Алматы әкімі "Таза Қазақстан" бастамасын жүзеге асыруға жастарды көптеп тартуды тапсырды, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен "Таза Қазақстан" жалпыреспубликалық экологиялық науқанын жүзеге асыру мәселесі бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Жиында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігі және алдағы уақыттағы басым бағыттар, соның ішінде тұрғындарды экологиялық акцияларға тарту мәселелері талқыланды.
Жастардың экологиялық бастамаларға көптеп қатысуына ерекше назар аударылды. Қала басшысы атап өткендей, дәл осы буын қаладағы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мен тұрақты тазалық мәдениетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Айта кетейік, Алматыда жастарды тарту мақсатында еңбек жасақтары, еріктілер қозғалысы, "Жасыл ел", "Экорейнджерлер" жобалары, студенттік қауымдастықтар мен комьюнити-орталықтар қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен белсенді жұмыс істеп жатыр.
"Жасыл ел" аясында 2 мыңнан астам жас сенбіліктер мен танымдық іс-шараларға қатысты. 144 000 жасыл жасыл желек тексеріліп, 35 рұқсатсыз қоқыс алаңы анықталды. Комьюнити-орталықтар шағын экохабтар ретінде жұмыс істеп, тұрақты тұтыну мәдениеті мен ресурстарды ұқыпты пайдалану әдетін қалыптастырып отыр. Бұл бастамаларға 15 мыңнан астам алматылық жас қамтылған.
"Таза Қазақстан" акциясы басталғалы Алматыда 170-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, 35 мыңнан астам адамды қамтыды. Қала тұрғындары сенбіліктерге, экологиялық рейдтерге және өзге де жобаларға белсенді қатысып келеді.
Сонымен қатар кері байланыс үшін цифрлық құралдар іске асырылуда. Биыл шілдеде TazaQazBot платформасы арқылы қала тұрғындарынан 305 өтініш түсті. Олардың басым бөлігі шешімін тапты. Қазір санитарлық тазалау, қоқыс шығару, ағаштарды кесу мен бұтау, суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жасыл қорды бақылау және проблемалық аумақтарды ретке келтіру жұмыстары қатар атқарылып отыр.
Дархан Сатыбалды "Таза Қазақстан" бір реттік акция емес, жаңа қала мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс екенін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша Алматы әкімі жастардың атсалысуын күшейтуді, креативті форматтар мен цифрлық бастамаларды қолдауды, аумақтардың санитарлық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуді және халық арасында TazaQazBot платформасының қолданыс аясын кеңейтуді тапсырды.