Биыл 2 мыңнан астам адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған, деп хабарлайды aqshamnews.kz
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 2 202 адам, оның ішінде 1 091 қандас және 1 111 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9 653 адамды көшіру жоспарлануда.
Өңірлер бойынша:
Павлодар облысына – 672 адам,
Солтүстік Қазақстан облысына – 532 адам,
Қостанай облысына – 330 адам,
Ақмола облысына – 215 адам,
Шығыс Қазақстан облысына – 214 адам,
Абай облысына – 145 адам,
Атырау облысына – 90 адам,
Ұлытау облысына – 4 адам қоныс аударды.
Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан – 396 адам, Моңғолиядан – 310 адам, ҚХР – 286 адам, Ресейден – 52 адам, басқа елдерден – 47 адам келген.
Еңбекке қабілетті жастағы 790 адам келгендердің ішінен тұрақты жұмыс орындарына 374 адам жұмысқа орналастырылды, 10 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
Қоныс аударушылар мен кандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салалар бойынша жұмысқа орналасты.
Ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.