Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекеттік кірістер департаменті басшыларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Брифинг барысында жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер талқыланды. Басты жаңалықтардың бірі – есептілікті уақытылы тапсырмаған жағдайда декларация автоматты түрде нөлдік көрсеткіштермен жабылуы, салықтық режимдер бойынша іздеу жүйесінің енгізілуі, ҚҚС есептеу мен өтем тәртібінің өзгеруі, сондай-ақ салық төлеушілерге сервистік сүйемелдеу қызметінің дамуы. Бұл шаралардың барлығы салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және есеп беру кезінде қателіктерді азайтуға бағытталған.
Алматы қаласы бойынша МКД-нің жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды әкімшілендіру басқармасының басшысы Нурлыбек Успановтың айтуынша, жалпыға бірдей белгіленген және арнайы салық режимдерінің басты айырмашылығы салық салу тәсілі мен шығындарды есепке алу тәртібінде жатыр.
"Жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша кәсіпкер өз шығындарын есептеп, тек салық салынатын табысынан ғана салық төлейді. Ал оңайлатылған режимде салық жалпы табыстан есептеледі", – деді ол.
Қосылған құн салығын есептеу мен өтем тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Тікелей салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Дарын Ибрахимнің айтуынша, салық мөлшерлемесі шот-фактураның жазылған уақытына байланысты болады.
"Егер шот-фактура 2025 жылы жазылса, мөлшерлеме 12% құрайды, ал 2026 жылдан бастап – 16%. ҚҚС өтемге алу сол операция жасалған күнгі мөлшерлеме бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап бірыңғай өтем алу күні енгізіледі – бұл тауар, жұмыс немесе қызмет алынған күн болып саналады", – деп атап өтті Дарын Ибрахим.
Жаңа ережелерге көшу процесін жеңілдету мақсатында МКД кеңес беру қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр.
"Салық кодексінде "сервистік топ" ұғымы енгізілді. Енді салық төлеушілер тіркеуден бастап, қызметін тоқтатқанға дейін кеңес беру, түсіндіру және есептілікті толтыру кезінде көмек көрсету түріндегі жан-жақты қолдау алады ", – деді Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Бақытгүл Сейтова.
МКД Алматының түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін кеңес алу жолдарының көбейгенін атап өтті.
"Барлық мемлекеттік кірістер басқармаларында кеңес беру орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар біз әлеуметтік желілер арқылы да белсенді байланыстамыз, тікелей эфирлер өткізіп, азаматтардың сұрақтарына жауап береміз", – деді ол.
Жақын уақытта Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында салық режимдері бойынша іздеу жүйесі іске қосылады. Бұл құрал кәсіпкерлерге өз серіктестерін тексеріп, оларды шегерімге қоспас бұрын сенімді болуға мүмкіндік береді.
"Мұндай сервис қазіргі таңда ҚҚС төлеушілер бойынша жұмыс істейді, енді оның аналогы салық режимдері үшін де пайда болады", – деді Бақытгүл Сейтова.
Салық есептілігі де жаңартылмақ. Егер салық төлеуші декларацияны уақытында тапсырмаса, жүйе автоматты түрде нөлдік көрсеткіштермен есепті қалыптастырады. Бұл ретте мерзімінен кеш тапсырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталады.
"Егер есеп кейінірек қағаз түрінде – пошта немесе ХҚКО арқылы тапсырылса, жүйе нөлдік декларацияны жаңасымен алмастырады. Алайда бір жыл бойы есеп тапсырмаған тұлғалар „белсенді емес салық төлеушілер“ мәртебесінде қалады", – деп түсіндірді Бақытгүл Сейтова.
Сондай-ақ көлік, жер және мүлік салығы бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді есептеу алынып тасталады. Ал акциз және хабарлама негізіндегі қосымша есеп түрлері жаңа "хабарлама бойынша салық есептілігі" формасымен біріктіріледі.
Сонымен қатар салық төлеушілерге өздерінің қызмет түрлерін растайтын ОКЭД кодтарын тексеріп, жаңартуға кеңес берілді.
"Мысалы, кейбір шағын дүкендер өз қызметін дұрыс емес кодпен – ларек немесе киоск саудасы ретінде көрсетіп жүр. Мұндай сәйкессіздіктерді болдырмау үшін кәсіпкерлерге „eLicense“ порталы немесе ХҚКО арқылы ҚЭДК (ОКЭД)-терін өзектендіруді ұсынамыз", – деді Бақытгүл Сейтова.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жаңа цифрлық сервистер мен есептілікті автоматтандыру жүйесі салық салу үдерісін айқын, ыңғайлы және барлық салық төлеушілер үшін түсінікті ететініне сенімді.