Қазақ халқы адам қайтыс болғанда тек қара жамылып қоймай, терең мәні бар жоралғыларды орындап отырған. Бірі ұмытылды, бірі ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Аqshamnews.kz тілшісі этнограф Бердалы Оспанмен осы жөнінде тілдесіп, қазақтың өлімге қатысты салт-дәстүрі мен наным-сенімдерінің астарында үлкен мәдениет, тәрбие және рухани мән жатқанын тарқатты.
Бердалы Оспан
этнограф
Арыздасу – өлім алдындағы үнсіз келісім
Этнограф Бердалы Оспан адам қайтыс болғанда орындалатын бірнеше белгілі және көпшілік біле бермейтін жоралғыларды тізіп берді. Оның айтуынша, қазақ халқы өлімге де үлкен мәдениетпен қараған. Тіпті, кейбір салттар мен нанымдар сақ заманынан бері сақталып келеді.
"Арыздасу – сақтар заманынан келе жатқан салт. Геродоттың жазбаларында сақтар адам қайтыс болғанда денесін бальзамдап, арбаға таңып, ел аралатқаны айтылады. Бұл – туыстары қоштассын деген ниеттен туған. Қазіргі күнге дейін бұл жоралғының жұрнағы жеткен. Өлім аузында жатқан адам жақындарын жинап, кешірім сұрайды, аманатын айтып, жерлеу жайын тапсырады. Бұл – адамның өмірмен іштей бейбіт қоштасуына мүмкіндік беретін рухани тазарту сәті", – дейді этнограф.
Жоқтау мен естіртудің мәні неде?
Қазақта қаза тапқан үйде жоқтау айтылады. Осы жоралғыға қатысты көп арасында дау бар. Бердалы Оспан жоқтауды ер адамдар да айтатынын жеткізді.
"Жоқтау – қазақта тек әйелдерге ғана тән емес. Мысалы, Асанәлі Әшімов досы Құман Тастанбеков өмірден өткенже жоқтау айтқан. Бұл – жүрек даусы. Кімнің көңілі көтерсе, сол жоқтайды. Сол секілді қаралы хабарды қалай жеткізу де ертеден жүйеленген. Бұрын арнайы адам атпен ауыл-ауылды аралап, қайғылы хабарды естірткен. Майданнан қайтпаған жауынгердің досы марқұмның үйінің босағасын қылышпен түйреп өтетін болған. "Бұл – үнсіз естірту. Кейін ол күймен жеткізуге ұласты. Мәселен, «Ақсақ киік» күйі де – бір өлімнің үнсіз естіртілуі," – дейді этнограф.
Ақ, қызыл ту және көңіл айту әдебі
Қайтыс болған адамның жасына қарай үйге ту ілу де қазақта ерекше дәстүрге айналған. Бердалы Оспан оның мәнін былайша түсіндірді.
"Жас бала қайтыс болса – қызыл ту, үлкен кісі болса – ақ ту, ал орта жастағы адам болса – ақ пен қызыл ту қатар ілінген. Бұл – келген кісіге алыстан белгі беру. Сол сияқты қаралы үйдің алдында марқұмның туыстары таяққа сүйеніп тұратын болған. Бұл – кімнің жақыны кеткенін білдіретін ишара. Көңіл айтуға келген кісі сұрамай-ақ кімге жолығу керектігін осы тұрыстан түсінген" дейді Бердалы Оспан.
Этнографтың айтуынша, көңіл айтып келген кісіні шығарып салмау да – мәні бар тыйым. "Қайғыны бірге алып кетпеу үшін үй иесі сыртқа шықпайды", – дейді ол.
Сүйекке кіру мен аманат жерлеу
"Сүйекке кіру – адамды арулап жуындыру. Бұл – үлкен құрмет. Көбіне бұл іске марқұмның нағашысы, туысы немесе өзі аманаттап кеткен адам тартылады," – дейді этнограф.
Ал егер адам өз ауылынан жырақта қайтыс болса, аманат жерлеу рәсімі жасалады. Марқұмның денесін өгіздің терісіне орап, уақытша жерге қояды. Қыстың көзі қырауда болса, жер қатқан кезде дене ит-құсқа жем болмасын деп ағаш басына байланған.
"Көктем шыққанда сүйегі туған жеріне жеткізіліп, қайта жерленеді. Мұндай жағдай Алматыда қаза тапқан Абайдың ұлымен де болған", – дейді Бердалы Оспан.
Ат тұлдау мен жыртыс жырту
Қазақта қайтыс болған адамның атына мал атайтын болған. Мұны "ат тұлдау" деп атаған.
"Ат тұлдау – марқұмның атының кекілі мен құйрығын кесіп, оны бір жыл үйірге қосып жіберу. Кейін сол ат жылдық асқа сойылатын болған. Сол сияқты жыртыс жырту – марқұмның атынан мата тарату дәстүрі. Әсіресе үлкен жаспен кеткен адам болса, оның жасы жұғысты болсын деген ниетпен халыққа жыртыс үлестірілген" дейді этнограф.
Этнограф Бердалы Оспанның айтуынша, бұл жоралғылар – жай рәсім емес, ұлттың өлімге деген көзқарасын, тірі мен өлі арасындағы байланысты қалай ұғынғанын көрсетеді. Қай салттың да түбінде адамгершілік, сабыр, және өмірге деген құрмет жатыр.
"Қазақ өлімді қорқыныш емес, жауапкершілікпен қабылдаған. Өмірден өту – ақырғы сапар. Ал сол сапарды құрметпен шығарып салу – тіріге парыз, өліге құрмет. Өлі разы болмай, тірі байымайды деген сөз де бекер айтылмаса керек", – дейді этнограф.