Қазақ қоғамының тұрмысы мен мәдениеті ғасырлар бойы қалыптасқан еңбек бөлінісіне негізделген. “Еркек - түздің, әйел - үйдің адамы” деген түсінік қазақ тұрмысында терең тамыр жайғанымен, ер адамдар үй шаруасына мүлде араласпаған дегенсөз емес. Бұл туралы тарихшы Досымбек Қатран айтты. Толығырақ Аqshamnews.kz материалында.
Көшпелі қазақтардың өмірі табиғатпен тығыз байланысты болды. Мал шаруашылығы - күнкөрістің негізгі көзі, ал мал бағу, қора салу, жылқы ұстау сияқты ауыр, дала жұмыстары ер адамдардың мойнында болған. Ал үй ішін күту, ас дайындау, жүн түту, киім тігу әйелдердің міндеті деп есептелді.
Дегенмен көшпелі тұрмыстың ерекшелігі - ер мен әйелдің еңбегі бірін-бірі толықтырған. Мысалы, киіз үй тіккенде ер адам уық, кереге, шаңырақ орнатса, әйел киіз жауып, ішін безендірген. Киіз үй - отбасылық “жоба”, сондықтан оны жасауға екі жақ та қатысқан.
Бұл туралы Досымбек Қатран не дейді?
"Ер - әрине, түз адамы. Ол мал қамымен жүруі керек. Қайда көшетінін ойлауы керек. Сол кезде оның маңызы арта түседі. Ер адамның орны бөлек. Бірақ олар үй шаруасына біршама араласақан. Әрқилы ғой. Баласы жас болуы мүмкін. Немесе баласыз да болу мүмкін, бірақ атағы шыққан батыр делік. Ауыз әдебиетінде көп айтылады ғой. "Түзде жүрсем батырмын, үйде отырсам қатынмын" деп белгілі батыр айтыпты ғой. Сондықтан үй шаруасына ер адам араласпады деп айтуға болмайды", - дейді ол.
"Түзде жүрсем батырмын..."
Ашық дереккөздерде бұл сөздің авторы Толыбай деген кісі әрі батыр, әрі шешен болған деседі. Ас пен тойда кедеймін деп ығыспай батыр, билерге, баймырзаларға сөз бермейді екен. Бір жолы тойдан қайтқан бір топ бай-мырзалар қонақасыдан ұялтып кету үшін Толыбайдың үйіне сау ете түсіпті. Бұл кезде Толыбай жалаңаяқ, жалаңбас тары түйіп жатса керек. Келген мырзалар үй сыртынан:
"Уағалайкуміссалам, жайсаң мен қасқалар,
Кедейшілік ердің түсін басқалар.
Түзде жүрсек батырмыз,
Үйде отырсақ қатынбыз,
Қатын ауру, бала жас,
Тары түйіп жатырмыз.
Таудан үлкен талабым бар,
Ит ішпейтін шалабым бар,
Түссеңдер міне лашық,
Кетсеңдер жолдарың ашық!" - депті Толыбай шешен. Сонда келген адамдар разы болып, ат, шапан беріп қасына ала жүрген екен.
Ертеде ер адамдар басқа немен айналысқан?
Әулиеата базарындағы қымыз сатқан
Түркістан альбомы: Қазақстан, Сырдария облысы, Әулиеата қаласы, XIX ғасырдың екінші жартысы.
Киіз үйлер сатқан
Фотосурет авторы "кибитка" деп киіз үйді меңзеген болуы керек. Бұл сурет - сол кезеңде қазақтардың нарыққа араласа бастағанының белгісі. Олар дайын тауарларды пайдалана бастаған. Кейде киіз үйді бөлшектеп сатып алып, кейде қойға айырбастайтын болған. Ал киіз үй жабуға арналған киізді көбіне өздері дайындаған.
Түркістан альбомы: киіз үйлер сату. Қазақтар. Қазақстан, XIX ғасырдың екінші жартысы.
Қымыз арқылы емдеген
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан аумағында қымызбен емдейтін шипажайлар ашылған. Бұл шағын санаторийлерге бай қазақтар мен Ресейден келген науқастар келетін. Қымызбен негізінен туберкулезді (чахотка) емдеген. Ол кезде бұл ауру кең тараған еді.
И.С. Поляков, 1880 жыл.
Бие сауған
Суретте жалдамалы жұмысшылар бейнеленген. Киіміне қарағанда өз малы жоқ, бай қазақтың жалшылары болуы мүмкін.
С.М. Дудин, 1899 жыл.
Саудагер болған
Саудагерлер (алыпсатарлар) әртүрлі тауарларды даладағы ауылдарға апарып сатқан. Көшпелі өмірде бұл кәсіп сұранысқа ие болған.
Семей облысы, 1899 жыл.
Өрмек ескен
Суреттегі ер адам - уықшы. Ол - киіз үйдің шаңырағын ұстайтын уықтарды иіп жасаушы шебер.
С.М. Дудин, Семей облысы, 1899 жыл.
Ұн тартқан
Екі жасөспірім қол диірмен арқылы ұн тартып жатыр.
С.М. Дудин, Қарағанды облысы, Қарқаралы, 1899 жыл.