Тәуелсіздік рухымызды асқақтатып,болашаққа деген сенімімізді күшейтті.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
2006 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- ҚР Президентінің инаугурациясы
- Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы
- ҚР Тәуелсіздігіне - 15 жыл! «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің ашылуы.
- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ саммиті.
- Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІ Саммиті
2006 жыл ел өмірінде қазақстандық ұлттық идеяның тұжырымдамасы негізделіп, дамудың жоғары динамикалық , ұзақмерзімді бағдарлары қалыптасқан жыл болды. Ішкі саясатта, экономикада, сыртқы саясатта Қазақ Елі мәні мен маңызы жоғары ірі-ірі оқиғаларды бастан өткерді. Қазақстандық мүдденің көпвекторлық бағытын ұстанған ел билігі Ресеймен, Қытай Халық Республикасымен, АҚШ-пен, Еуроодақпен, Орта Азия және мұсылмандық Шығыс мемлекеттерімен ынтымақтастықтың ықпалды деңгейін қалыптастыра білді. Ресейге, АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Қытайға, Бельгияға, Испанияға, Малайзияға, Түркияға, Иорданияға және т.б. мемлекеттерге ресми іс-сапарлар нәтижелілігімен ерекшеленді. Елбасы жыл бойы 11 Саммитке ( Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы, ЕурАзЭҚ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркітілдес мемлекеттер, Үлкен сегіздік Саммиттері және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми саммиті, т.б) қатысты. Ал, ішкі саясатқа келер болсақ, осы бір жыл аясында елдегі демократиялық реформаларға да айырықша басымдық беріліп, оның бағдарламасын даярлау мен нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бес отырысы өткізілді. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігіне –15 жыл, Желтоқсан көтерілісіне – 20 жыл толды.
6-қаңтар
Еліміздің жаңа Мемлекеттік Әнұраны бекітілген күн. Оның негізі ретінде халқымыздың арасында кеңінен танылған, атақты композитор Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әнге Мемлекеттік Әнұран жоғары мәртебесін беру үшін және әннің анағұрлым салтанатты шырқалуы мақсатында музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеп, өһзгеріс енгізді. Қазақстан Парламенті палаталарының 2006 жылғы 6 қаңтардағы бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік Әнұранын бекітілді.
11 қаңтар
«Ақорда» резиденциясында Қазақстан Республикасы Президентінің инаугурациясы өткен күн. Мемлекет басшысының жаңадан қызметке кірісуі әлем мемлекеттерінің назарын Қазақстанға аударып, инаугурация сыртқы саясаттағы дипломатиялық қызметке жаңа серпін берді. Халықаралық қауымдастықтағы Қазақстанның мәртебелі рөлін ұлықтау, әлемнің өркениетті елдерімен өзара ынтымақтастық пен ықпалдастық тұрақтылығын сақтап қалу,одан әрі дамыту ел билігі үшін аса маңызды еді. Сондықтан да инаугурация рәсімі аяқталысымен-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде қатысқан бірқатар мемлекеттер басшыларымен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатын көздеген келіссөздер жүргізді.
25 қаңтар
Санкт-Петербургте ЕурАзЭқ-тың мемлекетаралық кеңесінің саммиті өтті. Оған мүше мемлекеттер басшылары Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа қосылуы туралы құжат қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭқ-тың экономикалық комиссиясын құруды ұсынды.Қазақстан мен Ресей мемлекеттері басшылары атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екі ел ынтымақтастығын дамыту жөніндегі бірлескен Мәлімдемеге қол қойды.
1 Наурыз
Елбасы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында өзінің Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.
26 сәуір
Қазақ КСР нің халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор және академик , Мемлекеттік сыйлық иегері, қазақ музыкасының зерттеушісі, көрнекті ғалым, атақты композитор Ахмет Жұбановтың туған күні. Еліміз атақты тұлғаның 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде (14-15 қыркүйекте Ақтөбе облысында салтанатты жиын болды) атап өтті.
15 маусым
Қытай Халық Республикасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті өтті.
17 маусым
Мемлекет басшысы Алматыда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Саммитіне қатысты.
18 маусым
Тәуелсіз Қазақстанның ғарыштық тарихының жаңа жолы ашылды. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық тұңғыш ғарыштық байланыс және тарату серігі – «KazSat» ұшырылды.
4 шілде
Ел өмірінде Қазақстанның саяси-партиялық даму архитектурасын өзгерткен маңызды саяси оқиға болды: Қазақстанның халықтық коалициясының негізгі ядросын құраған «Отан» мен «Асар» партиялары бірікті.
Біздің дәйектеме: Қараша-желтоқсан айларында Қазақстанның Азаматтық және Аграрлық партиялары да «Отанға» қосылады. Ал, жыл аяғында құрамы жаңаланып, іріленген ұйым «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып атауын өзгертеді. Оның төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланады. Жалпы, сарапшылардың тұжырымдауынша, Қазақстанның саяси кеңістігінде «Нұр Отанның» пайда болуы - Қазақстанда инновациялық экономиканың негіздерін , ұтқыр саяси реформалар жүргізудің әдістерін , әлеуметтік және экономикалық қуатты үдерісті жүзеге асырудағы ел Президентінің жобасын қоғамдық,халықтық қолдаудың көрінісі болды.
11 шілде
Мемлекеттік сапармен Хорватияға барған Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Президенті С.Месичпен, Премьер-министрі И.Санадермен кездесті. Хорватия Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдануына қолдау көрсететіні туралы бірлескен Мәлімдемеге қол қойылды.
17 шілде
Санкт-Петербургте Үлкен сегіздіктің Саммиті өтті. Оның жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Төрағасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып,сөз сөйледі. Саммит барысында Елбасы ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаомен,АҚШ президенті Джордж Бушпен, Франция президенті Жак Ширакпен, ГФР канцлері Ангела Меркельмен,Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингхпен екіжақты ынтымақтастық мақсатын көздеген келіссөздер жүргізді.
28 тамыз
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Жапония Премьер-министрі Д.Коидзумиді қабылдады. Екіжақты келіссөздер аясында тараптар ынтымақтастықты дамытудың бірлескен мәлімдемесі, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану бағытындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту жөніндегі Меморандумға қол қойды.
12-13 қыркүйек
Елбасы Нұр-Сұлтанда «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезіне қатысып,сөз сөйледі. Форум жұмысына 26 мемлекеттен 29 делегация келді.Олардың арасында әлемнің барлық діндері мен конфессияларының – ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм және т.б. өкілдері болды.
18 қыркүйек
2006 жылы 18 қыркүйекте Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына орай Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік таңы» монументі ашылды. Атақты қазақ сәулетшісі әрі дизайнер Тимур Сүлейменовтың жобасы бойынша жасалған монумент Желтоқсан даңғылы мен Сәтпаев көшесінің қиылысында орналасқан.
– Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсандағы оқиға еліміздің тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұл оқиғаға ұлтшылдық сипатын беруге талпыныстар жасалды. Саяси бюроға олай емес деп түсіндіруге, соған орай қабылданған арнаулы қаулының күшін жоюға тура келді. Ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады,– деді «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.
Біздің дәйектеме:
Монумент үш бөліктен тұрады. Ол қызыл және ақ граниттен жасалған екі пилоннан тұрады. Алғашқысы өткен мен болашақ арасындағы қақтығысты, жарылысты, халықтың өзіндік сана-сезімінің сілкінісін білдіресе, екіншісі мемлекеттің тәуелсіздігі мен бостандықтың салтанат құруын меңзейді. Композицияға сондай-ақ ұшуға ұмсынған әйелдің мүсіні енгізілген. Ол оң қолына татулыққа шақыру нышаны іспетті орамал ұстаған. Ал сол қолында бостандыққа талпынысты, ұшу белгісін білдіретін қанатын жайған құсты ұстаған. Ескерткіштің үшінші бөлігі - оюлы панно. Осы тарихи оқиғаға орай Алматыдағы бұрынғы Бейбітшілік даңғылы Желтоқсан деп аталды.
26-29 қыркүйек
Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды. Кездесу Вашингтонда АҚШ конгресмендерімен басқосудан басталды. Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үй басшысы кіші Бушпен жүздесіп, екі ел арасындағы еларалық және халықаралық мәселелерді талқылады. Джордж Бушпен халықаралық саясатқа қатысты өзекті мәселелерді талқылады. «Blair House» резиденциясында американдық сенаторлар М.Ландрье, С.Браунбек пен конгресмендер Ф.Инглиш, Т.Лантос, К.Кэннон, Дж.Сакстон, Р.Адерхолд, Э.Хастингс, Д.Айсса, Р.Векслер, Ш.Беркли, П.Тиберии, С.Кинг, Ч.Мелансон Қазақстан Президентімен ашық пікірлесті. Онда екі ел арасындағы қарым-қатынас мәселесі қозғалды. Америкалық инвесторлардың Қазақстанда жұмыс істеу шарттары сөз болды. Ал, АҚШ-тағы ықпалды әрі құрметті конгресмендердің бірі – Латос Қазақстандағы әлемдегі екінші ядролық сынақ полигонының жабылғанына 15 жыл толуына орай Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ Конгресінің 905 палатасы өкілдерінің құттықтау резолюциясын тапсырды. «АҚШ-пен бірлескен Қазақстанның көшбасшылығы өзге мемлекеттерге үлгі болуы керек» деді Латос.
Сапар барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді, бірқатар маңызды келісім-шарттарға қол қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтондағы Қазақ Елінің Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына қатысты.
«Бүгін – Қазақстан мен АҚШ тарихындағы ерекше күн. Біз алғаш рет шет елде Тәуелсіздік монументін ашып отырмыз. Тәуелсіз еліміздің символына айналған бұл ескерткіштің АҚШ астанасында бой көтергенін мақтан тұтамыз. Біздің халқымыздың еркіндік пен тәуелсіздікке деген ұмтылысын білдіретін осы тамаша ескерткіш Қазақстан мен АҚШ-тың ортақ құндылықтарға негізделген тығыз қарым-қатынастары мен стратегиялық әріптестік байланыстарын біріктіретін дәнекер боларына сенемін», - деді Қазақстан Президенті Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
15 қараша
2006 жылдың қараша айында Ұлттық банк теңгенің символын жасауға бәйге жариялаған еді. 30 мыңнан астам сурет келіп түскен бұл бәйге 2007 жылдың 29-наурызы күні өз мәресіне жетті. Ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әспеттелген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты. Оларда мемлекеттік рәміздеріміз, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтары бейнеленген. 2007 жылғы мамыр айында Тайландта өткен валюта конференциясында Қазақстанның 10 мыңдық теңгесі «Үздік жаңа банкнот» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды.
17 қараша
Түркияда түркітілдес мемлекеттер басшыларының VIII Саммиті өтті. Елбасы қатысқан бұл алқалы жиында мемлекеттераралық ынтымақтастықты көздейтін Анталия Декларациясына қол қойылды.
2006 жыл, 20-22 қараша
Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Ұлыбританияға барды. Сапар аясында мемлекетіміздің басшысы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королевасы Елизавета ІІ-імен, премьер-министр Тони Блэрмен кездесіп,екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
2006 жыл, 4 желтоқсан
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Бельгия астанасы Брюсселге барып, Еуропалық одақтың және НАТО-ның басшыларымен кездесулер өткізді.
2006 жыл, 15 желтоқсан
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және Келісім сарайында өткен Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығына арналған салтанатты жиында «Қазақстандық жол: тұрақтылықтан – жаңару арқылы өркендеуге» деген тақырыпта баяндама жасады.
«Бүгін барша қазақстандықтар еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнін атап өтуде. Азат Қазақстанның ең қастерлі құндылығы – ел тәуелсіздігіне тура он бес жыл толды...
Біз – ежелден ер деген даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз.
Біз – ел бірлігі жолында әрқашан намысын бермеген халықтың ұланымыз.
Біз – алтын күн бедерленген көк байрағын әлем биіктерінде желбіреткен бейбітшіл елдің азаматымыз.
Біз – кең байтақ жерінде бірлігі жарасқан алуан ұлттан тұратын біртұтас халықпыз.
Біз – қазақстандықтармыз және мұны зор мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан ұрпаққа табыстайтын боламыз. Ендеше әрдайым бар болайық, бір болайық, ата-баба армандаған азат елімізбен жарқын болашаққа бірге барайық. Тәуелсіз еліміздің әрқашан туы биік, тұғыры берік болсын. Қазақстанның тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын!
(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен).
2006 жыл, 31 желтоқсан
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Жаңа жыл мейрамымен, ел мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
«Біз биыл ел Тәуелсіздігінің 15 жылдық мерекесін зор табыстармен атап өттік. Бұл жылдар барша қазақстандықтар үшін қайырлы жылдар болды. Түбегейлі экономикалық реформалардың нәтижесінде туған Қазақстанымыз әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. Ауылымыз абаттанып, қалаларымыз көркейіп, Астанамыз әлемдегі ең әдемі қаланың біріне айналып келеді. Еліміздегі еңбектеген баладан еңкейген қариямызға дейін мемлекеттің қамқорлығына алынып, оларға берілетін әлеуметтік төлемдер де еселеп өсті. Келесі жылдан бастап барлық мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы тағы да 30%-ға артатын болады. Тұрғын үй құрылысы да қарқындап өсіп, жүздеген мың қазақстандықтар қоныс тойын тойлады. Өткен жылы елімізде көптеген мектеп, аурухана, мәдениет үйлері мен басқа да әлеуметтік нысандар салынды. Осы үрдіс келер жылы да жалғасын табатын болады. Ел мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің дәрежесін көтеруге нақты қадамдар жасалды. Менің Ресей, АҚШ, Еуроодақ, Қытай сапарларында болғаным еліміздің дүниежүзіндегі мерейін үстем ете түсті».
(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын
Жаңа жыл мерекесімен құттықтауынан).
СТАТИСТИКА:
2006 жылы Президент республика өңірлеріне 14 рет, шет елдерге 24 рет ресми сапарға шықты. Бір жыл ішінде барлығы 2200-ден астам түрлі материалдар,1500-ден астам қызметтік, талдамалы және ақпаратьтық-авнықтамалық құжаттар қаралып, 98 Заң қабылданып, 233 Жарлыққа қол қойылды.Елбасы 90 күн ( оның 48 күні – шет елде, 42 күні республика аймақтарында) іссапарда жүрген екен.Жыл бойы 500-ден астам протоколдық шараларға қатысыпты.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ
2006 жылы ішкі саясатта мемлекетіміздің экономикалық қуатын арттыруға бағытталған көптеген стратегиялық құжаттар қабылданды. Елбасы ұсынысымен экономиканы тиімді басқарудың жаңа институционалдық негіздері қаланды: ұлттық компаниялардың және мемлекеттің меншіктік үлесі бар акционерлік қоғамдардың қызметін үйлестіруді мақсат еткен, мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі мен дамудың ұлттық институттарын тиімді басқаруға жауапты «Қазына» тұрақты даму қоры құрылды. Бұл жылы мемлекет басшысы Алматыда ақпараттық технологиялар паркін, Солтүстік Қазақстан облысында посткеңестік кеңістікте аналогы жоқ «Биохим» өндірістік кешенін, Ақмола облысында «КаzSat» ғарыштық аппараттарын басқарудың жер кешенін, Ақтөбе облысында мыс рудасын өңдеу-байыту фабрикасын, Орал қаласында газ-турбин стансасын, Қарағандыда заманауи неміс технологиясы бойынша құрылыс және керамика кірпіштерін шығаратын зауытты іске қосты.
Сыртқы саясатта Қазақстан – АҚШ, Қазақстан – ҚХР, Қазақстан – Еуроодақ мемлекеттері арасында достық қарым-қатынас пен стратегиялық әріптестікті нығайтудың нық қадамдары айқындалды. Қазақ билігі халықаралық қауымдастықпен, өркениетті алпауыт елдермен мемлекетаралық жаңа сипаттағы саяси диалог қалыптастыра білді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейде өткен «Үлкен сегіздік» Саммитіне қатысуы Қазақстанның халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан мәртебелі беделін көрсетсе керек. Ерекше айта кетер құжаттар – ХХІ ғасырдағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының стратегиясы мен Экономикалық ынтымақтастықты дамыту концепциясы екіжақты сауда-экономикалық байланыс болашағының негізін қалады. Еуроодақпен Энергетика саласында өзара ынтымақтастық туралы бірлескен Мәлімдеме, Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ынтымақтастық туралы Келісім жасалды. Қазақстан Еуроодақтың Орталық Азия мен Каспий аймағындағы стратегиялық әріптесіне айналды.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН:
2006 жылы:
Қазақстан Республикасы АӨСШК-ке төрағалық етті.
- 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ең таяу жылдардың бірін халықаралық діни және мәдени толеранттылық жылы деп жариялау туралы ұсыныс енгізді.