Тарих ғылымының докторы, шығыстанушы Нұрлан Кенжеахмет былтыр Германияда Қазақ хандығының тарихи шекарасына қатысты ағылшын тілінде монография жариялағаны белгілі. Бұл еңбегі арқылы ол қазақ мемлекетінің тарихына қатысты аса құнды мәліметтерді шетелдік ғылыми кеңістікке енгізген болатын. Жақында тарихшы ғалыммен сұхбат құрудың реті келіп еді. Газет оқырмандарына осы әңгімемізді ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Бартольдтан асыра зерттеген ешкім болмады
– Нұрлан мырза, елге келіп ауқымды ғылыми жобаны қолға алғаныңызды естідік. Әңгімемізді осыдан бастасақ. Қандай ғылыми жобамен айналысып жатырсыз?
– Иә, былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігінің Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру мүмкіндігіне ие болғанбыз. Осы бағдарлама негізінде «Орта Азияның тарихи географиясы» дейтін ірі жобаны қолға алып отырмыз. 2 жыл 3 айға жоспарланған, қазір ғылыми жұмыстары басталып кетті, оған 25-тен аса ғалым атсалысып жатыр. Аймақтың тарихи географиясы бойынша мұндай жоба Орталық Азияда алғаш рет болып отыр. Негізі Орталық Азияның тарихи географиясын ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың бас шенінде Бартольд зерттеген. Оның 9 томдық еңбегінің көбі осы тақырыпқа арналған. Қазірге дейін аймақтың тарихи географиясын әлемде Бартольдтан асыра зерттеген ешкім болмады. Бірақ Бартольд негізінен бұрынғы араб географтарының жазбаларымен шектелген де, қытай деректерін пайдаланбаған. Сондықтан оның кейбір жерлерінде ағаттықтар бар. Сондықтан біздің ғылыми жобамыздың мақсаты – қытай және көне түркі деректерін де жүйелі пайдаланып, оларды араб географтарының деректерімен салыстыра отырып, аймақтың географиялық тарихын түгендеу.
Өңірдегі елдімекендердің тарихи атаулары бойынша қым-қуыт мәселелер бар. Түркі дәуірінен бұрын Орталық Азияның қалалары, әсіресе оңтүстік өңірлеріндегі жер-су аттары көбінде соғдыша аталған. Әр кезеңде әр түрлі аталған қала аттарына қатысты мәселелер бар бұл арада. Тараз дейміз, Сайрам дейміз, Сайрамның соғдыша аты Исбиджап, ал Шымкентке қатысты ежелгі Жамукент, Хамукент дегендер бар, нақты сол қала ма анықталмаған. Отырардың Фараб аты да белгілі, кейін сонымен қатар Тарбант дейтін бір қаланың аты шықты. Көне түркі ескерткіштерінде Кеңу-Тарман деген бір жер бар, осыны көбі сол Отырар дейді. Міне, осы секілді түрлі тарихи жер-су атауларын бірізділікке келтірсек дейміз. Осы бойынша екі монография жазғалы отырмын. Біреуі – б.з.д ІІІ ғасырдан б.з. ХІ ғасырына дейін. Екіншісі – ХІ ғасырдан ХІХ ғасырға дейінгі дәуірді қамтиды. Шын мәнісінде, мұның біріншісі ғылыми жобамыз аясына енбеген болатын, бірақ ХІ ғасырдан ХІХ ғасырға дейінгі кезеңді жазып шығу үшін алдыңғы кезеңді жазуға тура келеді.
Себебі, кей жер аттары жаңа эрадан бұрынғы Орталық Азияда өмір сүрген халықтарға барып тіреледі, содан бері өзгермей келе жатқан кейбір жер аттары да бар. Осындай мәселелердің бәрін ғылыми жүйеге келтіреміз деп үміттеніп отырмыз. Осы бойынша басқа да институттармен әріптестік орната отырып, жер-су, елдімекен, қала аттарының хронологиялық кестесін жасағалы отырмыз. Мысалы, Тараз қаласының қазіргі және әр түрлі кезеңіндегі орналасуы мен атауларын қатар көре алатындай, әрі интернет платформасында қолжетімді еткіміз келеді.
Монографиямның тағы бір міндеті – қазақ руларының ежелгі орналасқан жерлері мен олардың этимологиясын анықтау. Өйткені, қазақ мемлекеттілігінің бастауы ежелгі ғұн дәуірінде жатыр. Қазақтың әрбір руының шығу тегі соған барып тіреледі. Ежелгі ғұндардың хан әулетіндік 4 руы бар. Түмен Тәңірқұт пен Мөде Тәңірқұттың шыққан руы қытай деректерінде алаюнт (көне түрікше ала-ат деген мағынада) деп аталады. Ол Махмұт Қашқари мен Әбілғазы еңбектерінде кезігеді, ал Қазақ хандығы тұсында алаша түрінде кезігеді, алаштың түп нұсқасы. Көктүріктер тұсында Орхон алабында яғлақар руы өмір сүрген, ежелгі түріктердің хан руының бірі, арғы тарихы ғұн дәуіріне тіреледі. Түйенің өркеш майына қатысты болғандықтан көне түрікше яғла (майлау деген мағынада) түбірінен жасалған, қыпшақ дәуірінен кейін жалайыр аталды. Ғұндардың тағы бір хандық руының бірі – қыят тайпасы. Осы тайпа әйгілі Оғызнама дастанында кезігеді. Қазір де ұлы жүздегі бір тайпаның аты.
Ғұндардың тарихи географиясын жазып жатырмын
– Тарихи географиясы дегенде еске түседі, Мерв, Балх қалаларында сақталған грек үлгісіндегі тарихи құрылыстарға қарап Орталық Азиядағы қала мәдениетін гректерге апарып тірейтіндер де бар. Сіздердің ғылыми жұмыстарыңызда бұған қатысты тиянақты жауап табылуы мүмкін бе?
– Орталық Азияның көптеген қалаларын, ондағы мәдени іздерді тікелей грек мәдениетімен ұштастыруға өз басым қарсымын. Себебі, тарихи дәлелдеген аймақтың өзінің бір заңдылығы бар. Ежелгі дәуірде мықты боламын десең қалай да атты әскерің болуы керек, онымен бірге көшпелі болуың керек. Отырықшы ел сені жаулай алмайды. Мәдениет ықпалының өзін жаулаушылар емес, халықтың өзі, яғни орта азиялықтар өздері әкелген болуы мүмкін. Орталық Азия ежелден дүниежүзілік сауда қарым-қатынасының негізгі қозғаушысы болған аймақ.
Сырт тараптан түрлі бұрмалаулар болып жатады. Мысалы, ғұндарды алайық, қазірге дейін талас-тартыста. Біздің заманымыздан бұрынғы Ғұндар туралы тек Қытай деректерінде – «Тарихнама», «Ханнама» дейтін кітаптарында айтылады, сол кезеңдегі басқа деректерден кезікпейді. Ал VI-V ғасырдан бастап соғды деректерінен кезігеді. Енді сол қытай деректерінде «Сюнну» (дұрысы, Шиоң-ну) деп аталған ғұндарды басқалар қалай атаған? «Олар кім болған?» дейтін сұрақтарға қатысты қазірге дейін екі үлкен көзқарас бар. Бірі – оларды түркілер болған десе, екіншісі – оны Енисей жақта жоғалып кеткен «кэт» деген халық деп қарайды. Бірақ қытай деректерінде тұр, орта ғасырдағы Көк Түрік, Қаңлы, көшпелі ұйғырлардың барлығы ата-бабамыз ғұндар деп айтады. Сондай анық деректер бар. Ал Батыстың тіл ғалымдары, айталық, Қытайдың көне фенологиясын зерттеген ғалымдар және оған ілескен бір топ ғалымдары бар, 1962 жылы бір теорияны жасап шығарды. Ол бойынша ғұндардың тілі Енисейде жасаған кэттің тіліне жақын дейді. Бірақ олар басқа деректердегі, орта ғасырдағы «Таңнама» мен «Сүйнамада» анық жазылған деректерді көрмейді. Бұл кітаптарда «түріктердің арғы бабасы ғұндар, ғұндардың бір бөлігі» деп анық жазылған. Батыстық тіл ғалымдары осыларды мүлде көрмейді, бір ауыз да келтірмейді. Оған қоса, қытайша иероглифтерімен хатталған ғұндардың 150-ден астам сөзі бар. Оларға келгенде бұрмалайды. Оларды атақты ғалым дейміз, не үшін олай істейтінін түсінбейсің. Мен қазір ғұндардың тарихи географиясын жазып жатырмын. Соның ішінде бар, Х ғасырда Жемсары жерінде көшпенді ұйғырлардан Сыңқу Сали деген буддист ғалым шыққан. Ол VII ғасырдағы Шуанзаңның «Батысқа сапарын» көне ұйғыр тіліне аударған. Сонда көне қытай тіліндегі «Сюнну» деген этнос атын «түріктер» деп аударған. Енді оны зерттегенде немістің ғалымдары оны символдық тұрғыда атаған дегісі келеді.
Орталық Азияның бірқатар жерлерінен соғды тіліндегі көптеген жазбалар табылды. Олардың ең көнесі жаңа эрадан арғы дәуірге, ал бергісі VI-VII ғасырға тән жазбалар. Арасында Түрік қағанаты кезіндегі жазбалар да бар. Осыларды орыс ғалымы Лившиц 2008 жылы жинақ етіп шығарды. Соның ішінде Шаш өңірінің билеушісі жазған мәтінде «Ғұн» және «Чин» деген мемлекеттердің аты аталады. Сонда ана «Ғұнды» Лившиц те түрік деген. VI-VII ғасырда ғұндар тарих сахнасынан түсіп кеткен, Көк Түріктердің заманы. Оны соғдылар кездейсоқ ғұндар деп атап отырған жоқ. Тарихи байланыс болып отыр. Соғдылар түріктермен тығыз қарым-қатынас жасаған, түріктердің саяси-дипломатиялық іс-қимылдарына көп қатысқан. Ғұн мен бірге атап отырған «Чин» деп Қытайды айтып отыр. Ол санскритше «чина» дегеннен шығып отыр. Қытайды жалпылай «чин» деген немесе «табғаш» деген. Көне түрік жазбаларында «Табғаш» деп келеді, Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінде.
Күлтегіннің жылдық асына өкілдері келген төңіректің төрт бұрышындағы елдерді сағат стрелкасы бойынша ретімен жазған. Шығыстан бастап Бүклі-Шөлгі елін, сосын Киданды атаған, ары қарай Табғаш, Түбіт, одан кейін Пар-Пұрм, одан былай Қырғызға қарай кетіп, отыз татар-киданды атап аяқтайды. Осындағы Бүклі[1]Шөлгі дегенге де талас көп. Көне түркі ескерткіштерін түсіну үшін, көне қытай тілін де білуің керек. Кем дегенде, Таң дәуіріндегі жазбаларды түсінуің керек. Таң дәуірінің жазбаларында түріктерге қараған бір ел бар – «сұң-мо» деп қояды. «Сұң» дегені орман, «мо» дегені шөл. Бұл негізі қазіргі Ішкі Моңғолияның шығысындағы кидандардың бір тармағы. Көне түрік тілінде «бүк» деп жынысты нуды айтады, «бүклі» дегені сол «орманды» деген сөз, «шөлгі» дегені сол шөл, шөл дала немесе шөлді дегені. Демек, көне қытайшадағы «Сұң-моның» тіке аудармасы. Себебі, ол кезде түркілер үшін қытай тілі халықаралық тіл болса, қытайлар үшін түркі тілі халықаралық тіл болды, бүгінгі ағылшын тілі секілді. Көне түркі және көне қытай тілінде бір-бірінен тікелей аударған жер атаулары өте көп. Мысалы, қазақ даласында Екі-Өгіз деген қаланы қытайлар «Шуаңхы», яки «екі өзен» деп, қазіргі Сайрам көлін түріктер «Сүткөл» деп атаған, қытайлар тікелей аударып «Ру-хай», яғни «Сүт көл» деп атаған, мына Ыстықкөлді Таң дәуірінде қытайлар «Ры-хай» (Ыстық көл) деп аударады. Сонда Күлтегіннің асына негізінен Шығыс пен Батыс түркі қағанатына қараған елдерден келген. Ал Пар-Пұрум дегенді Византия десіп жүр. Күлтегін тұсында қағанның өлімі Византияға жетуі мүмкін, бірақ өлім хабарын естіп, одан елшілері шығып Орхонға дейін жету үшін кем дегенде екі жыл өтеді.
Сонда Күлтегін өліп, келер күздегі асында Византиядан елші келуі екіталай. Ал жақын елдердегі елшілері бірден келмейді. Сонда Пар-Пұрм дегені қазіргі мына Құндыз (Кундуз) қаласы, оны арабтар «Вар-Валз» деп атаған. Түріктерде «В»-ның алдына «А» жалғап айтатыны табиғи тілдік ерекшелік, «Пар» не «Апар» деп те оқуға болады. Демек, Пар сол Құндыз қаласы, ол кезде бұл қаланы Батыс түріктері билеген. Пұрұм дегені, Құндыздың оңтүстігінде бір жер аты бар «Руб» деген. Оның билеушісі де түріктер, сол қаланы түріктер «Ұрұб», я «Ұрұм» деп атайды, мына жерде сол «Пұрұм» болып кеткен. «Таңнамадан» осы жерден келген Оғыл-Тархан деген елшінің атын да кездестіруге болады. Бұл сонда Византия, Риммен қатыссыз. Енді осының бәрін ой жотамен емес, үлкен академиялық дәлелмен алып шығуымыз керек. Шетелде де небір мүйізі қарағайдай түріктанушылар, қытайтанушылар отыр, ертең солар оқығанда иланатындай болуы керек.
Тәуелсіздік алғалы тарих зерттеуде үлкен серпіліс болды
– Тәуелсіздіктен бері қарай өз тарихымызды тынбай қазып жатқандаймыз. Бірақ өзіңіз айтып отырғандай, өзгелердің біздің тарихқа қатысты пікірі әлі де осындай таласты күйде. Сонда бұл біздің өз тарихымызды өзгеге жеткілікті насихаттай алмай жатқанымыздан ба?
– Ол да болар. Енді бір жағынан тәуелсіздіктен кейін тарих саламыз тоқырап қалғандай көрінеді. Бұрынғы Совет Одағының тарих ғылымы немесе соның түркітану ғылымы аясында қалып қойдық. Радловтар өз кезінде түркітанудың бір деңгейін қалып[1]тастырды. Оның үстіне қазақ ғалымдарының еңбектері тек өз тілімізде және орыс тілінде ғана шықты және ішкі пікірталастар ғана бар. Сыртқы елдердің ғалымдары қалай зерттеп, не айтып жатқанын талқылауға әлі жете қоймадық. Енді бір жағынан, бұндай тұстарын айта берсек те ғылыми ортаның өзі дұрыс мағынасында қабылдамай қалуы мүмкін. Десе де, тәуелсіздік алғалы тарих зерттеуде үлкен серпіліс болып жатыр.
– Нұрлан мырза, сіздің қазақ мемлекетінің тарихи шекара[1]сына қатысты еңбегіңіз былтыр ағылшын тілінде жарық көрді. Бұл арқылы қандай маңызды тарихи фактілерді ағылшынтілді ғылыми кеңістікке жеткізе алдыңыз? Жалпы, шетелдік ғылыми орта қалай қабылдап жатыр?
– Иә, монографиям былтыр Германияда жарық көрді. Неміс ғалымдары өз пікірлерінде айтты, бұрын оларға бұл өңірдегі жағдай түсініксіз болған. «Анығында, басқаша болған екен ғой» деген пікірлер көп болды. Онда негізгі бір мәселе Қазақ хандығының шығыс шекарасы немесе қазіргі Қазақстан–Қытай шекарасының сонау Абылай хан тұсында қалыптасқанын көрсеттік. Абылай хан тұсында Қазақ хандығы Орта Азиядағы ең үлкен күш болған. Сол кезде болған көптеген соғыстар, Қабанбай батырдың, Бөгенбай батырдың, Райымбек батырдың соғыстары шын мәнісінде халықаралық соғыстар. Көбінше біз оны ел ішіндегі немесе ру арасындағы батырлар секілді көреміз. Шын мәнінде, олар өз кезеңіндегі халықаралық жағдайларға, мемлекеттердің шекарасына, былайша айтқанда, геосаяси жағдайға ықпал еткен тұлғалар болды. Біз тек соны өз деңгейінде зерттеп, зерделеп жүрген жоқпыз. Сол кездегі Манжур ордасының деректерінде бар, жоңғарлар Манжурияның батыс шекарасына қауіп төндіргені, кейін манжурлер Жоңғар хандығының шығыс бөлігін басып алғаны, ал Абылай бастаған қазақ батырлары батысында бұрын өздерінің қолдан кеткен терри[1]торияларын қайтарып алғаны. Кейін қазақтар үдере Шығысқа жорық жасайды.
Мына қытай тарихшылары жағынан қазірге дейін мойындалмай жүрген бір мәселе бар, жоңғарлар қазақ даласының қай жерлерін басып алды дегенді мойындамайды. Орталық Азияда 1635 жылы Жоңғар империясы құрылады, 1755 жылға дейін сол мемлекетін сақтап тұрды, ол мемлекетінің батыс шекарасы Шу, Меркі секілді қазақ жеріне дейін жетті. Кейін қазақ батырлары өз территорияларын қайтарып, Жоңғарды шығысқа қарай шегіндірді. Амурсана деген күрделі тұлға, Абылайдан көмек сұраған, Абылай ханның ойы оларды түбегейлі құртып жіберу емес, керісінше батысқа қарай жорық жасап келген манжурлердің ойында болды бұл. Абылай оларды батысқа қарай өткізбеген. Міне, осы тұста Қазақстанның қазіргі шығыс шекарасы Абылай заманында тұрақтанып болады. Шүршіттер бұл шекараның бойына сібе, дағұрларды, өздеріне бағынған жоңғарларды және торғауттарды орналастырған. Бұл сол кездегі мемлекеттік шекара болды. Соған да қарамастан қазақтар шекараның ары қарай өте бастады. Чиң үкіметі бұған қарсы шарт қойды, алым-салық төлейсің немесе біздің бодан боласың деген секілді. Бір ғасырға жуық бұл шекараға қармастан қазақтар ары өтіп тұрды. Ресей қазақ даласын басып алғаннан соң 1864 жылы Қытаймен қайтадан келісімшартқа отырып, сол кездегі қазақтың елбасыларының пікірімен шекараны тұрақтандырған. Соның өзінде де шекара сол Абылай хан кезіндегі белгіленген шекара бойынша қалыптасты. Кейінгі Еуропа жиһангердері де келген, Левшиннің картасында да көрсетілген. Қазір енді кейбір тарихшылары бұл территорияны орыстар шүршіттерден басып алған секілді көрсетеді. Мүлде олай емес, қазақтардың өз шекарасы. «Балқаштың оңтүстік шығысы біздікі» дейтін пікірі де осыдан шыққан. Бұл көзқарас 1890 жылдары Цинь империясы әлсіреген тұста ұлты қытай тарихшылары жағынан шыққан. Нақты шекара жағдайын көзімен көрмеген, үйінде отырып, сахараны, атты да көрмеген ғалымдар, ғалым да емес, әуесқой тарихшысымақтар сызған карталардан шыққан теріс пікір. Бұл теріс пікірлері қазіргі идеологиясына да әсер етіп бара жатыр, тіпті саяси үгіт деңгейіне көтеріліп кетті. Бұған тек нақты ғылыми деректерді көлденең қою арқылы ғана жауап береміз.
– Қазіргі кездегі отандық тарих ғылымына қандай баға берер едіңіз? Әсіресе, жас тарихшыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Әрине, оянып келеді. Түрлі бағытта ізденіс бар. Бірақ жас тарихшыларда көне тілдерді меңгеру жағы жетіспей жатқандай. Көбі жаңа техниканы жақсы меңгерген, бірақ көне тарихи тілдерді білмегендіктен терең зерттеулерге бара алмай жатыр. Көне тілдерді меңгермесе дүние жүзі ғылымы мойындамайды. Әсіресе, Батыста көне тілдерді білмесе оны шын эксперт ретінде мойындамайды. Көне карталарды зерттеу үшін латын тілін білуің керек, көне карталар туралы сөздіктер шыққан, соларды пайдалана алуы керек. Одан бөлек, көне түрік тілі, көне қытайша, кемінде шағатай тілін білу керек. Шағатай тілі Алтын Орда және Қазақ хандығы кезіндегі бәріне ортақ жазба тіл. Бірақ Қазақ хандығы кезінде қазақтардың өз тіліне бейімдеген шағатай тілі болды. Мұны «Көне қазақ тілі» деп те атап жүр. Абылай ханның хаттары бәрі осы тілде жазылды. Міне, осы тілдерді меңгерсе, түпнұсқамен жұмыс істей алады, тарихты біреудің еңбегі арқылы зерттей алмайсың. Түпнұсқадан дерек алу маңызды.
– Қазақ хандығы құрылуының ары жақ - бер жағындағы тарихи кезеңге қатысты талас-тартыстар көп. Өзбек, көшпелі өзбектер, қазақ атауларының қалыптасуына қатысты көзқарастар бірізділікке келмегендей. Осы атауларға қатысты пікіріңізді білсек дейміз?
– «Көшпелі өзбек» деген атауды кеңес ғалымдары шығарды. Бұл дұрыс атау емес, «көне өзбектер» десе болады. Өзбек ханның қарамағындағы ел түгел өзбек аталған кезінде. Тіпті мына Қытай деректерінде Қасым ханды «Өзбек Қасым» деп жазған деректер де кездеседі, «Өзбек Қасым елінен» дегендей. Бұл Шайбанидің өзбектері емес, бізбіз. Өзбек десе бәрі қазіргі өзбектерді ойлайды, бір кездерде Қазақстан кезінде «Өзбекстан» атымен аталды, Керей-Жәнібектен бұрынғы кезеңде. Қазақтардың өзі де «өзбек-қазақтар» аталып жүрді, кейін «өзбек» сөзі түсіп қалып, «Қазақ» аталды. Ол да сол Өзбек ханнан жалғасқан, сол кездегі хандықтың қамтыған көлемінің кең болуынан мұның бәрі. Былайша айтқанда, Өзбек ханның аты сол тұтса Алтын орданың тағы бір аты болып тұрды. Енді осылардан келіп шатасады көбі. Өзбек хан қайтыс болғаннан кейін оның иелігіндегі мемлекет үшке ыдырайды, бірі Шайбани өзбектер, екіншісі қазақ-өзбектер, үшіншісі маңғыт-өзбектер, яғни ноғайлар.
Енді «қазақ» деген сөзді өзгеден іздеудің қажеті жоқ, бұл көне түрік тілі. «Қазақтар» деп өзі алдына билік ұстап, орталыққа салық төлемейтін саяси күштерді атады. Алтын орда ыдырағаннан кейін саяси түс алған атау. Орыстардың «казак» дегендері де осы мағынадан шыққан. Мысалы Шайбани ханның қазақтардан жеңіліп Мәуреннахрға кетуін «қазақылық» деп атайды, «қазақы тұрмыс кешіп жүр» дейді. Керей-Жәнібектер хандардікі де осыған ұқсас, бір қарасаң Шайбани бізге жау емес, ол да өзіміз, туысымыз былайша айтсаң. Сонда «қазақтар» деген атау Еуразия даласында сонау ғұн дәуірінен бері келе жатқан. Тек, Алтын орта ыдырағаннан кейін ғана саяси мәнге ие болып, тарихи деректерге түсе бастаған.
– Мол деректі, сүбелі әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Естай БОЖАН.