Елімізде 15-23 ақпан аралығында сауда нысандарында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша республикалық акция өткізілді.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде акцияның қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Акция аясында мегаполисте 120-дан астам профилактикалық рейд жүргізілді. Сауда объектілерін жалға алушыларға 2000 адамды қамти отырып, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді, 2800-ге жуық жадынама таратылды.
Департаменттің есебінде барлығы 215 сауда нысаны бар, оның ішінде 174-і СОСО, 40-ы базар, 1-уі жапсарлас сауда нысаны. Өткен жылы 37 нысанда тексеру жүргізіліп, нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының 700 бұзушылығы анықталды.
«Нұсқамаларды орындамағаны үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа ҚР ӘҚтК 462 - бабының 3-бөлігі бойынша бір материал жіберілді, қызметін тоқтатусыз 690 мың теңге сомаға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Жұматаев.
Сонымен қатар, «Кенжехан» және «Сәлем» базарларына жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша 30 бұзушылық анықталды. Жіберілген құқық бұзушылықтар үшін бизнес иелері ескерту алды.
Қалған 174 сауда нысаны мораторий мен жаңа реттеуші саясатқа байланысты тексерілмеген.
ТЖД хабарлауынша, өткен жылы сауда нысандарында 24 өрт тіркелген, зардап шеккендер мен құрбандар жоқ.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Е. Жұматаев бизнесмендердің өртке қарсы қауіпсіздік нормаларын бұзылуына жиі жол беретінін айтты.
«Негізінен, бізде автоматты өрт дабылының дұрыс жұмыс істемеуі, олардың болмауы, эвакуация жолдарында жанғыш материалдарды, қалдықтарды, қаптамаларды сақтау, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарының болмауы сияқты бұзушылықтарға жол беріледі. Бірақ бұл «Қауіпсіз сауда» акциясы сауда субъектілеріне өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін әкімшілік әсерінсіз түсіндіру үшін тек профилактикалық сипатта болады», - деп жауап берді ол.
Сондай-ақ, маман өрт болған жағдайда сауда орталықтарына келушілерге қалай әрекет ету керектігі туралы кеңес берді.
«Өрт болған жағдайда үрейге бой алдырмау керек және эвакуациялау нұсқаулары мен жоспарларына сәйкес әрекет ету керек. Біріншіден, өрт туралы өрт сөндіру бөліміне хабарлау, сондай-ақ ғимарат әкімшілігіне, адамдарға хабарлау. Әрі қарай қауіпті аймақтан шығып, өрт сөндіру бөлімшелерін күту керек», - деді Е.Жұматаев.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Дарын Мұқанов атап өткендей, сауда нысандарындағы өрттердің негізгі себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып жатады.
Соңында мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауға шақырды және бизнес иелеріне өздерін ықтимал өрттерден қалай қорғау керектігі туралы ұсыныстармен бөлісті:
- эвакуациялық жолдарға толтырып тастамау (бөгемеу);
- өрт дабылы жүйесінің жұмыс жағдайын бақылап отыру;
- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды тағайындау;
- өрт гидранттары мен өрт крандарында судың жоғары қысымын қамтамасыз ету.