Қоқысқа айналған өмір: ескі-құсқыны жинай берудің мәні мен себебі неде?

Қоқысқа айналған өмір: ескі-құсқыны жинай берудің мәні мен себебі неде? Сурет: qazaquni.kz

Бүгінгідей бәрі жеткілікті заманда істен шыққан, керексіз дүниені жинай беретін жандар айналамызда аз емес. Мейлі ол киім болсын, ыдыс, жиһаз немесе ұсақ-түйек заттар болсын. Ескі-құсқыны тастауға көз қимай, өзіндегі бар дүние-мүлкі аздай, өзгенің қажетсіз деп тастағанын да үйге таситындар да табылады. Сырт көзге еш сөкеттігі жоқ болып көрінгенмен, мұндай әдет байқаусызда психологиялық дертке ұласуы мүмкін екенін білдіңіз бе? Кей заттардан бас тарту неге соншалық қиын? Бұл сұрақтың жауабын Aqshamnews.kz тілшісі іздеп көрді.

Кейбір адамдар үшін мұндай дүниелер жай ғана кезінде қолданған зат  немесе естелік болса, енді біреулер үшін оларды тастау - үлкен күйзеліс, тіпті қорқыныш тудырады. "Керек болып қалар", "бір кәдеге жарар" деген оймен жиналған заттар бұрыш-бұрышты біртіндеп толтырып,  адамның өмір сүруіне қажет кеңістікті үйге емес, үйіндіге айналдырады. 

Шамадан тыс қажетсіз заттарды "жинай беру" уақыт өте үйді қоқыс алаңына айналдыруы, ал оны жасаған адамның өзі  психологиялық дертке ұшырауы мүмкін. Халық арасында мұндай дерт "Плюшкин синдромы" деп аталып кеткен. Ал ғылыми атауы  - хоардинг (ағылшынша hoard - "жинау, қор жасау"). Бір өкініштісі, осындай синдромы бар адамдар мұндай әрекетімен сау адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіреді. Жақында Атырау қаласында болған мына жағдай "жаға ұстатты". Үйін антисанитария талаптарына сай келмейтін жағдайға жеткізген отбасы кішкентай баласын адам тұрғысыз жағдайда өсіріп келген. 

Осыған ұқсас тағы бір жағдай ай ішінде Павлодар қаласында да болды. Көрші пәтердің жылу құбыры қатып, істен шыққаннан кейін, тұрғындар мәселенің мән-жайын анықтау үшін әлгі үйдің есігін қағады. Жауап болмаған соң, полицияға жүгініп, пәтерге тәртіп қызметкерлерінің көмегімен кіреді. Аяқ аттап басатын жері жоқ пәтерде жиналған қоқыр-қоқсықтың көптігі соншалық, тіпті төбеге дейін жеткен. 

Плюшкин синдромы дегеніміз не?

Бұл атау  орыстың жазушысы Н. В. Гогольдің "Өлі жандар" шығармасындағы  Степан Плюшкин есімді кейіпкермен байланысты. Бір кездері ақылды әрі шаруақор болған ол шығарма желісі бойынша әйелінің қазасынан кейін бар болмысын «жоғалтып» алады. Өз балаларымен араздасып, нағыз сараңға айналады.

Қазір "Плюшкин" деп қажетсіз заттарды жинап, оларды тастай алмайтын немесе тым көп үй жануарларын ұстайтын адамдарды айтады.

Гогольдің нұсқасындағы кейіпкерді жазушы былай суреттейді:
"...оған не кездессе де: ескі табан, жыртық шүберек, шеге, сынған ыдыс - бәрін үйіне тасыды..."

Бұрын бұл синдром обсессивті-компульсивті бұзылыстың бір түрі деп саналса, қазір ол дербес ауру ретінде жіктеледі.

МКБ-11 халықаралық аурулар классификациясында Плюшкин синдромы 6B24 - "Жинақтау бұзылысы" деп белгіленген.

Әлем халқының шамамен 2,5%-ында хоардинг белгілері бар, ал аурудың ауыр түрі әрбір 50-ші адамда кездеседі.

55 жастан асқандарда бұл синдромның даму қаупі 20–30 жастағыларға қарағанда үш есе жоғары. Десе де, бұл дерт тек егде жастағы адамдарда ғана кездеседі деуге негіз емес. 

Дүниеқоңыздыққа парапар бұл әдет жыныс талғамайды. Ерлер мен әйелдердің оған ұшырауында айырмашылық жоқ. "Плюшкин" синдромына:

  • жалғыз тұратын адамдар,
  • жақын туысын жоғалтқандар ұрынғыш келеді екен.

"Плюшкин синдромы" мен  коллеция жинаудың айырмашылығы қандай?

Зат жинай беретін адамның бәрінде  патология бар деуге келмес. Белгілі бір зат түрлерін ғана жинайтын адамдар бар. Олар - коллекционерлер. Коллекционерлердің айырмашылығы - өз заттарын жүйелеп, күтіп ұстайтындығында және олардың коллекциясының объективті құны бар. Ал "Плюшкиндердің" жинағандары пайдасыз қоқысқа айналады және оның қашан іске асып, пайдаға жарайтынын өздері білмейді. 

"Плюшкинге" ұқсас синдромның  тағы бір түрі – Диоген немесе кәрілік әлсіздігі

Диоген синдромы да артық зат жинай берумен сипатталады. Мұндай адамдар қоқыс тастайтын жерлерден немесе контейнерлерден заттар жинайды. Психикалық патология саналатын бұл дерттің негізгі белгілері - өз сырт келбетіне және денсаулығына мүлде немқұрайлы қарау, ұқыпсыздық, енжарлық және тұйықтық.

Диоген синдромына шалдыққан адамдар айналасындағыларға бейжай қарайды және олардың тұрмысына араласуға бағытталған кез келген әрекетті өзіне жауласу деп қабылдайды. 

Сонымен "Плюшкин синдромы" неден пайда болады? 

Биологиялық факторлар

2004 жылы Айова университетінің ғалымдары мидың префронталды қыртыс аймағының зақымдануы (мысалы, жарақат немесе операциядан кейін) жинай беру әдетін тудыратынын анықтаған.

Психологиялық факторлар

Бұл синдром көбіне келесі аурулары бар адамдарда дамиды:

  • Зейін жеткіліксіздігі және гипербелсенділік синдромы,
  • обсессивті-компульсивті бұзылыс,
  • шизофрения,
  • күйзеліс.

Сонымен қатар,  пениафобия – кедейліктен қорқатындар да осындай ауру белгілері болуы мүмкін.  Себебі бала кезінде кедейлік көрген адам кейін қажетсіз заттарды «керек болып қалар» деп сақтауы мүмкін.

Әлеуметтік факторлар

Кей адамдарды ата-анасы "ештеңені тастама, бәрі керек" деп тәрбиелейді. Бұл кейін патологиялық "жинай беру" ауруына апаруы мүмкін.  Сондай-ақ ұзақ уақыт жоқшылықта  өмір сүрген адамдар да осы әдетті қалыптастырады.

Синдромның белгілері:

  • Қажетсіз заттарды шамадан тыс жинау (тек сатып алу емес, қоқыстан табуы да мүмкін).
  • Заттардан бас тарта алмау
  • Үйдің толып кетуі, қозғалу қиындығы.
  • Тұйықтық, ашушаңдық, күдікшілдік.
  • Проблеманы мойындамау.

Жануарларды да "жинай беретіндер" бар

Кей адамдар жауапкершілік пен шамасына қарамай,  үй жануарларын да тым көп қылып асырап алатындар бар, бірақ оларға тиісінше күтім көрсете алмайды.

Мұндай иелер:

  • қамқоршылар,
  • құтқарушылар,
  • көбейтуге тырысқандар,
  • өздерін жақсы көрсеткісі келетіндер болып бөлінеді.

Нәтижесінде үйде антисанитария мен аурулар тарайды.

Психикалық ауруға саналғаннан кейін артық қоқыр-қоқсықты жинай беру дертінің де белгілі бір кезеңдері бар: 

  • 1-кезең - қоқыр-қоқсық аз, иіс жоқ, зиянкестер жоқ.
  • 2-кезең - шығатын жолдың бірі  жабылған, жануарлардың ізі бар.
  • 3-кезең - Заттың шамадан тыс көптігі сондай, тіпті,  үй сыртына дейін шығып кеткен, ас үй мен дәретхана лас.
  • 4-кезең - Үйде шіріген тағам, дәрет сындырған орындар, паразиттер бар.
  • 5-кезең - Үй толығымен қоқыс тастайтын орынға айналған, жануарлар қауіпті, дәретхана мен су істемейді.

Синдромның қауіпті тұстары:

  • Жарақат алу қаупі (қоқыс арасынан өту кезінде).
  • Антисанитария, инфекциялар.
  • Жәндіктер мен кеміргіштердің көбеюі.
  • Өрт қаупі.
  • Өлім қаупі (қоқыс астында қалып қою).

Бұл дерт диагнозын психиатр қояды. Оны анықтау үшін қажет болса, МРТ немесе КТ (ми жарақаттарын анықтау үшін) жасайды. Жануарлар болған жағдайда, инфекциялық талдамалар жасалады. Әңгімелесу кезінде пациентке тікелей сұрақтар қойылады және үй жағдайы бағаланады.

Психиккалық ауруға саналатын бұл дерттің дауасы бар ма? 

Негізгі әдіс - когнитивті-мінез-құлық терапиясы (КМТ).

Мақсаты:

  • ауру себептерін түсіну,
  • заттардың нақты қажеттілігін бағалау,
  • артық заттардан бас тартуға үйрену,
  • тазалық пен тәртіп дағдыларын дамыту.

Қажет болғанда антидепрессанттар мен тыныштандыратын дәрілер тағайындалады.
Туыстар тарапынан жақсы қарым-қатынас пен қолдау өте маңызды.

Кез келген аурудың алдын алуда айтылатын кеңестер бұл синдромды да айналып өтпепті. Бұл дерттің алдын алу үшін:

  • белсенді өмір салты,
  • дұрыс тамақтану,
  • ұйқының жеткілікті болуы (8 сағат),
  • дене жаттығулары,
  • есте сақтау мен ойлауды дамыту (өлең жаттау, тіл үйрену) қажет.

Қысқаша айтқанда, Плюшкин синдромы - бұл жай ғана керексіз заттарды "жинап-таси беру" емес, адамның өміріне және денсаулығына нақты қауіп төндіретін психикалық ауру. Бұл дертке кереғар келетін тағы бір синдром бар. Ол шектен тыс тазалыққа әуестік.  Мұндай әдет те психикалық ауытқудың белгісі болуы мүмкін, дейді психологтар.

Лондон психотерапия мектебі мамандарының зерттеуіне сай, адам өз сезімін мойындамаған сайын, оның бойында  іштей мазасыздық пайда болады. Ал ол өз кезегінде, тазалыққа деген обсессивті мінез-құлық арқылы көрініс табады.

Тіпті бұл жағдайдың  рипофобия деген ғылыми атауы бар, яғни лас нәрседен үрейлену. Бұл дертке шалдыққандар қоршаған заттарға қол тигізуге қорқады немесе тазалыққа тым беріліп кетеді. Психологтардың айтуынша, рипофобия әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде кең таралған.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:45

17:30

17:15

17:01

16:44

16:33

16:21

16:13

16:01

15:45

15:30

15:21

14:52

14:37

14:24

14:19

14:15

12:40

12:29

12:19

12:07

11:52

11:36

11:28

11:03