ғабитованың ғана емес, бүкiл қазақ зиялыларының басып өткен iзi жатыр. «Жүз көз берсе құдiрет, Жүзi де саған қарар ед» дегендi Ахмет Байтұрсынов, бәлкiм, көрегендiкпен жазған болар. Қалай десек те, Ахаң тек сыртқы сұлулыққа қызығатын жан емес. Ол Фатима ханымның iшкi дүниесiне үңiлгендей көрiнедi.