Алматы музейі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесін ұсынды, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
«Күні кеше Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Әуезов театрын асқан ілтипатпен атап өткені де жайдан-жай емес. Елімізде 76 театр бар болса, солардың ішінде «әкемтеатрды» бәрінің темірқазығы, бәйтерегі деп әспеттесек артық емес. Және оның біздің Алматыда орналасуының өзі зор мақтаныш. Бізге рухани байлық сыйлап жүрген өнер адамдары, олардың жүріп өткен тағылымды жолы туралы осындай көрмелер арқылы да біліп, танысу, әсіресе, жастар үшін үлкен олжа деп ойлаймын», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.
Театр мұражайының жетекшісі Наргиз Тамабекқызы 100 жылдыққа 100 жәдігер алып келгендерін атап өтті.
«Өткен тарихымызды, әсіресе, мәдени тарихымызды білу – бұл өсудің, жоғарылаудың кепілі. Қазіргі жас жеткіншек технологияға, жасанды интеллект дейміз, соған бейім болып өссін дейміз. Дейтұрғанмен, кешегі ата-басының қанында, жанында не бар еді, оның сүйіп тыңдаған әуезді әні, ертегі, жыр-дастаны қандай еді? Міне, содан өркендеп-өскен бала толыққанды адам болады. Бұл Абай айтқан анықтама. Осынау көрмедегі әрбір экспонат, әр кадр Әуезов театрының ғана емес, қазақтың жүріп өткен жолы, абыройы сияқты көрінеді маған», – деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Көрмеден орын алған экспонаттар арасында театр тарихына қатысты архивтік құжаттар мен фотосуреттер, 1940 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі спектакль афишалары, сондай-ақ көрнекті театр майталмандарының сахналық костюмдері бар. Атап айтқанда, Ә.Молдабековтің «Ваня аға» спектакліндегі, Ш.Жандарбекованың «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы, З.Шәріпованың «Отелло» спектаклінде Дездемона рөлінде киген киімі, сондай-ақ Т.Жаманқұловтың Абылай хан бейнесіндегі сахналық костюмі бар.
«Бүгінгі іс-шарадан жастарды көріп қуанып тұрмын. Театр да, музей де бізге рухани азық бере алатын орда деп есептеймін. Мен көбіне таксимен жүремін. Сонда қарап отырмай жүргізушіні әңгімеге тартатыным, театрға шақыратыным бар. Ондағы ойым – күйкі тірліктің жетегінде кетпесек екен деймін. «Оған уақыт жоқ қой» дейді көбі. «Тым болмаса екі айда бір рет балаларыңызды әдемі киіндіріп алып, жұбайыңызды қолтықтап театрға неге келіп тұрмасқа?! Жанның жадырап, рух алып тұрғаны абзал», – деймін. Әйтеуір жүрген жерімізде жақсылықты насихаттаудан шаршамауымыз керек», – деді әдебиет және театр сыншысы Әлия Бөпежанова.

Көрменің негізгі мақсаты – ғасырлық тарихы бар ұлт театрының шығармашылық жолын кеңінен насихаттау, көрерменге қазақ театр өнерінің дамуын таныстыру және жас ұрпақтың рухани-мәдени құндылыққа деген қызығушылығын арттыру.
Көрме Алматы музейінің төрінде ақпанның соңына дейін тұрады.