Қаладағы әрбір ғимараттың өз тарихы бар. Ал киіз үй тәріздес салынған Қазақ мемлекеттік циркіне бас сұқсаңыз өзінің ерекше дизайны өзіне тартып алып кетеді. Тіпті, талайларды таңдандырған өнер адамдарымен әңгіме құрсаңыз талай қызыққа толы әңгімелерге қанығасыз. Әрине, мұндай сырлы әңгімелер танысу мақсатында барған бізді одан сайын ынтықтыра түсті. Бүгін осынау сиқырлы мекеменің сырына қанығу мақсатында арнайы барып, мекеме жайында аз-кем әңгімелесіп қайттық.
Цирк ішіне енуіміз сол еді, өнер ордасының басшысы Қазақ мемлекеттік циркінің басшысы Мақсат Маратбекұлы Жаиков кездестіріп алды. Содан алдымен ұжымның ардагері, Мәдениет қайраткері Өмірбек Тазабекұлы Исабековпен пікірлесуді ұсынды. Ардагер сөздің басын цирк тарихынан бастап кетті.
- Жалпы қалада цирк салу ісі 1960 жылдардың аяғында қолға алынды. Енді оны қалай салу керек? Ғимарат ақыр салынған соң осал болмауы тиіс болды. Сондықтан сол кездегі атақты архитектор Владимир Кацевке осы жүк жүктелді. Ал архитектор цирк жұлдыздары Юрий Никулинмен, Игорь Киомен, Вальтер Запашныймен кеңесе отырып сызды. Ю.Никулиннің ұсынысы бойынша көрермендер әртістерді жақсы көруі үшін залда тек 17 қатар орындық жасалды. Бірегей архитектор В.Кацев сызып шыққан арена да ерекше мықты болды. Ол енді сол кездің ерекше дизайны болды.
Бірақ бір мәселені айтуымыз керек. Ғимарат Ашхабад циркінің көшірмесі бола жаздады. Мәселені Дінмұхаммед Қонаевтың араласуымен киіз үй кейпі берілген еді.
Осылайша құрылысы басталған Қазақ мемлекеттік циркі 1970 жылы Қазақ КСР халық әртісі Г.Ғалиева жетекшілігімен құрылды. Бұл өнер ошағының ашылуы қазақ циркінің жаңа кезеңін бастады, себебі 1972 жылы цирктің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастады. Бұл ғимарат қазақ циркінің өнерін дамытудың маңызды кезеңі болды, әрі ұлттық цирк өнерінің өркендеуіне ықпал етті.
1972-1978 жылдар аралығында Қазақ циркі ұлттық бояуы қанық бірнеше бағдарлама дайындады. Бұл бағдарламаларға «Жылқышылар», «Қыз қуу», «Ат ойыны», «Жер жәннаты», «Байқоңыр», «Атамекен», «Космос симфониясы» сияқты көптеген шығармалар кірді. Сонымен қатар, цирктің репертуарында «Түйелер мен аюлар аттракционы», «Шығыс ойыны» (режиссері А. Ысмағұлов), «Акробатикалық аңыз» (режиссері Н.К. Винник) және «Тың», «Медеу» сияқты новеллалар да орын алды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін цирк әлемінде жаңа бағдарламалар пайда болды. Олардың қатарында «Сиқырлы киіз үй», «Азия жұлдыздары», «Аяз Атаның компьютерлік ойындары», «Цирк қойыртпағы», «Жаңа жылдық думан» және «Үш жуан» атты бағдарламалар ұсынылды.
Ал енді осындай қойылым дайындаған біздің ұжым бірнеше халықаралық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін айтуымыз керек. 1978–1982 жылдары Бүкілодақтық цирк өнерінің байқауында жеңімпаз атанды. Ал 1983 жылы Прага қаласында ұйымдастырылған халықаралық байқауда Мұрат және Елизавета Жұмағалиевтер Эдуарде Бассе атындағы бас жүлдені иемденді.
1990 жылдары гастрольдік сапармен Қытай, Польша, Франция, Бельгия, Жапония, Германия, АҚШ, Аустралия елдеріне барып, өнер көрсеттік. Ал енді бертін 2000 жылдары Верона (Италия), Монте-Карло мен Қытайдағы халықаралық цирк фестивальдерінде өнер көрсеткен ұжымымыздың өнеріне қалың жұрт тәнті болды. Ол жақтанда құр қол қайтқан жоқпыз. Жеңімпаз атандық.
Жалпы Қазақ мемлекеттік циркінің тарихы мен жетістіктері ұлттық өнеріміздің дамуына зор үлес қосып келеді. Негізі, бүгіндері қазақ циркін әлемге танылдық және осы салада жүрген өнер адамдарын өзіміздің үздік қойылымдарымыз арқылы мойындаттық десем артық айтпаған болар едім, - деп тоқтады цирк ардагері Өмірбек Тазабекұлы.
Ал өнер ордасының басшысы Мақсат Маратбекұлынан бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында аз-кем сұрағымызды қойдық.
Қай елдерге бардыңыздар?
- Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен біздің цирк ұжымы 30 жылдан кейін халықаралық гастрольдік қызметті жандандырғанын мақтанышпен атап өтуге болады. 2023 жылдың күзінде Тбилисиде және Душанбеде «Әлем күмбезі астындағы цирк» гастрольдік бағдарламасы ұйымдастырылды. Сол жаққа барып, өнерімізді көрсетіп қайттық.
Белсенді гастрольдік сапар 2024 жылы да жалғасын тапты, өткен жылдың көктемінде Алматы циркінің шығармашылық ұжымы Астана, Қарағанды қалаларына гастрольдік сапармен барып қайтты, сонымен қатар Тбилиси мемлекеттік циркінде «Magic Show» атты толық ауқымды цирк бағдарламасы аясында қойылым қойып қайттық.
Қай елдердің өкілдері келді?
- Бүгінгі таңда Алматы қаласы әкімдігі үлкен қолдау көрсетіп келеді. 2023 жылы алғаш рет «Almaty Circus Festival» І Халықаралық цирк өнер фестивалін ұйымдастырдық. Айтулы шоу өткен жылы да ұйымдастырылды, 2024 жылы өткен ІІ-ші «Almaty Circus Festival» халықаралық цирк өнер фестивалі бірінші Фестивальдің жоғары нәтижесінің көрсеткіші болып, қазақстандық және халықаралық БАҚ-та үлкен резонанс тудырып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Фестиваль өзге елмен ынтымақтастықты нығайту, Алматының танымалдылығын арттыру және туристер ағынын көбейту үшін өткізіліп жатқан іс-шара. Бірінші жылы аталмыш фестивальге әлемнің 15 елінің үздік әртістері қатысса, екіншісіне 18 ел қатысты. Әлемнің үздік цирктерінің топ-менеджерлері кәсіби халықаралық қазылар алқасының құрамында болды.
Жалпы қойылымдарыңызды тамашалау үшін жылына қанша адам келеді?
2024 жылы Қазақ мемлекеттік циркі 130 қойылым қойды. Өнерімізді тамашалау үшін 190 000-нан астам көрермен келді. 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп, оның ішінде 8 бағдарлама мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге, балалар үйлерінің, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына, Алматы қаласының ардагерлеріне арналған қайырымдылық қойылымдары болды. Қайырымдылық бағдарламаларын 13 600 көрермен тамашалады. Тағы да салыстырмалы түрде айтар болсам, 2023 жылмен салыстырғанда 50% -ға көбейген. Айта кетерлігі, жыл сайын цирк өнерін бағалайтын көрермендер саны артып келеді.
Енді қандай жетістіктеріңізбен мақтанасыздар?
2024 жылы Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері цирк өнерінің халықаралық фестивальдеріне қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жалпы қоржынымыз 6 жүлдемен толықты. Жеке-жеке тоқталсам,
қаңтар айында Монте-Карло қаласында ұйымдастырылған «New Generation» халықаралық цирк фестивалінде О.Демидованың жетекшілігіндегі «Эквилибр хула-хуп» нөмірі қоланы алды. Айта кету керек, бұл әлемдегі ең беделді цирк фестивалі болып есептеледі.
Якутск қаласында өткен «Мамонтёнок» халықаралық цирк фестивалінде О.Демидованың жетекшілігіндегі «Жарық жебесі» нөмірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Досбатыровтың жетекшілігімен «Жаңбырда ұшу» нөмірі II «Almaty Circus Festival» халықаралық цирк өнер фестивалінде күміс жүлдеге ие болды және «Юниор» күміс марапатын Мәскеуде өткен «Артист» II Халықаралық цирк өнер фестивалінде Д.Досбатыровтың жетекшілігіндегі «Amanat» әуе дуэті жеңіп алды.
Ал Саратов қаласында өткен «Цирк ханшайымы» халықаралық цирк фестивалінде «Кор-де-парель» нөмірімен М.Ұлықпанова қола медальді алды.
Ең беделді жүлделердің бірін Тула қаласында ұйымдастырылған «Әлем тілінде» IV халықаралық цирк фестивалінде Д.Досбатыровтың жетекшілгіндегі «Amanat» әуе дуэті алғашқы орынды алып, алтыннан алқа тақтық.
Сондай-ақ, Қазақстан атынан Алматы циркінің әртістері британдық танымал «Britian's Got Talent» таланттар реалити-шоуында алғаш рет өнер көрсеткенін атап өткім келеді.
Алматы циркінің «Golden Dragon» жаңа жылдық ертегісі «Жылдың үздік цирк іс-шарасы» номинациясында «Ticketon Award 2024» мәдениет, өнер және спорт саласындағы қазақстандық сыйлықтың жеңімпазы атанды.
Қазір алыс-жақын шетелмен байланыс орнату жағы, тәжірибие алмасу жайына көшсек. Шетелмен ара-қатынастарыңыз қандай? Қанша адам тәжірибиеден өтті?
Соңғы екі жылда «Алматы қаласының жол картасы» жобасы аясында Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері мен қызметкерлері Мәскеудегі «ГИТИС - Ресей театр өнері институтында», Бейжіңдегі «Қытай халықаралық акробатика мектебінде», Мажарстандағы «Жоғары цирк білімі», «Будапешт цирк өнері және қазіргі заманғы би колледжінде» біліктіліктерін арттырудан өтті. Табысты тағылымдамадан кейін цирк ұжымының 29 қызметкері халықаралық сертификаттармен марапатталды.
Әңгімеңізге рахмет! Жалпы биыл Сіздердің ашылғандарыңызға 55 жыл болып отыр. Осы мерейтойларыңызбен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жемісті болсын!