Былтыр жыл соңына таман мегаполисте Ерте араласу әлеуметтік қызметтер орталығы ашылып, жұмыс істей бастаған болатын. Аз уақыт ішінде біраз жұмысты еңсеріп те тастады. Енді бүгін сол орталықтың лентасы салтанатты түрде қиылды.
Демек толыққанды іске кірісті деген сөз. Кабинеттері де толық жарақталған. Кең әрі жап-жарық.
Алматы қаласында ерте араласу бағдарламасын іске асырудың тетігі 2023 жылы өткізілген пилоттық жобаның нәтижелері мен үкіметтік емес ұйымдардың, атап айтқанда «Кеңес», «АРДИ» және «Дара» қоғамдық қорларының құнды тәжірибесіне негізделген.

Иә, шаһарда балалар орталығы, оңалту орталықтары аз емес. Дегенмен Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайтын біз айтып отырған орталық бәрінен өзгеше десек қателеспейміз. Бірегейлігі сол – Алматы қаласының әкімі бекіткен регламент негізінде денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау басқармалары үштік одақ ретінде өзара тығыз байланыста жұмыс істеуді көздеп отыр. Яғни осы үш ведомоство өкілдері ертеңгі күні кеш болып қалмау, мүгедектіктің алдын алу үшін, кішкентай балдырғандардың өмірінің ең маңызды деген осынау даму кезеңінде физикалық, когнитивті, эмоционалды және әлеуметтік жағынан кәсіби қызметтерді бірлесіп көрсетуге ниетті.
«Орталықтың ашылуы – ертерек, дер шағында көмек көрсетілуі тиіс балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдауды дамытудағы маңызды қадам. Біз бірлескен күш-жігермен әрбір баланың лайықты болашағын қамтамасыз ете алатынымызға сенімдіміз», – деді салтанатты жиында сөз сөйлеген Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Бүгінде аталған орталыққа дамуында кешеуілдеу байқалған, аутизм, ЗПР диагнозы қойылған 130 бала келіп жүр. Өрендердің игілігі үшін логопед, педиатр, физиотерапевт, психолог, арнайы педагог, әлеуметтік қызметкерлерден құралған, 30 адамнан тұратын үйлесімді топ жұмыс істейді. Бұл – үлкен күш.
«Ұлымның қатарластарына қарағанда өзгешелеу екенін бір ай бұрын ғана байқадық. Дереу дабыл қақтық. Тіркелген емханамыздың дәрігері осы орталық туралы айтты. Мұнда келгенімізге екі-ақ күн болды. Дегенмен, орталықтағы жылы аура, бәріне жүрегін алып жүгіруге дайын жылы жүзді мамандар мені бірден баурап алды. «Бүгін қалай ұйықтап тұрдыңыздар?», – деп жай ғана амандық-саулық сұрасуының өзі бойыңа қуат береді. Мұнда баланы дамытуға деген ықыласы жоғары мықты мамандар жасақталған десем, қателеспеймін. Алматы әкімдігіне рахмет, бізге осындай тегін орталық ашып берген! Біз секілді ата-аналарға демеу болу миисиясын да қоса атқарып жүрген жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді екі жасқа таяп қалған Ясиннің анасы Арайлым.

Орталықтың ашылу салтанатында сыйлыққа кенелген балалардың да қуанышында шек жоқ. Үлкен-кіші бірге қуанып жүр десек те артық айтқандық емес.
«Орталыққа төрттегі Әминамды әкеліп жүрмін. Жиенім ғой. Әке-шешесі жұмыста, сондықтан оларға қолдау көрсетіп, тіреу болғым келеді. Әминама қарап кейде мұңайып та қалатын сәттерім болады. Әлі сөйлемейді. Қатты, оқыс дауыстардан шошып, жылап жібереді. Бұрын өте мазасыз болатын. Қазір осы орталықтан АВА терапиясын алып жүрміз. Нәтиже бар. Әминамның кішкентай жетістігінде осы орталықтың әрбір қызметкерінің үлесі бар деп санаймын. Айтпақшы, бізге алдағы уақытта таксимен жүру тегін болады екен. Бірақ балапанымды қазірден әдейі қоғамдық көлікпен алып жүремін. Себебі, оған адамдармен жанды қарым-қатынас һәм айналасындағы құбылыстарды сезінуі керек деп ойлаймын. Екі жарым жасынан осылай жетектеп келемін. Ол үшін шаршамаймын», – дейді зейнеткер Зиягүл Мұқашқызы.