Тісін емдетемін деп апарып, табытын алып қайтты: баланың тісін "Севоранмен" емдегенде неге сақ болу керек?

Тісін емдетемін деп апарып, табытын алып қайтты: баланың тісін "Севоранмен" емдегенде неге сақ болу керек? Сурет: vilmadent.ru

Былтыр Астанада 3 жасар қыздарының тісін емдетуге апарып, ата-анасы одан қапелімде "айырылып" қалған. Қайғыдан қан жұтып отырған отбасы осы күні қызының өліміне  кінәлі клиникамен соттасып жатыр.

Балаға бастапқыда анестезия жасалып, бірден 18 тісіне ем жасалған. Алайда "Севоран" анестезиясынан кішкентай Зере сол күйі оянбаған.

Оқиғаның мән-жайы

Сот барысында сараптама деректері жарияланды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, ми ісігі "Севоран" анестезиясы дұрыс жүргізілмегеннен пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, жергілікті ауырсынуды басатын лидокаиннің дозасы балаға тым көп егілген.

Жартылай қалпына келмеген өкпе функциясы мен қабыну фонында "Севоранды" төрт жарым сағат бойы қолдану өткір гипоксияға (оттегінің жетіспеушілігіне), жүректің тоқтауына және ми ісігіне әкелуі мүмкін, сол себептен өлім орын алды. Бір ескере кететін жайт, кішкентай қыз тісін емдердің алдында пневмониямен ауырған, бірақ клиника бұл деректі ескермеген көрінеді.

"Седациядан бұрын біз 7 ай бұрын ауруханада жаттық. Егер ол тек 2-3 апта бұрын болса, біз мұндай анестезия мен емдеуге бармас едік. Олар бізді болуы мүмкін қауіп-қатерлер туралы хабардар етуі тиіс еді", - деді қыздың әкесі Талғат Құмаров.

Прокурордың айтуынша, анестезиолог пен стоматолог педиатрмен кеңесіп, қан талдауын (АИТВ, гепатит және басқа инфекциялар) жасауға міндетті болған. Алайда клиника бұл талаптарды орындамаған.

Маман не дейді?

Аqshamnews.kz тілшісі осы жағдайға қатысты "Севоран" анестезиясының ерекшеліктері жайлы маманнан пікір алды.

Қазіргі заманауи ингаляциялық бұл препарат адамды тез ұйықтатып, жылдам операция жасауға мүмкіндік береді және денсаулығына зиян келтірмейді. Оның жоғары қауіпсіздігі балаларға тіс емдеу сияқты жауапты салаларда қолдануға мүмкіндік береді. Балаларға бұл ауыр процедураны түсіндіру қиын болғандықтан, көбіне наркоз – тістерді тез емдеудің тиімді тәсілі болып отыр.

Стоматологияда көптеген жағдайда балалардан бастап ересек пациенттерге дейін кеңес беруші әрі қадағалаушы (куратор) Салман Қанатұлы "Севоран" әдетте қауіпсіз екенін, бірақ кейбір жағдайларда сақтық қажет екенін атап өтті:

  • пациентте немесе туыстарында қатерлі гипертермия;
  • бауырдың ауыр аурулары;
  • өте төмен қан қысымы немесе шок жағдайында;
  • жүрекке қатысты күрделі проблемалар немесе аритмия;
  • ағзаның қатты сусыздануы (құрғауы) немесе көп қан жоғалту;
  • бас миының ішкі қысымы жоғары болса;
  • аллергиялық реакциялар (өте сирек).

Ауыр реакциялар көбінесе препаратқа емес, организмнің ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтан наркоздан бұрын жүрек, тыныс алу, зат алмасу жүйесі мен тұқым қуалайтын тәуекелдерді тексеру қажет. Тексерулерден кейін ғана анестезиолог ең қауіпсіз наркоз нұсқасын, мөлшерін таңдайды.

Балалар әдетте тыныш оянады, бірақ дәрігерлер назар аударуы тиіс кейбір сирек белгілер де бар екен. Олар: қатты әлсіреу, тыныс алудың бұзылуы, қан қысымының кенет төмендеуі немесе жоғарылауы, жүрек ырғағының бұзылуы, дем алудың қиындауы, дене қызуының жылдам көтерілуі, сананың шатасуы. Барлық ояту процесі анестезиологтың тұрақты бақылауымен өтеді.

Сонымен бірге, маманның айтуынша, наркоз кезінде қауіпсіздік үшін клиникада заманауи наркоз аппараты, мониторлар (пульс, қан қысымы, тыныс алу, пульсоксиметр, ЭКГ), ӨЖЖ аппараты, маскалар, оттегі жүйесі, шұғыл көмек құралдары, дефибриллятор, білікті анестезиолог пен анестезист мейірбике және бақылау бөлмесі болуы керек.

Салман Қанатұлы Астанада болған қайғылы жағдайға байланысты маман ретінде айтары: "Бұл жерде қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан, болуы  мүмкін қауіпті жағдайларды ескермегеннен болған сияқты", - дейді.

Жалпы, "Севоран - балалар үшін ең тиімді әдіс. Ол тез әсер етеді, барынша аллергия тудырмайды, инъекция қажет емес және тыныш әрі ыңғайлы наркоз береді. Тәжірибелі анестезиологтың бақылауымен бұл процедура кішкентай және қобалжғыш пациенттер үшін де қауіпсіз әрі жеңіл өтеді", - деп түйіндеді маман. 

Салман Қанатұлы жұмыс істейтін жекеменшік стоматология клиникасы да осындай әдіспен емдеуге бейімделген. Балаларды да "Севоран" анестетигі арқылы ойдағыдай емдеп жүргенін айтады. Бастысы, қауіпсіздік талаптары мен әр пациенттің денсаулығындағы ерекшеліктерге сақтықпен және жауапкершілікпен қарап, ескерілуі тиіс жайттарды естен шығармау қажет дейді. 

Айта кетейік, қалада "Севоран" арқылы емдеу қызметінің орташа бағасы 50 мың теңгеден басталады. 

Сонымен, "Севоран" деген не?

Севоран - тыныс алу арқылы берілетін заманауи анестезия. Ол пациентті ұйықтатып, ауырсынуды мүлдем сездірмейді. 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
1
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:26

15:23

15:10

15:00

14:45

14:36

14:22

14:10

14:05

12:29

12:25

12:15

12:02

11:43

11:31

11:18

11:08

10:57

10:45

10:33

10:15

10:00

09:59

09:39

09:25