Алматы қаласында ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Терроризмге қарсы орталық бөлімінің үйлестіруімен, сондай-ақ қалалық Полиция департаменті мен Дін істері басқармасына қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығы мамандарының қатысуымен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ұжымы мен студенттеріне арналған терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндіру-профилактикалық іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттеріне террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризмге қарсы қорғалу талаптарын түсіндіру, сондай-ақ жастар арасында экстремизм мен терроризмге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру болды.
Кездесу барысында студенттердің санасына әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар арқылы әсер ету және манипуляциялау әдістері, экстремистік және террористік ықпалдың алдын алу жолдары қарастырылды.
Сондай-ақ объектілердегі терроризмге қарсы алғашқы әрекет ету алгоритмі, күдікті адамдар мен заттарды анықтау тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шара соңында ҚР ТҚО штабының материалдары негізінде Департамент даярлаған бейнематериалдар көрсетілді.