"Бұл қалаға ғашық болмау - қылмыс". Алматы туралы шетелдік туристер не ойлайды?

  • 10:50, 04 шілде 2025
"Бұл қалаға ғашық болмау - қылмыс". Алматы туралы шетелдік туристер не ойлайды? сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Алматы десе бірден ойға тау, қайнаған тіршілік, кептеліс және демалыс елестейді. Еркіндікті сүйетін бұл қала - тұрғындар үшін де, келушілер үшін де қашан да осы дүниелерімен бағалы. Әсіресе оның тауын сүймейтін жан жоқ шығар, сірә?! Жыл сайын туристер ағылып баратын арайлы Алматы жайлы жұрттың ойы қандай? Аqshamnews.kz тілшісі Алматының қонақтар жиі келетін аймақтарына барып, туристермен тілдесіп қайтты. Толығырақ материалдан біліңіз. 

Панфилов саябағында турист неге көп?

Сапарымызды ең әуелі Алматыдағы ең танымал тарихи орындардың бірі - 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтан бастауды жөн көрдік. Бұл саябақты көбі кептерлермен байланыстырады. Десе де мұнда кептерлерден гөрі туристердің қарасы көп секілді көрінді.

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Алматыдағы Панфилов саябағы XIX ғасырдың 70-жылдары ескі зират орнына салынған деседі. Оның ортасында 1904-1907 жылдары сәулетші Андрей Зенковтың жобасымен салынған ағаш православиелік кафедралды собор тұр. Бұл шіркеу 1911 жылғы жойқын жер сілкінісіне төтеп беріп, сол кездегі сейсмотөзімді архитектураның жарқын үлгісіне айналған еді. Аталмыш ғимарат осындай ерекше тарихымен туристерді тартып тұрғаны анық. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

1975 жылы саябақта Даңқ мемориалы орнатылды. Содан бері бұл жер – соғыс ардагерлері мен қала тұрғындары үшін тағзым ету орнына айналған.

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Шіркеудің алдында кәдімгі саябақтың атмосферасы сезіледі. Балмұздақтар, ойын автоматтары, фотографтар, тәтті мақта, балаларға арналған ойыншықтар қаптап тұр. Алайда көзге бірден түсетіні - кептерлердің көптігі. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Жапа-тармағай бір мезетте аспанға көтеріліп, шеңбер жасап ұшқан құстар көптің таңданысын тудырды. Олардан мұндай әрекет күтпеген біз де таңырқап қалдық. Қанаттарын қаққан сәтте кенет көктен жел ескендей сезім қалдырды. Сонда жұмыс істейтін фотографтардың айтуынша, кептерлер бір мезетте бірнеше мәрте қайталап, осылай көкке көтеріліп, адамдардың "таңғалдырғысы" келеді екен. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Жоғарыда айтқанымыздай, кептерлерден кейін көзге түсетіні - туристер. Өзге мәдениет, өзге ұлт, өзге кейіптегі жандар сөзсіз бірден байқалады. Тарихи саябаққа келіп, танысып, суретке түсіп жатқандары жетерлік. Солардың арасынан Алматыға іс-сапармен келген Чен мен Вэй есімді қытайлық туристермен тілдесу бұйырды. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

"Алматының табиғаты ерекше әсем. Сөзсіз кез келген адамның жүрегін жаулап алады. Тыныш әрі жасыл қала. Жұмыс бабымен жүрсек те, мынандай көріністі көріп тұрып, қалайша тауға шықпауға болады. Арасында уақыт тауып бірнеше тауларды көріп қайттық. Бүгін осы саябақты аралауға уақыт таптық. Оның ерекше тарихымен де таныстық. Барлығы ұнап жатыр", – дейді олар. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

"Бешбармаққа ғашық болдым"

Қытайлық туристерден бөлек АҚШ-тан демалуға арнайы келген Райянның отбасымен таныстық. Олар Шымбұлаққа деген ерекше махаббаттарын жасырмады. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

"Алматының ауа райы жаныңды жадыратады. Таулары ертегі әлеміндей. Шарын, Көлсай – табиғаттың керемет сыйы екен. Мен Қазақстан туралы әлеуметтік желіден Шымбұлақты көріп білген едім. Қыста сноуборд тебуге болатын керемет мүмкіндігі бар екен. Сол мені бірден қызықтырды. Осы жолы келіп, Шымбұлақтың жазын көрдік. Енді қыста тағы келіп, міндетті түрде сноуборд тебуім керек. Бұл қалаға келген адам сөзсіз ұнатады. Алматыға ғашық болмау - қылмыс секілді, – дейді ол.

Райян сондай-ақ, қазақстандық асхананың дәміне таңдай қаққанын айтты.

"Мен кеше бешбармақты алғаш рет жедім. Дәмін енді айта алмаймын. Ғашық болдым. Ал құрттың дәмі… Оны сөзбен сипаттау мүмкін емес! Қатты ұнады", – деп күлді Райян.

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Панфилов саябағынан шығып, Алматы Арбатына жол тарттық. Жолай Райянның сипаттап, аузының суы құрыған "құртын" сатып отырған жасөспірімдерді байқадық. Құрт жайылған үстелді торуылдаған шетелдіктер біршама екен. Олар ұлттық тағамның дәміне таңғала да, тамсана да таласып жатты.

Алматының Арбаты

Алматының қақ жүрегінде орналасқан Арбат – қала тұрғындары мен туристер ең жиі келетін демалыс аймақтарының бірі. Жаяу жүргіншілерге арналған бұл аймақ Жібек жолы көшесінің бойында, Абылай хан және Назарбаев даңғылдарының арасын алып жатыр. Арбат бойында сан түрлі дүкендер, ескі ЦУМ сауда орталығы, шағын базарлар мен кәдесый сататын дүңгіршектер орналасқан.

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Түркиядан келген Исмаил мен Емине есімді ерлі-зайыпты Қазақстанға қысқа уақытқа тоқтауды жөн көріпті. Арбатта жолықтырған түрік ағайындарымызбен сөйлесіп, олардың неліктен аз ғана уақытқа келгені жайлы сұрадық. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

«Біз Алматыға бүгін келдік. Жолдан шаршап тұрғанымыз бар. Алайда айнала тап-таза, адамдар мейірімді екен. Қазақстанда үш күн боламыз, содан кейін Қырғызстан мен Өзбекстанға жол тартамыз. Ол жақтарда біраз күн боламыз. Бізге Өзбекстанның туризмі жақсы дамығандай болып көрінді. Десе де, Алматының әсем жерлерін көріп үлгереміз деп ойлаймын", – деді Исмаил бей. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Олар артынша Алматыдағы дәмді асханалар жайлы сұрап, алғыс айтып кетті. Қазақ халқының ақкөңілділігі мен қонақжайлығы оларға ерекше әсер қалдырған екен. 

Арбаттың қақ ортасынан тағы бір қытайлық туристерді кезіктірдік. Қолдарына карта ұстап алып, өзара тілдесіп келе жатқан үш келіншектің келбеті көзге бірден түседі екен. Жақындап барып, тағы да әңгімеге тарттық. 

"Алматы бізге ұнап жатыр. Бүгін келгенімізге үшінші күн. Медеуді араладық. Ауасы сондай керемет. Қатты ұнады. Енді осы саябақтарды аралап болған соң, Көлсай мен Шарынға турымыз бар" дейді Хао есімді турист. 

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

сурет: aqshamnews.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Айта кетейік, биыл алғашқы тоқсанда Алматыға 497 мыңға жуық турист келген. Бұл - былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,9 пайызға жоғары көрсеткіш. Әсіресе шетелдік туристер саны айтарлықтай өскен. Былтырғы сандармен салыстырғанда 18 пайызға артып, 145 мың адам келген. Ал ішкі туристер 0,4 пайызға көбейіп, 352 мың адамға жеткен. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:16

16:08

16:04

16:02

15:53

15:05

14:42

14:13

14:05

13:28

13:22

12:32

12:21

11:57

11:32

10:50

10:50

10:26

10:13

10:08

10:08

09:52

21:50

18:10

17:09