Кешкілік жұмыстан шығып, балаларға ыстық бауырсақ ала барайын деп, супермаркетке кірдім. Бауырсақ, тандыр нан, самса, бәліштер сататын бөлімде кезек көп екен. Бауырсақты ыстық күйінде қазан үстінен алып кетіп жатыр жұрт.
– Қызда-ар, ешқайсымыз үйде бауырсақ пісірмейтін болғанбыз ба? – деп, жастардан ұялып тұрғанымды шуып-шайғансып әзілдеген болдым.
– Тәте-е, сізді қойыңызшы, жап-жас болып бізді айтсаңызшы! – деп аузын баса, ұяла күлді қара торы келіншек.
Иә, қазір азық-түлік сататын ірі сауда нүктелерінде, тіпті көше қиылыстарында да ұннан дайындалатын тамақтың бәрі сатылады. Демек, сұраныс бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, біз, әйелдер «уақытымыз жоқ, күні бойы жұмыста жүріп шаршаймыз» дегенді сылтауратып, көбіміз үйде қамыр илеуден қалып бара жатқандаймыз. Баламен үйде отырғанымыз да дүкенде бәрі самсап тұрған соң, дайынға жүгіреміз.
Біздің аналардың қолы ұннан босамайтын, оттан шықпайтын, ә, есіңізде ме? Ашыған қамырды қолын суға малып-малып алып қайыра илеп, тағы бастырып қоятын. Біраздан соң табасын майлап, қамырды салып, бетін жауып, көсеумен қыстырып алып, ошақтың көмейінде қып-қызыл боп жатқан шоққа апарып, көметін. Қып-қызыл боп піскен табананды оттан түсе салған бойда бетіне сары май жағып жеп алатынбыз. Берекелі, тойымды болатын.
Шешелеріміздің шелпек, бауырсақ пісіргендері де ғажап еді. Қазіргі біз секілді ұнға сүт не айран, май, жұмыртқа қосып жатпайды, қолдан ашытылған табиғи ашытқымен қара суға илей қоятын. Сосын шелпекті оқтаумен жайып жатпайтын, екі қолды суға малып алып қамырды олай-бұлай созғылап қызып тұрған табаға шыж еткізіп сала қоятын. Оны да қазан үстінен таласып, тармасып жеп алатынбыз. Қазір ойлап отырсам, ол бір берекелі шақ екен-ау! Етке салатын жайма нанды да сатып аламыз. Дәмі қолдан илеп, ысқанға жетпейтінін біле тұра, тағы сол уақыт жоқ дегенді сылтауратып, сөйтеміз.
***
Шешелерімізде сыпыра деген болатын. Бұл бұйым қазір ұмытыла бастағандай. Себебі, біз қамырды шай ішетін үстелдің үстіне не тақтайға жая салатын болғанбыз. Сыпыра қазақ аналарының түсінігінде дастархан тәрізді береке, молшылық әкелетін, отбасының ынтымағын жарастыратын қасиетті асүй жабдығы саналған. Сондықтан сыпыраны аяқтың астында қалмауына мән берген. «Сыпыраны теріс бүктеме» деген ырым сөз де бар. Қамыр жайылып болған соң, сыпыраның ішіне аздап ұн мен ашытқы қалдырып, алдымен ішкі жағын беттестіре екі бүктеп, кейін екі жақ шетін теңестіре қайырып, ортасына қарай теңдей бүктеп, жоғарыға қойған.
Иә, сыпыра – әйел затының отбасылық берекесінің негізі. Біз қазір үстелдің үстіне қамыр жайғанда ұн қалай десек те шашырайды, жерге түседі. Сондықтан сыпыра – тазалық, екінші жағынан, береке үшін қолданылған әрі ысырапқа жол бермеген. Ең тиімдісі, үстелдің үстін шашып, ұн жағып, оны сүртіп, тазалап жүрмейсің.
Айтпақшы, әулеттің үлкен аналары көз жұмғанда, келмес сапарға аттандырып жатқанда, сыпыраны айналдырып алатын болған дейді. Ондағысы – берекесі үйде қалсын дегенді білдірсе керек. Қазақтың наным-сенімі тектен тек шықпаған, нәтижесі, тағлымы болған соң айтқан-ау.
***
Олар қонақ күтуге дайындалып жатты. Қыз-келіншектер салаттың түр-түрін дайындап болды, жеміс-жидектерді, көк-сөкті түгел жуды, шырын-сусындарды да арнайы ыдысқа құйып әзірлеп қойды. Енді үстел жасауға кірісті.
Айман кең-молынан жайылған дастарханның ортасына, екі жерден хрусталь вазаға салынған жемістерді апарып қойды. Сосын асүйден қазы-қарталарды таси бастады. Бір кезде Сақып әжей:
– Дастарханға бірінші нанды, бауырсақты қою керек, қалғанын сосын, айналайын! – деп сөйлеп тастады.
Ескінің көзі есті сөз айтты.
***
Римма ТҮНҒАТАР КЕЛІНІ, тәрбиеші:
– Енем «сыртта жүрген балаларыма» деп ұнды қабымен алып қоя береді. Ауылға барған сайын көлігімізге салып жібереді. Амал жоқ, үлкен кісіге ештеңе дей алмайсың, қалаға алып келеміз. Сосын босқа қоймайсың ғой, бір күн бауырсақ, келесі күні самса, одан арғы күні торт пісіремін. Етке де қамырды қолдан илеп саламын. Енемнің «ұн деген – береке ғой» деп жиі айтатын сөзін, әр барған сайын бір қап ұнды неге арқалатып жіберетінін осы күні жақсы түсініп жүрмін. Отбасынан тәтті нанның иісі шығып тұрсын, балаларым дастархан басында, жылы үйде, береке-бірлігі артып отырсын деген пейілі екен ғой. Шынымен, ұн – береке. Сырттан ойнап келген кішкентайым қолдан піскен нанды аузына бұралап тығып жеп алады. Кешке күйеуің, қайның жұмыстан оралғанда, алдарында буы бұрқырап ет немесе кеспекөже тұрғаны қандай жақсы! Күні бойы екі баламның соңынан жүгіріп шаршап қалатын болсам да, төзімділік танытып, мен де осы күні ұн тағамдарына баса мән беріп жүрмін. Нан – үйдің ырысын арттыратын қастерлі ас. Түнде, жатар алдында қамырыңды илеп, нан ашытып қойсаң, таңертең пісіріп ала қоясың. Турап кеп қалғанда үгітіліп кете баратын дүкеннің нанына қарағанда өзің қолдан пісірген нанда береке көп деп ойлаймын.
***
Екеуі де күні бойы жұмыста. Ерлі-зайыпты өз алдарына екі бөлек бизнеспен айналысады. Қолдарында екі-үштен телефон жүреді. Үнемі асығып, бір-бірімен де, айналасындағылармен де асығыс сөйлесіп жүреді. Бітпейтін шексіз шаруаларын қонақта отырса да талқылап, шешіп отырады.
Түскі, тіпті кешкі астарын да кафе, дәмханалардан ішіп келіп, үйге келгенде ұйықтай салады. Ертеңіне тағы сол сүрлігу. Балалары да соған үйренген. Дәу тоңазытқыш супермаркеттерден әкелінген, қатырылған дайын өнімдерге толы. Соларды суға салып қайнатып ішсе – ішті, болмаса пицца, бургер, чикенмен қоректеніп, смартфондарын құшақтап отыра береді. Ал оты жанып, қазаны бүлкілдеп жатпаған үйдің суып кететіні айтпаса да түсінікті.
Қазір үйіңізге қонақ шақыратын болсаңыз, «тапсырыспен бауырсақ, самса, тауық пісіріп, оны дастарханыңызға дейін қойып беретін» қызмет түрі де кеңінен етек жайған. Етке де қамыр илеп әуреленбейсіз, кептірілген жайма наныңыз да, кеспелер де дүкенде толып тұр. Жұмысбастылығымызды сылтауратып, жалқау болып бара жатқанымызды мойындайтын кез жетті-ау осы.
Қазір мұхиттың арғы жағында тамақ пісіретін роботтар шығып жатыр деседі. Беті әрмен, бізге келмей-ақ қойсын! Қазақ-ошақтың басында құлтемірлер емес, өзіміздің қазақтың қыз-келіншектері жүрсін деп тілейік. «Дәм мен дидар ғанибет» деп, бір ғана ұнның өзінен ырыс, береке, молшылық, тоқшылық, мейірбандық, бауырмалдық, жылылық таба білген қазақтың дәмі таусылмасын!