Қазір дүкен сөрелерінде қаптаған тәтті сусындар көздің жауын алады. Әсіресе, қазіргідей аптап ыстықта салқын әрі тәтті сусын шөлді қандырып, сергектік сыйлайтындай көрінеді. Иә, әсері сондай көрінгенмен, тәтті әрі газдалған сусындарды жиі тұтыну уақыт өте келе денсаулыққа кері әсерін бермей қоймайды, дейді мамандар.
Сурет: shutterstock.com
Эндокринолог Гүлжан Аманбай газдалған тәтті сусындардың ағзаға зияны туралы бірнеше жылдан бері дабыл қағып келеді. Алайда бұл ескертуге құлақ асатындар саны аз. Бірақ бір стакан тәтті сусын денсаулыққа қандай қауіп әкелетінін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Қант соққысының соңы сорақы болуы мүмкін
Мәселен, бір ғана банка (330 мл) Coca-Cola құрамында 35 г-ға дейін қант болады. Бұл – адамның күнделікті тұтынуы тиіс мөлшерінен әлдеқайда көп. Мұндай сусындарды күнделікті ішудің салдары келесідей тізімдегідей кері әсерге жеткізуі мүмкін:
- Семіздік
- Инсулинге төзімділік және ІІ типтегі қант диабеті
- Тіс эмалінің бұзылуы
- Асқазан-ішек жолының бұзылыстары
Жасырын қауіптер: фосфор қышқылы мен кофеин
Тәтті сусындарда фосфор қышқылы мен кофеин де бар. Фосфор қышқылы ағзадан кальцийді «шаю» арқылы сүйек тінін әлсіретіп, остеопороз қаупін арттырады. Ал кофеин – тәуелділік тудыратын, жүйке жүйесін қоздырып, ұйқысыздыққа соқтыратын зат.
«Сіз Coca-Cola ішіп отырмын деп ойлайсыз, шын мәнінде, сіз ағзаңызды күн сайын қышқылға малып, оны тотықтырып жатырсыз», – дейді дәрігер.
Сусындағы pH деңгейі сірке суынан кем түспейді
Тәтті газдалған сусындардың рН деңгейі шамамен 2.5. Бұл дегеніміз – сірке суымен бара-бар көрсеткіш. Мұндай қышқылдылық:
Асқазанның шырышты қабатын тітіркендіреді, гастрит пен асқазан жарасының қаупін күшейтеді, ағзаны тотықтырып, оттегінің тасымалын тежейді
Дәрігердің айтуынша, дәл осы себептен тері құрғауы, шаштың ерте ағаруы, тістің үгітілуі, ерте қартаю және созылмалы аурулардың дамуы орын алады.
Жинақтық әсер – кейін кеш болмауы үшін
«Адам 13 жасынан бастап, қандай өмір салтын қалыптастырады, 25-30 жасында соның нәтижесін көреді. Кез келген нәрседе жинақтық әсері болады, өазір қалыптастырған әдеттің кейін әсері болмай қоймайды немесе не ексең, соны орасың», – дейді Гүлжан Аманбай.
Демек, маманның пайымынша, тәтті сусын ішуді ерте бастаған және оны үнемі тұтынған адамда 10-15 жылдан кейін инсульт, инфаркт, диабет, артрит, Альцгеймер аурулары туындауы мүмкін.
«Бір стакан тәтті сусын сіздің магний, кальций секілді пайдалы элементтеріңізді жағып жібереді. B тобы дәрумендерінің таусылуына алып келеді. Ал бұл – тікелей жасушаның оттегімен қоректенуін тежейтін фактор. Оттегі жетіспесе, ауру ағзада ұя салады», – дейді дәрігер.
Қауіп тек қантта емес
Тәтті сусындардағы көмірқышқыл газы да ағзаға зиянды. Ол:
- Іштің кебуіне
- Асқазан-ішек жолында қысымның артуына
- Іш қату немесе іш өтумен байланысты мәселелерге соқтырады.
Америкалық ғалымдар соңғы 30 жылда балалар мен жасөспірімдер арасында тәтті газды сусындарды тұтыну 23%-ға артқанын айтады. Бұл – семіздіктің де артуына себепші басты факторлардың бірі.
Дәрігер Гүлжан Аманбайқызының болжамынша, егер жағдай өзгермесе, алдағы 3-4 жылда балалар эндокринологына ұзын-сонар кезек пайда болмасына кепілдік жоқ.
Судың орнын баса алмайды
Көпшілік тәтті сусынды ауыз судың орнына ішеді. Алайда бұл ағзаны сусынданып жатқандай көрсетіп, шын мәнінде сусыздануға әкеледі. Дәрігердің сөзімен айтсақ, бұл – «қанша ішсең де, шөлдің қанбауы».
Не істеу керек?
- Ауызсу немесе минералды су ішуді дағдыға айналдыру
- Тәтті сусындардан біртіндеп бас тарту
- Бала жастан пайдалы әдеттерге баулу
- Газдалған сусындардың ағзаға тигізер кері әсерін білу
«Тәтті сусын – адамзаттың қас жауы. Одан бас тарту – ең қарапайым, бірақ ең маңызды қадам», – дейді дәрігер.