Талдықорған станциясы маңындағы жекеменшік кірме жолда бес цистерна өздігінен қозғалып, соның салдарынан Талдықорған – Қарабұлақ бағытындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Оқиға 31 қаңтарда сағат 21:36-да Bars Build компаниясына тиесілі кірме жолдың №215 қосу жолында болған. Жүк тиелген бес цистерна күтпеген жерден орнынан қозғалып кетіп, олардың екеуі №214 сақтандыру жолындағы тұйық тіреуге соғылғаннан кейін рельстен шыққан. Зардап шеккендер жоқ, сондай-ақ цистернадағы сұйықтықтың төгілуі немесе ағуы тіркелмеген.
Апат салдарын жою үшін оқиға орнына 25 маман және 7 техника жұмылдырылған. 1 ақпан сағат 00:25-тен бастап Талдықорған – Қарабұлақ аралығы қозғалысқа жабылып, салдарынан №3604 пойызы жолда кідірген.
Қазақстан темір жолы оқиға компанияның жауапкершілік аймағына кірмейтін жекеменшік жолда болғанын атап өтті. Қазір арнайы комиссия құрылып, вагондардың өздігінен қозғалу себептері анықталып жатыр.