Қазақстанда шартты шоттарды қоспағанда, шамамен 13 миллионға жуық адамның БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар. Сол жинақтағы ақшаңызды жеткілікті шектен жылдамырақ асыру үшін және жеткілікті зейнатақы алу үшін не істеуге болатынын білесіз бе? Аqshamnews.kz тілшісі материалда тарқатады
Жеткілікті зейнетақы деген не?
Жеткілікті зейнетақы - қарапайым тілмен айтқанда, адамның зейнетке шыққаннан кейін де әдеттегі өмір сүру деңгейін сақтап, елеулі қаржылай қиындықтарға тап болмай, өмір сүруіне мүмкіндік беретін төлем.Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымына сәйкес, табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40 пайыз болуға тиіс. Алмастыру коэффициенті – зейнетақы төлемдерінің зейнетке шыққанға дейінгі жалақыға қатынасы, яғни зейнетақы табысы еңбек табысын қай деңгейде "алмастыратынын" көрсететін көрсеткіш. Қазақстанда бұл көрсеткіш қазір шамамен 41 пайыз деңгейінде.
сурет: ЖИ
Зейнетақыңыз жеткілікті болу үшін не істеу керек?
Зейнетақы табысының жеткіліктілігін мына жолдармен арттыруға болады:
-
міндетті және қосымша ерікті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аудару;
-
зейнетақы жинақтарын көбейту үшін оларды жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сеніп тапсыру.
"Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты төленуі зейнетақы жинақтарының жалпы сомасына және кейінгі зейнетақы төлемдеріне оң әсер етіп қана қоймай, мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақының мөлшеріне де ықпал етеді. Базалық зейнетақы жалпы еңбек өтіліне байланысты есептеледі. 1998 жылдан бері еңбек өтілі тек міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады. Қазір базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы (жалпы еңбек өтілі 0–10 жыл болғанда), ал ең жоғары мөлшері – 110 пайыз (30 жыл және одан көп өтілі барларға). 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120 пайызына дейін арттырылады", – деп хабарлады БЖЗҚ-ның инвестициялық портфельді талдау басқармасының бастығы Ләззат Әмірғалиева.
сурет: БЖЗҚ
БЖЗҚ-да айтылған бұл кеңестер адамға зейнетке шыққанда ақша жетіп тұруы үшін ғана емес, әдеттегі өмір деңгейін сақтап, демалысқа бару, хоббиімен айналысу сияқты бос уақытын да жайлы өткізуге көмектеседі.
Ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) деген не?
Бұл – зейнетке шыққанда көптеу ақша алу үшін өзіңіз қосып төлейтін қосымша жарна. Оны жеке адамдар өз табысынан өз атына немесе жұбайына, баласына, ата-анасына, яғни жақындарына аудара алады. Ал компаниялар мен жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің не басқа адамдардың атына аудара алады.
Қалай аударылады?
Ерікті жарнаны кез келген екінші деңгейлі банк арқылы немесе жұмыс берушіге өтініш жазып, жалақыдан ұстап, БЖЗҚ-ға тұрақты аудартып отыруға болады.
Арнайы шотты ашу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Ерікті жарнаға арналған жеке зейнетақы шоты алғашқы ақша түскен кезде автомат түрде өздігінен ашылады. Яғни, "маған шот ашып беріңдер" деп бөлек өтініш жазудың керегі жоқ.
Бұл ақшаны қашан және кімдер ала алады?
Ерікті жарнаның басты артықшылығы зейнет жасын күтпей-ақ, 50 жастан бастап алуға болады.
Сонымен бірге, ЕЗЖ есебіндегі ақша:
-
мүгедектігі бар азаматтарға;
-
Қазақстаннан тұрақты шетелге көшіп кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да (егер заңда басқаша жазылмаса) төленеді.
Ақшаны қалай рәсімдеп алуға болады?
Ерікті жарна есебінен төлем алғыңыз келсе, өтінішті БЖЗҚ-ға:
-
enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы онлайн,
-
қордың мобильді қосымшасы арқылы,
-
немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне бару арқылы бере аласыз.
Қордағы жеткілікті шектен асқан сомаға қатысты дау: не өзгерді?
Жеткілікті шектен асқан зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалану төңірегіндегі дау үкіметті шара қабылдауға итермелеп, 15 қыркүйектен 2026 жылғы 15 сәуірге дейін стоматологиялық қызметтерге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Отбасы банктің мәліметінше, 2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін «Стоматологиялық қызметтер» бағытымен 757 млрд теңге аударылып, бірқатар клиника бойынша мақсатсыз пайдалану күдігімен материалдар ҚМА-ға жолданған.
Осы мәселе аясында Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "жеткілікті шектен асқан қаржыны қайда жұмсауды азаматтардың өздері шешуі керек" деген пікір айтқан еді. Ал БЖЗҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов бұл дауға қатысты шешім Қор құзыретінде емес екенін, салымшы қаражатын, мысалы, көз емдеуге алғысы келсе, оның өтінімі алдымен уәкілетті операторлар арқылы тексеріліп, содан кейін ғана Отбасы банк арқылы жүзеге асатынын, талаптарға сай келмеген өтінімдер кері қайтарылатынын жеткізді.

Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері қанша?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін атады. Ведомствоның мәліметінше, ол - 142 744 теңге, Оның ішінде:
-
ынтымақты зейнетақы – 95 167 теңге,
-
базалық зейнетақы – 47 577 теңге.