Өткен жолғы пайымымызда «... жаңа амал – Әз-наурыз кіреді. Ол келгенде күн жылынып, қар еріген үстіне ери түседі. Көп көже, тілеу көже, көк көже деген бұл амалдың жанама аттары бар. Осы мезгілде малшылар қатты аяздың өткенін сүйіншілеп бір қыстаудан екіншісіне қыдырып баратын болған. Әз сөзінің жақсы, игі деген мағынасы бар. Аяздың біткенін, жақсы күннің келгенін білдіру үшін әз атауын қойса керек...» деп жазғанбыз. Сол амал осы айдың 10-ынан кіреді. Айдың 15-іне дейін жалғасады.
Қазекең Наурыз мерекесін наурыз айының алғашқы күнінен бастап (ескіше 1 наурыз қазіргі 14- іне сәйкес), бір ай бойы мейрамдаған. Бабалардың айтуы бойынша, 8 күндік наурызнама ( ескіше 1– 8 наурыз, қазірг і күнтізбеде 14–21 наурыз аралығы) өтетін болған.
Қазақы есеп бойынша, жылдың басы – 14 наурыз. Осы күні «наурыздың ақшақары» жауады. Ертеде ол «Наурыз-айт» деп мерекеленсе, қазір «Амал» немесе «Көрісу » деп, жылдың басы ретінде қабылданып келеді. Бұл күні бұрынғылар (әсіресе, батыс аймақты мекендеген қазақтар) ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға төс қағыстыра сәлем береді. Қыстан аман-есен шыққанына қуанып бір-бірімен табысып, қауышып дидар ғанибет болған. Бір жас қосуымен құттықтаған.
Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілектер айтады. Қыстың ызғарлы үш айы бітіп, тоқсан шыққан күн де о сы – наурыздың 14-і. «Көрісу» бұрындары еліміздің батыс өңірінде ғана аталып келсе, соңғы жылдары еліміздің көпшілік аймақтарында қызу тойланатын дәстүрге айналды.
Қазақ – наурызды Орта Азияны мекендеген өзге туыс халықтарға қарағанда бірден-бір асыға күтетін, сағына аңсайтын, торыға тосатын халық. Наурыз көжені наурыздың 14-інен бастап әзірлей берген.
Аптаның бір ерекше қуаны- шы – елімізге, тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қайғы- қасірет, орны толмас апатты жағдайларды ала келген көкше қоян жылымен қоштасатынымыз. Қоян жылының басында «Қоян секіріп келіп, секектеп кетеді» деп жазғанбыз. Қазекең қоян жылын жақсы атамаған. Қай кезде де сақтанып, абай болып жүрген. Тарихқа көз салсақ, қоян жылының талай зобалаңды алып келгеніне куә боламыз. Шағын қоян әлемді шайқап тұр...
Сонымен амандық болса, енді бес күннен кейін қазақтың жыл санауы бойынша Ұлу жылы кіреді, демек табиғат сахнасына шығады. Ұлу деген атауға байланысты ұзақ жылдан келе жатқан дау-дамайлар аз емес. Ол туралы пікірімізді келесі пайымның еншісіне қалдырдық...
Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, наурыздың – 8-і. Ай жүйесімен айдың 27-сі. Қазақша енді 3 күннен кейін жаңа ай басталады. Апта айдың басын да, ортасын да, соңын да қамтып тұр. Бұл көрініс 8 – 15 наурыз аралығында ауа райы құбылып, жауын-шашын болатынын аңғартса керек. Күннің жылуы да ептеп азаяды. Бірақ ол ұзаққа созылмайтын секілді. Cебебі, Жаңа жылдың, сағыныштың, бірліктің, ынтымақтың символы атанған «Көрісу» мерекесі осы аптаның еншісінде.