Күз мезгілі – театр, филармония, концерт залдарының кезекті маусымы ашылып, көрермен қауым мәдени шаралар мен рухани кештерге кенелетін ең бір жайлы, жайдары кезең.
Афишаларға көз жүгіртсек те түрлі концерттер мен өнер кештері қарқынды өте бастағанын байқаймыз. Жан дүниені байытар шаралардың молынан өтуі, әрине, құптарлық та, қуанарлық та жайт. Бұл ретте, көңілді сәл жабырқататыны – осындай кештердегі фонограмма мәселесі.
Елімізде фонограмма қолдануға қатысты ресми шектеу бар. 2021 жылы «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соған сәйкес: әншілер, өнерпаздар фонограмма қолданатын болса, бұл туралы көрерменге алдын ала ескертуге міндетті. Яғни, ол афишада, жарнамада немесе сахнадан айтылуы керек. Бұл – тыңдарманды алдамау үшін енгізілген норма. Басқаша жағдайда шараны ұйымдастырушыларға ескерту берілуі, тіпті айыппұл салынуы тиіс. Өкінішке қарай, бұл талап орындала бермейді.
Әншінің жанды дауыспен емес, алдын ала жазылған дыбыспен өнер көрсетуі – техникалық жағынан түсінуге болатын құбылыс. Бірақ мәселе – мұның шынайы өнерге қатысы қаншалықты екендігінде. Музыка – жүрек тілі. Ән – сөздің әсері, сезімнің үні. Ол тыңдаушы мен орындаушы арасындағы көрінбейтін көпір іспетті. Ал сол көпір шынайы болмаса, оның арғы бетіне өткен тыңдарман не табады?..
Жалпы, көрермен концертке, өнер кешіне не үшін барады? Сәнді киінген әншіні көру үшін бе әлде жанды сезімді жүрекпен тыңдау үшін бе? Тікелей эфир, live концерт, шоу, фестиваль... қайсысына барсаңыз да, сахнадан естілер дауыс шын ба, жазба ма, кейде тіпті ажырату да қиын.
Ал шынайы өнердің айнасы, ол – жанды дауыс. Әнші шеберлігінің басты көрсеткіші де – сол. Жанды дауыста қате де кетеді, әншінің шаршағаны да байқалады, бірақ ең бастысы, ол – тірі, ол – адамның өз үні, өз эмоциясы.
Жанды орындауда әншінің тыныс алуы естіледі; микрофонға жақын-алыс қозғалған сайын дауыс деңгейі өзгеріп тұрады; би билеп жүргенде дауыс дірілдеуі мүмкін; ән мен көрерменнің арасындағы жанды байланыс орнайды. Бұл – сахнадағы шындық. Бұл – музыканың тірі табиғаты.
Фонограмма өнерпаз үшін ыңғайлы, бірақ көрерменге әсерсіз. Иә, кейде фонограмма – техникалық қажеттілік. Мысалы, үлкен ареналарда дыбысты үйлестіру қиын, дауыс жоғалып кетуі мүмкін. Алайда ол әншінің кәсібилігіне емес, сахнаның жағдайына байланысты таңдалатын шешім болуы тиіс. Бірақ өкініштісі, кейбір орындаушылар фонограммаға үйреніп кететіні сонша, жанды дауыспен айтуға жүрегі мүлде дауаламайды. Әуенге ілесіп, «аузын жыбырлатып» қана тұратын ондай әншілер бізде жетіп-артылады. Рас, фонограммада бәрі мінсіз; әншінің демі естілмейді; қимылдаса да, секірсе де дауыс өзгермейді; микрофоннан алыстаған кезде де дауыс бірқалыпты шыға береді. Былайша айтқанда, тыңдаушыға студиялық дыбыстың көшірмесі ғана ұсынылады.
Ал көрермен не күтеді? Көрермен көркем сөздің, әсерлі әуеннің қадірін біледі. Ол сахнаға қарап тұрып, тек «қатты шыққан дыбысты» ғана емес, жүректен шыққан үнді тыңдағысы келеді. Ол эмоция күтеді, шынайылық күтеді. Әсіресе, қазіргідей заман жаңарған, талғам артқан кезеңде көрерменді алдау мүмкін емес. Көзіқарақты жұрт бәрін сезеді, байқайды. Әншімен бірге ән айтып, қосылып кетуге де дайын. Бірақ ол үшін сахнадағы өнер жанды, әсерлі, адал болуы тиіс.
Әсіресе қазақтың ән өнері – тек әуен емес, ол – сөз бен сезімнің үйлесімі, ұштасуы. Айтыс пен терме, жыр мен толғау, барлығы да жанды дауысқа құрылған. Біз ғасырлар бойы дауыспен рух берген, сөзбен елді толқытқан халықпыз. Сондықтан қазіргі эстрада да сол дәстүрден ажырамауы керек. Жанды дауыспен орындаудан қашқан әнші өзіне де, көрерменге де қиянат жасап тұрғанын сезуі керек.
Концерт – көңіл көтеру ғана емес, жан дүниені тазарту, шабыт алу, рухтану шарасы. Ондай ортада жасанды дүние емес, шынайы өнер қажет. Ал шынайы өнер – жанды дауыс пен терең сезімде, адал орындауда.