ffin.kz

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ almaty-akshamy.kz

Тәуелсіздік – халыққа қанат бітіретін құндылық.Мұндай баға жетпес байлық  кез-келген халыққа бұйыра бермейді...Ең бастысы – елімізде бірлік,бейбітшілік пен келісімді сақтай білейік. Бұл – біздің тәуелсіздігіміздің басты жетістігі және алдағы жеңістеріміздің кепілі.


                                                                                                           Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.



  2007   ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ


 



  1. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

  2. Конституциялық реформа

  3. ЕҚЫҰ-ның 2010 жылы Қазақстанның төрағалық етуі туралы шешімі


2007 жыл –  «Қазақ тілін қолдау» жылы деп жарияланды. Жыл бастала сала, қаңтар айында Үкімет ауысып, жаңа Үкімет жасақталды. Негізінен Тәуелсіздіктің 16 жылы өз  азаттығының   іргетасын қалап жатқан  Қазақ  Елінде  тарихи маңызы зор үш ірі оқиға болғанын ерекше атап айтқан жөн.


2007 жылдың ақпанында Парламент палаталарының бірлескен басқосуында  Елбасы  өзінің  «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан»  деген тақырыппен  Қазақстан халқына  дәстүрлі Жолдауын жариялап,  «Қазақстан – 2030» Стратегиясының негізгі ережелерінен және  әлемнің  бәсекеге қабілетті  50  елінің  қатарына енуді көздейтін  стратегиялық  мақсаттан туындайтын  алты  негізгі басымдық аясында ішкі және сыртқы саясаттағы жаңа дамудың 30 бағытын  айқындап берді.Осы бағдарламалық кешенді құжат  арқылы   еліміз дамуының  алдағы  онжылдықтағы басты қадамдары  тұжырымдалды. Бұл – бірінші оқиға.


Екінші  есте қаларлық жыл оқиғасы – конституциялық реформа.Бұл реформаның жүзеге асырылуы ел дамуының саяси жүйесіндегі  жаңа кезеңге –  қалыптасқан президенттік модельден  жаңа басқару жүйесіне – президенттік-парламенттік модельге  қарай жасалған  батыл  қадам еді.  Арнайы мемлекеттік комиссия  қабылдаған «Қазақстан Республикасының    2007-2008 жылдарға арналған саяси реформалаудың   басты бағыттары» атты құжатта   конституциялық реформаның негізгі бағыттары айқындалды.


Үшінші  маңызды оқиға – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ)  шешімімен Қазақ Елінің  2010 жылы ЕҚЫҰ-ға   (56  мемлекеттің басын біріктіретін  аймақтық ұйым) төрағалық етуі.  Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің барлығы бірауыздан Қазақстанның 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуін қолдауы – шын мәнінде Қазақ Елінің халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан маңызды оқиға болды. Бұл, күллі  әлемдік қоғамдастықтың  Қазақ Елінің тәуелсіздік жылдарындағы саяси-экономикалық, әлеуметтік бағыттардағы қол жеткізген табыстарын танып, мойындауы еді.


2007 жылы Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, өңірлерді дамыту, бәсекелестікті қорғау мен дамыту, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, аграрлық саланы дамыту,  тұрғын үй құрылысын дамыту, инфрақұрылымды басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша қарқынды жұмыс жүргізді. Қазақстанның жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық қордың қаржысын қоса алғанда 40 млрд. долларға жетті.


 Елімізде  үш жылдың ішінде салынуы жоспарланған  100 мектеп пен 100 аурухананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары  осы жылы басталған болатын. Ағымдағы жыл ішінде  ел бойынша 65 мектеп ашылды! Ал, республика бойынша  орташа айлық көлемі 51 мың теңгеге жетсе, дүниеге келген әр сәбиге берілетін жәрдемақы  көлемі 35 мың теңге болды.


Америка Құрама штаттарының  ипотекалық нарығында орын алған дағдарыс салқыны Қазақстанның да қаржы жүйесіне ықпал етті. Бүкіл  әлемді дерлік  жайлаған  азық-түлік тапшылығы Қазақстан нарығына да әсер етпей қоймады. Дегенмен  Кәрім Мәсімов басқарған  Үкіметтің сол дағдарыстардың қарқындауына жол бермей, олардың салдарын жою үшін дер кезінде қолға алған шаралары  ұлттық экономиканы дағдарыс құрсауынан аман алып қалды. себепкер болды. Дағдарысқа қарсы ұтымды шаралар жүргізііліп, отандық экономиканы әртараптандыруға бағытталған шаралар  қолға алынды. «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы,  Елбасы  тапсырмаларына сәйкес, «Оңтүстік», «Жетісу», «Сарыарқа», «Ертіс», «Батыс», «Каспий» «Тобыл» сияқты Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың құрылуы да экономикаға тың серпін берді.


12  қаңтар


 Министрлер кабинетінің алғашқы отырысы өтті. Мемлекет басшысы   Үкімет  және Президент Әкімшілігі жетекшілерімен  Қазақстанның экономикалық  даму  мәселелеріне  арналған   кеңес өткізді.


 13  ақпан


Бейбітшілік және келісім сарайында үш жылға арналған «Мәдени  мұра»   мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге асыру  жөніндегі Қоғамдық  кеңестің  кеңейтілген қорытынды отырысы өтті. Онда  баяндама жасаған Елбасы  Мәдениет және ақпарат министрлігіне  тиісінше 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарлама жасап, іске асыруды тапсырды.  «Мәдени мұра» бағдарламасы ел тарихында, ұлттық тағдырымызда айрықша орын алатын әлеуметтік жоба болып қалары сөзсіз. Бұл бастаманың ел рухының көтеріліп, ұлт жадының жаңғыруына септігін тигізетін құбылыстардың біріне айналғаны ақиқат», – деді Елбасы.


19 -20 ақпан


Нұрсұлтан Назарбаевтың  төрағалық етуімен демократиялық реформалар  бағдарламасын  даярлау мен нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның VI  қорытынды отырысы өтті.  20-ақпанда Елбасы  «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын даярлау жөніндегі   жұмыс тобының алғашқы  басқосуын өткізді.


28 ақпан


Мемлекет басшысы   Парламент палаталарының бірлескен отырысында  Қазақстан халқына өзінің дәстүрлі  Жолдауын жариялады.


10-11 наурыз


 Нұрсұлтан Назарбаев  Мысыр Араб Республикасының Президенті Хосни Мүбарактың шақыртуымен Мысырға сапармен барды. Каирде Египет Президентi Хосни Мүбаракпен кездестi. Ислам теологиялық орталығына барып, тарихи орындарды, Сұлтан Бейбарыстың мешiтiн аралап көрді.


 18 наурыз


Елбасы  жұмыс  сапарымен Ресей Федерациясына барып, Кремльде Владимир Путинмен кездесті. Екі ел басшылары  Қазақстан мен Ресей мүше болып табылатын ТМД, ЕурАзЭҚ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арасында іс-қимылды тереңдету жөнінде де пікір алысты.


19  сәуір


Нұрсұлтан Назарбаев  Алматыда өткен  VI Еуразиялық  медиа-форумның  жұмысына қатысып,сөз сөйледі. «Еуразияның кіндігіндегі Алматыда әлемдік деңгейдегі қоғамдық ой-сана өкілдері мен майталман журналистердің жиналғандарына қуаныштымын. Жаһандық  көкейкесті мәселелерді ортаға салып,  оларды бірлесіп талқылап, ортақ шешімге келу үшін Сіздердің осылайша бас қосуларыңыз  игі  дәстүрге жалғасуда.Біздің бұл форумның маңызы қазір жалпақ жұртқа аян. Сіздер  үш күн бойы осы жерде талқыға салып,  көтеретін мәселелер барлық елдер мен өңірлер үшін аса маңызды болмақ. Өйткені біздің бәріміз де әлемдік басты проблемалардың төркіні мен оларды шешу жолдарына берілетін ортақ та үйлесімді бағаға зәру екеніміз белгілі.Қазақстан Шығыс пен Батыстың, Терістік пен Күнгейдің геосаяси векторлары мен мәдени ареалдары қиылысқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті де біздің стратегиямыз ұлттық және халықаралық процестердің өзара байланысына  негізделген», –деді Елбасы.


Форум аясында  Президент  Иран Ислам Республикасының экс-президенті М.Хатамимен,Ресей Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Е.М.Примаковпен, ЕҚЫҰ бас хатшысы М.П.де Бришамбомен,АҚШ мемлекеттік хатшысының экс-орынбасары Р.Холбрукпен, ҰҚШҰ бас хатшысы Н.Н. Бордюжамен  және т.б  екіжақты кездесулер өткізді.


23 сәуір


 Ресей Федерациясының тұңғыш Президенті Борис Ельцин дүниеден өтті. Қазақстан Президенті  20 жылға жуық уақыт бойы серіктес болып,  қатар жүрген айраткер тұлғаны соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне  қатысты.


10  мамыр


Қазақстанға ресми сапармен Ресей Федерациясының президенті  Владимир Путин келді. Екі ел басшыларының  шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты кездесулерінде  ғарышты бірлесе игеру, ядролық энергетика , отын-энергетика кешені және т.б. салалардағы іскерлік пен ынтымақтастық  мәселелері талқыға түсті,маңызды құжаттарға қол қойылды.


21 мамыр


«Қазақстан  Республикасының  Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылған күн. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата заң бойынша Мемлекет басшысының  бірқатар өкілеттіктері Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқарды. Парламент депутаттарының саны 38 адамға көбейіп, 154-ке жетті. Жергілікті жерлердегі мәслихаттардың рөлі күшейтіліп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі түбегейлі өзгерді. Сондай-ақ сот билігі  нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша маңыз берілді. 2007 жылдың 21 мамырындағы Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, бұрынғы консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан халықтары Ассамблеясына  Қазақстан халқы Ассамблеясы деген жаңа атау берілді.


16  тамыз


Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер  басшылары Қырғызстан астанасы – Бішкекте бас қосты. Саммит қорытындысында  Бірлескен коммюнике қабылданып, маңызды 10  құжатқа қол қойылды.


18  тамыз


Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген  Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоны қабылдады. Екіжақты кездесулер қорытындысында  маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді, достық пен ынтымақтастықты мақсат тұтқан 10 құжатқа қол қойылды.


***


Дәл осы күні Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы жаңа Конституция қабылдануына орай тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтті.  Республикамызда  барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы  да  болды. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес  сайлаушылар партияларға дауыс берді.  Сайлаушылардың 88 пайыздан астам дауысын жинап,жеңіске жеткен  «Нұр Отан» партиясы  заңға орай Мәжілістегі 98 орынды иеленіп, нағыз халықтық партияға айналды. Қалған партиялар заңда белгіленген 7 пайыздық межені еңсере алмады.


20 тамыз


 Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІІ  сессиясы өтіп, онда  Мәжіліске  Ассамблеядан 9 депутат сайланды.


 7-9  қараша


 Елбасы   Сирия Араб Республикасына ресми сапармен және Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды.  Сирия сапары аясында  Нұрсұлтан Назарбаев   Әбу Насыр әл Фараби  тарихи-мәдени кешенінің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, Сұлтан Бейбарыс кесенесін жаңғырту жұмыстарымен танысты.  Бұл екі нысан  да    тәуелсіз Қазақ Елінің тікелей ықпалымен және қаржылай көмегімен  қолға алынғанын айта кеткен жөн. 



Біздің дәйектеме: Әбу Насыр Әл-Фараби Дамаск қаласындағы (Сирия) Баб-ас-Сагирдегі  «Патшалар зиратына» жерленгені белгілі. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Дамаскіге сапары кезінде Қазақстан Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығын салатыны туралы уағдаластыққа  қол жеткізілді. «Тек тәуелсіздік жағдайында ғана біз бүкіл әлемдегі тарихи дереккөздерді зерттеп, көтере бастадық. «Қазақстан аумағында туып, Сирия жерінде ұлы ғалым, философ және ақын болған ұлы бабамыз туралы естелікті жандандырудамыз», – деген еді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев. 2011 жылы 6 мың шаршы метр алаңда орналасқан алты қабатты Әл-Фараби орталығының құрылысы аяқталды.  Мемориалдық кешеннің дизайны заманауи стильде жасалған. Бабамыздың   қабірі кешеннің ішінде орналасқан.



24-26  қыркүйек


 Мемлекет басшысы   Нью-Йоркте өткен  БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясына   қатысып,сөз сөйледі.  Бүкіл әлем көз тіккен осынау  алқалы басқосуда Қазақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаев    бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту саласында маңызды  бастамалар (БҰҰ аясында  дүниежүзілік экологиялық проблемалар реестрін құру, Жаһандық энерго-экологиялық стратегия әзірлеу,т.б.) көтергеніне  сарапшылар жоғары баға берді. Сапар аясында Қазақ басшысы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Босния мен Герцеговина президиумының төрағасы  Ж. Комшичпен,Австрияның федералдық канцлері А.Гузенбауэрмен,Еуроодақ Кеңесінің бас хатшысы Х.Соланамен  және т.б. екіжақты кездесулер өткізді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясына қатысушы шетелдік делегациялар басшыларының құрметіне АҚШ Президенті Джордж Буштың қабылдауында болып, «Клинтонның жаһандық бастамасы» форумына қатысты.


3  желтоқсан


Қазақстан  мемлекеті  Еуропадағы  қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының  2010 жылғы төрағасы  болып сайланды.


20 желтоқсан


 Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин кездесіп, екі елдің стратегиялық әріптестігін және интеграциялық ынтымақтастығын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.


 ЖЫЛ  ТҮЙІНІ


2007 жыл еліміз ғана емес, бүкіл әлем үшін тарихтағы ең ірі қаржылық дағдарыспен есте қалғаны белгілі. Экономикалық дағдарыс Қазақстанды да шарпып өтті. 2007  жылғы  25  желтоқсанда  Елбасы  Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі  жетекшілерімен  кеңес өткізіп, онда 2007  жылғы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды  және  2008 жылға ішкі және сыртқы саясаттағы  мақсат-міндеттер талқыға түсті. Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2008-2010 жылдарына арналған «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілді. 2007  жылы Отандық зейнетақы қорларындағы зейнетақы жиналымдарының өсімі 1,1 триллион теңгеден асты. Ал, Елдегі ІЖӨ жан басына шаққанда 7 мың доллар болды. Еліміз бұл жылы астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша дүние жүзінде  бірінші орынға шықты.Республикамызда   22,5 миллион тоннадан астам астық орылды.


Тағы бір ереше атап өтер жайт, 2007 жыл – Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл ретінде есте қалды. Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Ата Заңға  енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Конституция бойынша Президент  құзырындағы бірқатар өкілеттіктер Парламентке берілді. Сол арқылы  заң шығарушы органның өкілеттігі кеңейе түсті. Парламент депутаттарының саны 154-ке жетті.


 Бұл жылы елімізде бірқатар жаңа өндіріс орындары  -  Алматы облысында  керамогранит өндіру зауыты, Шығыс Қазақстанда  жаңа  «Шевроле» автокөлігін құрастыру желісі, Жамбыл облысында жоғары октандық жанар-жағар май қоспасы -биоэтанол өндіру кешені,Қостанай облысында алтын-мыс  өндіретін кен орны, Павлодар өңірінде   электролиз зауыты мен жіксіз болат құбырлары зауыты, Оңтүстік Қазақстан өңірінде медициналық май өнімдері цехы  және т.б. ашылды.


Ал, еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының  2010 жылғы төрағасы болып сайланғанын Қазақстанның  халықаралық қоғамдастық  алдындағы зор бедел алуы әрі ірі жеңісі деп бағалаған жөн.


 СТАТИСТИКА:


2007  жылы Президент республика өңірлеріне 9  рет (52 күн) , шет елдерге  27  рет (51  күн) ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы екі мыңнан астам түрлі  құжаттар қаралды,оның ішінде  127  Заң қабылданып,  274  Жарлыққа қол қойылды.



 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН:


 


2007 жылы: 



  • Еуразиялық банк иелері клубын, Еуразиялық жаңа технологиялар банкін, Еуразиялық іскерлік конгресін және Еуразиялық ғалымдар клубын құру туралы бастамасы (Санкт-Петербург қаласы).

  • Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны әзірлеу туралы ұсыныс. - ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөйлеген сөзі.

  • Энергиямен қамтамасыз ету тұрақтылығының Еуразиялық пактісін қабылдау ұсынысы – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөйлеген сөзі.

  • 2007 жылдан бастап – осы уақытқа дейін Ауғанстанға көмек көрсетудің арнайы жоспары.



 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04