ffin.kz

«Соңғы үкім»: Ахаң заманының ақиқаты 

«Соңғы үкім»: Ахаң заманының ақиқаты  суретті түсірген автор

Кеше Алматыда көрнекті ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов жөнінде түсірілген «Соңғы үкім» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Толықметражды тарихи драма премьерасына өнер және мәдениет қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, жалпы, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Фильмді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Фольклор-медиа» студиясы түсірді. Түсірілім жұмыстары пандемия кезінен басталған картинаны экрандауға үш жылға жуық уақыт кеткен. Премьера алдында: 

– Ахаң туралы кино жоба басталған кезде мен өзім осыншама ұзаққа созылатын жұмыс болады деп ойлағам жоқ. Сол кезде «аман-есен бітіріп, еңбегіміздің нәтижесін көріп, көрермен назарына ұсынсақ» деп армандап едік. Міне, енді сол күнге, сол сәтке жеттік. Енді қобалжып тұрмын. Баласын алыс сапарға ұзатып салып, артынан қобалжып қарап тұратын ата-ана болады ғой. Дәл қазір мен де сондай бір күй кешіп тұрмын. Қалай болады, көрермен қалай қабылдайды?.. – деп толқи сөйледі фильмнің сценарий авторы әрі продюсері, белгілі қаламгер Ғалым Доскен.   

Автордың айтуынша, фильмнің түсіріліп бітіп, монтаждалғаннан кейінгі нұсқасы 3 сағатқа жуық болған, кинотеатр үшін 2 сағатқа лайықталған. Картина Алматы, Семей қалаларында, Жетісу облысында, далалық көріністердің көбі Абай өңірінде әр маусымда түсірілген. 

«Ахмет Байтұрсынов. Соңғы үкім» деп аталғанымен, фильм тек бір ғана тұлға туралы емес. Мұнда жалпы, қазақтың ұлттық интеллигенциясының алғашқы легі, солардың арманы мен көксеген мақсат-мұраты бейнеленген. Көрнекті қайраткердің қиын тағдыры арқылы сол кездегі қазақ интеллигенциясының сөйлеу мәдениетінен бастап, киім киісі, жүріс-тұрысы, өзара қарым-қатынасы да қылаң береді. Шығармашылық топ Ахаң мен оның қатарластары, мұраттас серіктері ғұмыр кешкен кезеңнің тарихи шындық ауқымынан алыс кетпеуге тырысқан.  

– Алаш арыстары ақталғаннан бергі 36 жылдың ішінде қазақ тарихнамасында, әдебиеттану, тілтану ғылымдарында Ахмет Байтұрсынұлы туралы өте үлкен деректер басылды, көптеген зерттеулер болды. Тарихшылардың да Алаш қозғалысы туралы керемет кітаптары шықты. Оның сыртында кейбір фактілерді нақтылау үшін біз архивтерді, өзіміздегі, көрші елдердегі тарихшылардың да еңбектерін қарастырдық. Шынын айтқанда, өте үлкен деректік массивті түсіруге тура келді. Бұл ретте, біздің 5 бірдей кеңесшіміз болды. Барлығы – белгілі мамандар, тарихшылар, әдебиетшілер. Сондай-ақ, біз Ахаң туралы ғана емес, Алаш туралы, көрші Ресей империясындағы қазақ даласына қатысты заңдарды, ережелерді, әртүрлі басқа да құжаттарды тереңірек қарауға мәжбүр болдық. Одан бөлек, Ресей империясындағы, кейінгі совет дәуіріндегі неке туралы заңдардан бастап, түрменің ішінде жүріп-тұру ережесі, жауап алу, жауап беру, соттау деген сияқты жоралардың үлкен жинақтарын, кодекстерін қарап шықтық, – дейді Ғалым Доскен. Автор сондай-ақ фильмде әсіре пафосқа, жалындаған ұранға жол берілмегеніне, есесіне, сол кездің қарапайым шындығын көрсетуге көңіл бөлінгеніне назар аудартты. 

Ал фильмнің атауына қатысты, көпшілік көкейіндегі: «Неге Байтұрсынұлы емес?» деген сауалға орай, Ғалым Доскен кейіпкердің сол кездегі барлық ресми құжаттардағы есім-сойы -ов жұрнағымен жазылғанын әрі ұсталып, тергелгенде де, 50 жылдан кейін ақталғанда да фамилиясы солай рәсімделгенін, сол себепті, тарихи шындыққа қиянат жасамау мақсатында «Байтұрсынов» деп алынғанын айтты. 

Фильмде басты рөлде танымал актер Азамат Сатыбалды, ал ақынның жары Бадрисафа рөлін Дарья Александрова ойнаған. Әлихан образын Айдар Наурызбаев, Міржақып бейнесін Еркебұлан Дайыров кейіптеген. Қоюшы режиссерлері: Ерген Тоқмурзин, Ерлан Нұрмұхамбетов. 

Кинодрама бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеарларында көрсетіледі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52