8 қыркүйек – Халықаралық сауаттылық күні.
1966 жылы ЮНЕСКО бекіткен бұл атаулы күн ресми түрде 1967 жылдан бері аталып келеді.
Бұл күн жалпы сауаттылықты тек оқи-жаза білу тұрғысынан ғана емес, мәдениет, тіл тазалығы, ақпаратты дұрыс қолдану сияқты барлық саланы қамтитын кең ұғым екенін еске салады. Aqshamnews.kz редакциясы сауатты жазу мәдениеті жағынан да кейбір мәселелерді талдап көрді.
Қазір әлеуметтік желінің, хабарламалар мен қысқа ақпараттар ағынының ағыл-тегіл тасқындап, ақтарылып жатқан дәуірі. Әдейі болмаса да, асыққанда немесе білместікпен жіберіп жататын кемшіліктер жоқ емес. Бүгін жиі жіберіп алатын, тіпті оны қате деп елемейтін бірқатар олқылықтарды талдап көруді жөн санадық. Төменде ұсынылған кейбір мәліметтерді филолог, аудармашы, тіл жанашыры, «Калькасыз қазақша» телеграм арнасының авторы Назгүл Қожабек ұсынған ақпарат негізінде талдап көрдік:
- «Айтатын боламыз, жариялайтын боламыз».
Осы сынды тіркестерге құлағыңыз үйреніп кеткен болар. Тіпті бұлай қолдану орынсыз деп ойламайтындар да бар.
Дұрысы: «Айтамыз, жариялаймыз».
- «Киеу», «кию», «киюім»
Мысалы, «күйеу» деген сөзді «киеу», «кию», «киюім» деп қате жазып «күйдіретіндер» көбейді.
- Сұраулы етістіктер
Байқасаңыздар, кейінгіде әлі жауабы айтылмаған сұраулы сөйлемде «Айтады ма? Жазады ма? Барады ма? Қатысады ма» деп сұрау да жиілеп кетті. Дұрысы – «Айта ма? Жаза ма? Бара ма? Қатыса ма» деген жөн.
- «Ойымен бөлісті» тіркесі
Ақпарат жазатын әріптестеріміздің арасында «маман бұл туралы ОЙЫМЕН БӨЛІСТІ» деген қателік кейінгі кездері көп ұшырасып жүр. Дұрысы: «Сарапшы ОЙЫН БӨЛІСТІ» немесе қазақшалағанда «ойын білдірді» деу дұрысырақ болар.
Дұрысы – «Ойын бөлісті» немесе «ойын білдірді».
- Калька аударма немесе кірме сөздерді түрленту, яғни жалғау жалғаған кезде жіберілетін қателіктер.
Мысалмен ұсынып көрейік. «Дизельді зауыт». Бұлай қолдану калька аудармадан туындаған қателік. Орыс тіліндегі «дизельный завод» сөзі тікелей аударылған. Түсініктірек болу үшін орыс тіліндегі «кирпичный завод» деген ұқсас тіркесті аударғанда қазақшасы «кірпішТІ» зауыт болып шыққанмен бірдей.
Дұрысы: Дизель зауыты, кірпіш зауыты
- «Өкінішке қарай» мен «өкінішке орай»
Бұл тіркестер де кейде орынсыз қолданылып жатады. Бұл қыстырма сөздер аз талқыға түскен жоқ. «Өкінішке орай» деуге болмайды» деп қанша ескерту айтылғанымен, көп жазарманның осы қателіктен бас тартар түрі жоқ. Негізі, «орай» жақсы, жағымды мәні бар сөздерге жалғанып, айтылып-жазылуы керек. Мысалы, осы қуанышқа орай. Дұрысы – «өкінішке қарай». Тіпті болмаса, «бір өкініштісі» деген нұсқаны пайдалансақ жөн болады.
Бұл - біздің назарымызға ілінген бірнеше мысал ғана. Қате жазу көбейген сайын тілдің табиғи заңдылықтары бұзылады, ал жастар осы қолданыстарды қалыпты деп қабылдай бастайды.
ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша шамамен 770 миллион ересек адам әлі де оқып-жаза алмайды. Әр елде осы күні конференциялар, білім беру акциялары мен флешмобтар өткізіліп, мектептер мен университеттерде жазу мәдениетіне арналған дәрістер ұйымдастырылады. Кітапханалар сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдарды жұртшылық назарына ұсынады.
Әлемдік сауаттылық көрсеткіштері
Слово и дело сараптамалық порталының деректеріне сәйкес, 2020 жылға қарай әлем халқының жалпы сауаттылық деңгейі 87%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. 2021 жылы әлем халқының небәрі 13,8%-ы ғана сауатсыз болғанымен, білімге қолжетімділікте айтарлықтай теңсіздік сақталуда.
- Аймақтық айырмашылықтар: ең жоғары сауаттылық Солтүстік Америка, Еуропа және Орталық Азияда байқалады (шамамен 99%). Ал Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде бұл көрсеткіш небәрі 68%.
- Жас ерекшеліктері: барлық елдерде жастардың білім деңгейі егде жастағы адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары.
- Күрделі жағдай: Чад, Мали, Буркина-Фасо және Нигер секілді елдерде ересектердің сауаттылық деңгейі әлі де 50%-дан төмен.
Бұл деректер бір жағынан ілгерілеуді көрсетсе, екінші жағынан, білім беру мүмкіндіктеріндегі теңсіздікті айқындап отыр.
Қазақстандағы сауаттылық жайы
Қазақстан ресми деректер бойынша жоғары сауаттылық деңгейін сақтап отыр. Дегенмен, сауаттылық тек әріп танып, жазу білігі ғана емес, ол – дұрыс, мәдениетті қолдану екенін ескерсек, жағдай көңіл көншітпейді. Әсіресе, қазақ тіліндегі жазу мәдениетінде соңғы жылдары елеулі кемшіліктерді көзбен көріп, естіп те жүрміз.
Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр:
· Әлеуметтік желідегі бейқам жазу стилі;
· Жылдам хабарласу үшін қысқартылған сөздер мен қате тіркестерді қолдану;
· Кейде ресми ақпарат құралдары мен телеарналарда кететін қателіктер;
· Мектеп бағдарламасында тіл мәдениетіне жеткілікті көңіл бөлінбеуі;
· Орфографиялық қырағылықты арттыру үшін кітап оқудың аздығы.