Коллектордан қорқудың қажеті жоқ!

Коллектордан қорқудың қажеті жоқ! almaty-akshamy.kz

Коллекторлар банктен несиені алуын алып, уақытында қайтара алмай жүргендердің туыстарына, тіпті жұмысына хабарласып жатады. Көбі қарыз алмас бұрын әр банктің шарттары мен ұсыныстарын зерттеп барып, тиімдісін рәсімдеу керек екенін білмейді. Егер коллекторлар борышкермен байланыса алмаса, оның туысы мен танысына қоңырау соғуы мүмкін. Бұл талап қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шартында көрсетілуі керек. Несиені төлеуден гөрі алу жолы – оңай әрі жеңіл. «Азаматтар құқықтық сауаттың жоқтығынан қарызды заңға сүйеніп қайтару жолын білмейді», дейді қаржы сарапшылары.


Негізі коллекторлық агенттік телефон арқылы келіссөздерді жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін үш реттен артық жасамауы керек және бөгде телефон нөмірінен қоңырау шалуына болмайды. Коллекторлық агенттіктердің борышкерлермен байланыс жүргізетін барлық телефон нөмірі ресми түрде тіркелуге тиіс әрі коллекторлық агенттіктер бұл жайында қаржы реттеушісін хабардар етеді.


Коллекторда мүлікті алып қою құқығы жоқ. Мұндай құқық тек сот орындаушысына тиесілі. Сондықтан коллектордан мүлікті тартып алады, шоттарды бұғаттап, шетелге шығуға шектеу қояды деп қорқудың қажеті жоқ. Борышкердің мүлкі тек сот шешімімен ғана алынады. Коллектор мерзімі өткен берешектің бар екені және оны сотқа дейін реттеу қажеттігі туралы ғана хабарлайды.



Банктегі қарыз бойынша ескертумен үйге келген нотариалдық атқарушылық жазбаның, сот шешімі мен сот үкімінің маңызын түсінбейтіндер бар. Мысалы, кейбір азаматтар соттан келген шешім немесе сотқа шақырту туралы хабарламадан  қорқып жатады. «Соттайды» деп ойлайды. Сондықтан ұялы телефонын көтермей, несие төлеуден қашып жүреді. Сот үкімі тек қылмыстық іс, ал шешім азаматтық істер бойынша шығарылады. Сондықтан соттан келген шешім – үкім емес. Сот үкімін орындауға міндетті, ал сот шешімінің күшін жоюға болады. Сот үкімі мен шешімі екі бөлек нәрсе.  Ал нотариалдық атқарушылық жазбаға басқаша қарайды. Ол соттан емес, нотариустан келгеннен кейін жазбаға атүсті қарап, мән бермейді. 10 күн ішінде борышкердің тарапынан наразылық болса, нотариус берген жазбаның күші жойылады. Азаматтар нотариустан келген атқарушылық жазбаның күшін жою үшін арыз жазбайды. Кейін бұл жазба күшіне еніп, борышкердің шотына бұғат қойылады.



Коллекторлық қызмет туралы Заңда коллекторлар хабарласқан кезде жазбалары аудио нұсқада жазылу керек екендігі көрсетілген.


Коллектор борышкерге хабарласқан кезде  өзінің аты-жөнін, коллекторлық компанияның атын, банк немесе микроқаржылық ұйым коллекторлық компанияға осы істі берген кездегі жасалған келісімнің көшірмесін беруге тиіс.


Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке несиелерді коллекторлық агенттіктерге сатуына тыйым салуды ұсынды. Агенттік төрағасы қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары жеке несиелерді коллекторлық агенттіктерге айтарлықтай жеңілдікпен сатып жатқанын атап өтті.



«2019 жылдан бері коллекторлар мен жеке сот орындаушыларына қатысты шағымдар көп түсе бастады. Оның себебі, сол жылдан бастап микроқаржылық ұйымдардан қарыз алу белең алды. Микроқаржылық ұйым туралы Заң 2007 жылы бекітілгенімен, 2019 жылға дейін несие беретін бұл ұйымдар туралы айтарлықтай мәселе болмады. Тек сол жылдан бастап елдегі эпидахуалға, азаматтардың жұмыссыз қалуына байланысты көбі көшеде тұратын сенімсіз терминалдардан несие ала бастады. Өкінішке қарай, микроқаржылық ұйымдардың сыйақылары заңға қайшы. Заңда ең көп үстеме төлем 56 пайыз болса, қаржылық ұйымдар заңды ескермей, 100, 200 пайызға дейін еселейді. Одан бөлек, микроқаржылық ұйымдардың көбінде лицензия жоқ. 2021 жылдан бастап коллекторлық компанияларға лицензия алу талабы қойылды. Егер азаматтар микроқаржылық ұйымнан қарыз алып, бірақ ұйымның лицензиясы бар-жоғын білмесе, үстемақысыз, негізгі қарызды ғана қайтаруы керек.



Заңгерлік кеңес сұрап келетін азаматтардың 80 пайызының есепшоты бұғатталған. Яғни олардың қарыз істері бойынша нотариалдық атқару жазба мен сот шешімі шығып, сот орындаушылары олардың шотына, нотариалдық әрекеті мен шетелге шығу құқығына тыйым салған.


Борышкердің қарызы заң бойынша 150 мың теңгеден асса, шетелге шығуға тыйым салынады. Шотына бұғат  қойылған-қойылмағанын, қай тараптан қойылғаны туралы ақпаратты қайдан алуды білмейтіндер көп. Әділет министрлігінің ресми сайтынан өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы қай жерде, қандай қарызы барын  біле алады.  


Екінші мәселе – коллекторлардың борышкерлерге деген қарым-қатынасы өте нашар. Неше түрлі балағат сөз айтып, қорқытады. Борышкердің туыстарына, тіпті көршілеріне хабарласып, жөнсіз мазалайды. Коллекторлық қызмет туралы Заңдағы ережелерге сәйкес коллекторлар борышкер қарыз алған кезде өзі көрсетпеген үшінші тұлғаға хабарласуға құқығы жоқ. Борышкер несие немесе микроқаржылық ұйымнан қарыз алғанда 2 тұлғаның (туысы, танысы) нөмірін береді. Коллекторлар сол 2 тұлғаға ғана хабарласа алады. Заңда үшінші тараптардың ішінде әсіресе, жұмыс берушілерге хабарласуға қақысы жоқ деп анық жазылған. Коллекторлар бұл заңды елемей, борышкер жұмыс істейтін жерге дейін хабарласады.


Тұлғаның қарызы туралы ақпарат – конституциялық жеке дербес дерек. Азаматтың несиесі барын үшінші тарапқа айтқаны үшін коллектор жауапқа тартылуы керек.


ҚР  Азаматтық кодекстің 725-1 бабына сәйкес, алған қарыз қаншаға еселенсе де, 100 пайыздан аспайды. Мәселен, борышкер 1 млн теңге қарыз алса, оның үстеме төлемімен бірге негізгі қарызды қоса алғанда, барлығы 2 млн-нан аспауға тиіс. Ал микроқаржылық ұйымдар борышкердің қарызынан бірнеше есе пайда көріп отыр. Мұндай заңсыз әрекетке тыйым салынуы керек», – дейді заңгер Меруерт Мұқажан.  


 


Есіңізде болсын!


*Егер «коллектормын» деп хабарласқан адам аты-жөні мен қай коллекторлық ұйымнан хабарласқанын айтудан бас тартса, қарызыңыз туралы ақпаратты айтпауға құқығыңыз бар. Коллектор болсын, өзге де қызметкерлер болсын, өзін толық таныстыруға міндетті. Өзін таныстырмаған адаммен сөйлесуге міндетті емессіз!


*Коллектордан аты-жөнін, мекеменің атауын, мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірін, мекеменің ресми телефондары мен электронды поштасын, сайтын сұрап алған жөн. Бұл ақпарат шағым жазған кезде керек болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
1
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:15

19:50

19:26

19:23

19:21

19:17

19:16

19:12

18:45

18:15

17:55

17:50

17:35

17:20

17:10

16:38

16:14

15:24

14:59

14:39

14:38

14:06

13:06

13:04

12:59