Президент бастамаларын Үкімет қалай жүзеге асыруда?

Президент бастамаларын Үкімет қалай жүзеге асыруда? astanatv.kz

14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда қызу талқыланған мәселелерге қатысты пікір айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономика­лық, салық саясаты, идеологиялық салалар бойынша бірқатар бастама көтерді. Олардың басым бөлігін Үкімет жүзеге асырады. Сондықтан мақалада маңызды жиыннан кейін қолға алынған жұмыстарға көз жүгіртеміз.

 

Бастамаларды орындау жоспары қабылданды

1 сәуірде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасында Президенттің Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтер­ген бастамаларын орындау жоспары қабыл­данғанын хабарлады. 53 тармақтан тұратын құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе дайындаған. Онда келесі бастамалар қамтылған:

  • «Қазақстан балалары» бірыңғай бағ­дарламасын әзірлеу;
  • Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту;
  • Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026–2028 жылдарға арнал­ған жаңа кешенді жоспарын қабылдау;
  • Ұлттық цифрлық архив құру;
  • Бизнес өкілдерін тарта отырып, аймақ­тарда театрлар салу және дамыту, сондай-ақ ұлттық театрларға қолдау көрсету;
  • Шетелде Абай институтын ашу;
  • Халықаралық биологиялық әралуан­дықты қорғау қорын құру;
  • «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзе­ге асыруды жалғастыру, үш жылда 1300 мектепті жаңғырту;

Ерекше қажеттілігі бар адамдарға ар­налған заманауи оңалту орталықтарын ашу, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орта­лықтарын құру;

Өңірлерді дамыту тұжырымдамасына қатысты тың тәсілдерді енгізу;

2025-2026 жылдары ірі инфрақұры­лымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолын салу және жаңғырту, Арқалықтағы әуежай­ды қалпына келтіру және жаңа аэровокзал кешенін салу;

Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу.

Үкімет жұмысты белсенді бастады

Парламент Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетсе, Үкі­мет атқарушы орган ретінде оны орындау­мен айналысады. Біз «14 наурыздан бері Үкімет не атқарды?» деген сұраққа жауап беру үшін оның ресми ақпараттық ресурста­рын шолып шықтық.

Ең алдымен, Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің билікке келгеніне 6 жыл толуына орай арнайы мақала жазды. Мақала 17 наурызда Премьер-министрдің ресми сайтында жарияланды. Онда еліміздің соңғы алты жылдағы әлеуметтік-экономика­лық жетістіктері атап өтілген. Соның ішінде 2024 жылы ЖІӨ 288 млрд, ал жан басына шаққанда 14 мың АҚШ доллары болғаны айтылады. Бұл шынында да жетістік.

Әрине, мұнымен тоқтап қалуға болмай­ды. Себебі, еліміз «орташа өсім торынан» шығуы тиіс. Президент өз Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, Ұлт­тық құрылтай жиындарында осы бағытта бастамалар көтеріп келеді.

Қысқа уақыттың ішінде Үкімет басшылы­ғы мен мүшелері Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысындағы бастамаларды жүзеге асыру үшін бірнеше жиын өткізді. Атап өтер болсақ, Олжас Бектеновтің басшылығымен:

17 наурызда Үкімет отырысы өтті. Онда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұ­манғарин, экс-энергетика министрі Алмаса­дам Сатқалиев, Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Ны­санбаев секілді Үкімет мүшелері баяндама жасады. Баяндама жасаған министрлердің құрамынан-ақ маңызды қорытынды жасауға болады. Ұлттық құрылтайдағы бастамалар­ды жүзеге асыруға басты жауапты Серік Жұ­манғарин екенін байқаймыз;

27 наурызда Премьер-министр Павло­дар облысына жұмыс сапарымен барды. Онда өнеркәсіпті дамыту бойынша мәселе­лер қаралды. Президент құрылтайда бұған аса мән берген;

1 сәуірде өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Жиын­да Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, ХҚКО жұмысы және халыққа қызмет көрсету тәртібі туралы «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ бас­қарма төрағасы Арман Кенжеғалиев, «Электронды үкіметте» әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру барысы туралы BTS Digital бас директоры Нұртай Әбілға­лиев, банк жүйелерінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы – Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе мен Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Ти­мур Турлов баяндама жасады. Президент цифрландыру мен ЖИ саласын дамыту мәсе­лелерін жеке өзі бақылауда ұстайтынын мәлімдеген болатын. Сондықтан цифрлан­дыру саласын талқылауға Үкімет мүшелері ғана емес, жеке сектор өкілдері де қатысқан;

7 сәуірде Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер­мен кездесу өткізген. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының барысы, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ қосымша пысықтауды қажет ететін өзара іс-қимыл бағыттары тал­қыланған. Мемлекет басшысы Жолдаула­рында және биылғы құрылтай отырысында ауыл шаруашылығына мән берді. 2024 жылы қабылданған экономиканы либерали­зациялау құжатында да АШК негізгі өсім драйверлерінің бірі ретінде көрсетілген.

Осы және өзге де жиындарды талдай келе мынадай қорытынды жасауға болады: жалпы билік цифрлан­дыруға және диалогқа басымдық беруде. Диа­лог көбіне салалық ма­мандармен жасалуда.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:21

17:55

17:38

17:26

17:19

17:09

16:52

16:51

16:39

16:31

16:25

16:11

16:00

15:41

15:30

15:10

14:39

14:35

14:29

14:14

13:26

12:49

12:35

12:33

12:17