Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драматургиялық шығармалар жинағы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр.
Елордамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық академиялық музыкалық драма театрында тұсауы кесілген «Жошы хан» тарихи драмасының дақпырты премьерадан бері жылдан аса уақыт өтсе де, әлі басылмай тұр. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың газетке берген сұхбатында Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл болғанына айрықша мән беріп, тоқталуы да тарихи қойылымның маңызын одан әрі арттыра түскендей. Спектакльдің премьерасын арнайы барып тамашалаған Президент: «Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау», деп қойылым құндылығына тоқталып, шығармашылық ұжым әлеуетін жоғары бағалаған болатын.
Көп көңілінен шыққан тарихи туындыны жазған драматург Думан Рамазан болса, оған сахналық өмір сыйлаған қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Театр репертуарын тарихи тақырыптағы тың туындымен толықтырған қойылымның өзектілігі сол – Жошы тағдыры арқылы қазақ тарихының тереңіне бойлайды. Атауы айтып тұрғандай, драманың негізгі идеясы – қазақ даласындағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен, Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы ханның бейнесін ашуға арналған.
Расымен де, қазақ театр тарихында тұңғыш рет сахнаға жол тартқан Жошы бейнесінің көрермен үшін маңызы мол. Түркі баласын бір тудың астына жинап, артынан ерген елдің тыныштығы мен біртұтастығын ойлаған оғлан, Шыңғыс ханнан кейін қаны түркі баласына бір шаңырақтың астына бас қосқызып, бір қазаннан дәм татқызған, тағдырын бір қазыққа байлаған Жошы өмірі елдің елдігін, ділдің бастауын көрсететін құндылық десек, қателеспейміз.
Ұлттық мемлекеттігіміздің алтын дәуірі болған Жошы ұлысының негізін қалаушы, хандардың атасы Жошы тағдырына арналған драма тартысқа толы. Шымылдық түрілгеннен-ақ дәуір атмосферасын ала келген көне сарын көрерменін баурап алып, бірден қойылым ішіне енгізеді. Бұл үшін ең әуелі спектакльге музыка жазған композитор, этномузыкант Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетовке алғыс айту керек.
Әрі қарайғы оқиға Үргеніш шаһарын басып алу жолындағы Шағатай мен Жошы арасындағы текетіреске ұласып, хандық ішіндегі дау-дамай драма қайшылығын ширықтыра түсті. Басты рөлде ойнаған актер Қайыржан Садықов дебюті болғанына қарамастан Жошы бейнесіне барынша бойлауға тырысыпты. Алғашқы көріністен-ақ Жошының бойындағы биік гуманистік идея көрінді. Әртіс фактура, сөз саптау жағынан да көңілге құрмет орнықтырды. Десе де тәжірибенің аты тәжірибе емес пе, сахнаға Шағатай рөлінде жарқ етіп «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жасұлан Ерболат шыққанда назардың бәрін талантты актер бірден өзіне баурап алғандығын мойындаймыз. Бұл әлбетте туабітті талантпен қатар сахналық мол тәжірибенің арқасында екендігі сөзсіз. Осы жағынан келгенде Жошы Шағатайға есе жіберіп алды. Әйтсе де басты рөлдегі алғашқы тәжірибе екендігін ескерсек, Қайыржан Садықовтың еңбегі де ескерусіз емес. Жас актер бойынан жақсы ізденіс іздері көрінді. Осы жағынан оған лайықты қошемет көрсетуге әбден болады.
Спектакльдегі айрықша атап өтуге болатын тағы бір рөл – Шыңғыс хан бейнесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаевтың сомдауындағы түрлі бейнені көріп жүрсек те, Шыңғыс хан соның ішіндегі бір төбесі болыпты. Ірілі-ұсақты рөлдер ішінен жарқырай көрінген сәтті ізденіс екендігін де баса айтқымыз келеді. Жарты әлемді жаулаған жаһан әміршісін әдетте көріп жүргеніміздей қаһарлы, адуынды хан бейнесінде емес, керісінше қаһанның адами қасиеттеріне, әке ретіндегі сезім иірімдеріне бойлауға ұмтылған актерлік парасаты, психологиялық тереңдігі де көңілге жылылық сыйлады. Оның Шыңғыс ханы – алыс-жұлыстан қашып, бойын парасат билеген, ұлағатты ойлар қозғайтын салмақты тұлға. Биіктен төніп тұрған селт етпес көзқарасы спектакльдің өн бойына қан жүгіртті. Ұлы қағанның әрбір сөзі діттеген жерге дөп тиіп жатты. Ойлы, мағыналы, терең тіркестер көрермен көкейіндегісін қозғап, көңіліндегісін тербегені анық.
Ал оның хан ретіндегі салтанатын жеткізуде қойылым суретшісі Ерлан Тұяқовтың кәсіби талғамы тәнті етпей қоймады. Шыңғыс ханның сахнаға шығуы шын мәнінде театрдың әлеуетін көрсете алды. Жаңа театр сахнасының бар мүмкіндігін ұтымды пайдалана отырып жасалған декорация, кейіпкерлердің ажарын ашып қана қоймай, дәуір үнін дөп басқан костюмдер – бәрі-бәрі қойылымның көркемдік деңгейіне қызмет еткен. Әр детальға, сахна декорациясына тиянақты дайындалғаны бірден сезіледі. Жарық пен музыканың үйлесімділігі, LED экранның мүлтіксіз қабысуы да көрермен көңілін көл-көсір қуанышқа бөлеп, Дешті Қыпшақ даласының байтақ рухын айшықты көрсете білді. Сахна суретінің осы ерекшелігі лайықты бағаланса керек, Ерлан Тұяқов өткен жылы жүргізілген «Қазақстан театрлары – 2023» мониторинг қорытындысы бойынша «Жошы хан» спектаклінің костюмдері үшін «Жыл костюм суретшісі» аталымында Қазақстан «Театр сыншылары бірлестігінің» «Сыншылар жүлдесі» сыйлығына ие болды.
Сонымен қатар сахнада эпизодтық рөлде жүрсе де Төле рөліндегі Біржан Жүнісов, Бектомыш – Бегімнұр Қалила, Кетбұға жырау – Қасымхан Бұғыбай ізденісін айрықша атап өткіміз келеді. Бала Бату бейнесінде көрінген Әлкен Ысмайыл да болашағынан зор үміт күттіреді. Ал керісінше спектакльдің негізгі қайшылығын ұстап, шым-шытырық интрига туғызуға тиіс Шыңғыс ханның тоқалы Құлан қатын (Жанар Қасымова) мен Көкеші көріпкел (Заңғар Әбенов) тандемі босаңдау шықты. Рөл табиғатын әлі де ширықтырып, мінез бояуын қанықтыра түсуге сұранып-ақ тұр. Сол секілді сахна сайысына да әлі де жүйелі дайындықтың қажеттігі байқалып қалды. Ширығу жағын шыңдаса қойылымның ұтылмайтыны анық.
Тоқетерін түйгенде, спектакльдің «Шыңғыс ордасы» аталатын алғашқы бөлімі қақтығысқа толы болғанымен, «Қазақ ордасы» атты екінші бөлімінде күрделі қақтығыс жоқ. Бұл бөлім – драманың идеясын ашуға барынша икемделген. Бірінші бөлімі нағыз драмаға сай қақтығыстармен көрерменін ширықтырса, екінші бөлімде динамика бәсеңсігендей көрінді. Есесіне қойылымның тілі жатық. Автор аз сөзге көп мағына үстеуге ұмтылған, әр тіркесіне ауқымды әрекет сыйдырған диалогтер шын мәнінде қойылымның көркемдік құрылымын байытқан. Сыншы Н.Қабылбектің сөзімен айтсақ, «Диалогтер көп сөзділіктен ада. Нақтылық бар. Талас-тартыс үстіндегі одағай сөйлемдер де жамырап кетпейді. Көрерменді жалықтырып жіберер монологтер мүлде жоқ. Аз сөзбен көп ой айтуға талпыныс байқалады. Бұл шиеленіске толы драманың ауа жайылып кетпеуіне, құрылымының құлдырамауына кәдімгідей көрік беріп тұр».
Осы тұрғыдан сараптасақ, расымен де драматург Думан Рамазанның бұған дейін жазылған өзге тарихи туындыларымен салыстырғанда «Жошы ханның» бәсінің бәрібір биік екендігін баса айтқымыз келеді. Пьеса тілі ғана емес, режиссер мен сценографтың сахна мүмкіндігін барынша ұтымды пайдаланып, заманауи техниканың игіліктерін игеруге деген ұмтылысы, жарық пен музыка қоюдағы сәтті ізденістердің барлығы да қойылымның жетістігі екендігі даусыз.
Тұжырымдай келе айтарымыз, талантты жазушы-драматург Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек», «Жошы хан», «Пешене», «Бейуақ», «Қанатталды» сынды пьесалары топтастырылған «Жошы хан» драматургиялық шығармалар жинағын Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп бағалаймыз.