Алматыда машина жасау саласы бойынша форсайт-сессия өтті

Алматыда машина жасау саласы бойынша форсайт-сессия өтті Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Машина жасау – технологиялық ілгерілеудің діңгегі. Бұл саладағы сұраныс тек бүгін ғана емес, болашақта да арта түспек. Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінде «2025 жыл - Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Машина жасау» саласы бойынша форсайт-сессия өтті.  

Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы мен Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімі қолдау көрсеткен іс-шараға білім беру ұйымдары мен өндіріс өкілдері, әлеуметтік серіктестер мен БАҚ өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Кулагер Метрострой» ЖШС өкілі Закиржан Шамурадов, «Мехэлектромонтаж» ЖШС-нің инженер-маманы Ермек Тұрсынұлы, колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері болды. 

Форсайт-сессияның басты мақсаты – машина жасау технологиясы, кең бейінді станокшы, токарьлық іс және металл өңдеу бағыттарындағы өзгерістерді талқылау, жаңа құзыреттіліктерге сай маман дайындау мәселелерін пысықтау.

Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің директоры Ардақ Коджахметова өз сөзінде: «Біз әрқашан әлеуметтік серіктестермен бірлесе жұмыс істейміз. Қазіргі таңда студенттердің 60%-ы дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алады. Бұл – болашақ маманның тәжірибе жинақтап, табыс табуға мүмкіндік алуы деген сөз. Бірқатар түлектер ай сайын 300-мың теңгеге дейін жалақы алады», – деді.

Форсайт-сессияда «Жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктер Атласы» негізінде ұсынылған жаңа мамандықтар да назардан тыс қалмады. Колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Мәкеева:

 – 2025 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшылар жылы» деп жариялауына байланысты біз бүгін жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктер атласына сәйкес машина жасау саласы бойынша форсайт-сессия өткізіп отырмыз.

Форсайт-сессияның басты мақсаты – қазіргі заманғы еңбек нарығына сай, болашақта сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтарды анықтап, оларды енгізу жолдарын талқылау. Атап айтқанда, машина жасау саласына қатысты мамандықтарды атластағы құзыреттіліктер негізінде бейімдеу және дамыту. Жаңа мамандықты енгізу – күрделі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын процесс. Ол үшін алдымен Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына толықтырулар енгізіліп, оқу бағдарламасын әзірлеу қажет. Алдағы уақытта бұл бағытта бірлескен жұмыс жалғасады», – деп атап өтті.

Машина жасау – өндірістің негізі. Бұл саладағы мамандарды заман талабына сай даярлау – тек колледждердің емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Ал форсайт-сессия – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Демек, ендігі міндет – ұсыныстарды жүзеге асырып, жұмыс беруші мен білім беру ұйымының байланысын нығайту болмақ.

Іс-шара соңында қатысушылар кәсіби пікірлерін білдіріп, өз ұсыныстарымен бөлісті.

Ермек ИМАМБЕКОВ, «Мехэлектромонтаж» ЖШС инженері:

– Қазіргі таңда токарь мамандығы аса өзекті. Жаңа технологиялар дамып жатқанымен, токарьлық станоктармен жұмыс істей алатын мамандар қажет. Техника 2–3 жылда бұзылуы мүмкін, сондықтан оны жөндейтін кадрларды алдын ала дайындауымыз керек.

Айтгүл АЛИБАЕВА, Алматы автомеханикалық колледжі директорының ОӨІЖ орынбасары:

– Білім беру барысында біз AutoCAD, Fusion сияқты қосымшалармен оқытамыз. Алайда өндірісте нақты қандай бағдарламалар қолданылатыны әртүрлі болуы мүмкін. Сол себепті ІТ саласында жаңа бағдарламалар жасау және оларды машина жасау саласына бейімдеу қажет деп санаймыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:53

19:10

17:33

17:12

16:57

16:53

16:36

16:20

16:10

15:44

15:41

15:30

15:16

15:02

14:16

14:11

13:01

12:56

12:35

12:29

12:10

11:44

11:32

11:30

11:25