Күні кеше World Boxing ұйымының басшысы болып тағайындалған, Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті, әйгілі боксшы Геннадий Головкин мансабындағы жаңа кезеңі туралы отандық БАҚ-тың біріне әңгімелеп берді. Толығырақ Аqshamnews.kz тілшісінің материалында.
Цифрландыру бағыты спортқа қаншалықты керек?
Геннадий Головкин жаңа қызметі жайлы әсерін бөлісті. Оның айтуынша, цифрландыру бағыты спортқа да қажет.
"Цифрландыру бағыты боксқа өте қажет деп есептеймін. Өйткені мұндай жүйелер басқа спорт түрлерінде де қолданылады. Бұрынғы Олимпиада ойындары мен турнирлер тәжірибесі көрсеткендей, қарапайым көрермен үшін бәрі анық, түсінікті болды: ұпай қалай есептеледі, оның себебе неде екені - бәрі көрініп тұрады. Рингте не болып жатқанын түсіну боксқа деген қызығушылықты қайтарады" деді ол.
сурет: https://www.instagram.com/gggboxing/
"Біздің міндетіміз - бокстағы жемқорлықты азайту"
Головкин спорттағы, әсіресе бокстағы әділетсіздік туралы да айта кетті. Ол жемқорлық, жеңісті сатып алу сынды лас дүниелерді толық жойып жіберуді тек армандауға болатынын баса айтты.
"Әділетсіз көзқараст кез келген спортта бар. Біздің міндетіміз – осының бәрін барынша азайту. Толық жойып жіберу туралы тек армандауға болады. Адам факторын мүлде алып тастау мүмкін емес. Жаңа жүйеге де бейімделіп алғысы келетіндер табылады. Бірақ жүйе барынша ашық болса, барлық спортшы мен командалар бір деңгейде, бір жағдайға ие болады. Біз өзгерістерді бақылап, жағдайдың қалай өрбитінін көріп, жақсы жағына өзгерту үшін үнемі жұмыс істейтін боламыз", - деп қосты ол.
Сондай-ақ, ол осындай әділетсіздіктерден қашып кәсіпқой боксқа ауысқанын жеткізді.
"Ал өзіме келсек, иә, расында мен де дәл осы нәрселерден қашып, кезінде кәсіпқой боксқа кеттім. Сол себепті қазір қайта оралдым. Осындай әділетсіз, жемқорлық жағдай тым көп. Бокс – тек рингтегі қарсыласпен емес, кейде бүкіл жүйемен күресетін спорт", - дейді Головкин.
"Мен бұл жерге шенеунік ретінде емес, спортшы ретінде келдім"
Геннадий мырза, қос қызметті (ҰОК президенті және World Boxing ұйымының басшысы қызметі - еск.) қатар алып жүрудің қиын емесін және осынша жасында шабытты қайдан алатынын да әңгімелеп берді.
"Қазір менімен көбі санасады, мен оны түсінемін. Мен жай ғана "атағы бар боксшы" емеспін. Халықаралық тәжірибем, жақсы репутациям да бар. 15 жылдан бері өз промоутерлік компаниямды жүргізіп келемін - мұның бәрі әсер етеді. Ең бастысы - мен бұл жүйеге "шенеунік" ретінде емес, спортшы ретінде келдім. Біреудің танысы немесе "әке-көкемен" қойылған адам емеспін. Ең жоғары деңгейдегі спортта талай жыл істеген, тәжірибесі бар кәсіби боксшы ретінде келдім", - дейді спортшы.
Сонымен қатар, Головкин ҰОК-тегі қызметін тастауға ниетті емес екенін жеткізді.
"Ең бастысы – осыны бәрі білсінші: мен ҰОК-тен кетуге ниеттеніп отырған жоқпын. Қазақстан – менің Отаным. Мен оны халықаралық деңгейде барынша жоғары дәрежеде таныстырғым келеді. Өз танымалдылығымды, байланыстарымды ең алдымен елімнің спорттық беделі үшін қолданамын", - деді ол.
сурет: Reuters
Олимпиададағы бокс тағдыры және қоштасу жекпе-жегі қашан?
Геннадий Головкиннің айтуынша, Лос-Анджелестегі алдағы Олимпиада ойындарында боксты бағдарламадағы спорт түрлерінің қатарынан алып тастау туралы сөз болған. Спорттың айналасында құқықтық әрі ұйымдық даулы мәселелер көбейген кезде Халықаралық олимпиадалық комитет оған сенім артып, "тәртіпке келтіруге көмектеседі" деп жауапкершілікті соған жүктеген, ал ол мұны ел үшін де, өзі үшін де үлкен құрмет деп қабылдағанын айтты.
"Халықаралық олимпиадалық комитет менің кандидатурама сенім артты. «Бұл саланы тәртіпке келтіруге көмектеседі» деп, жауапкершілікті маған жүктеді. Сол үшін оларға өте ризамын", - деді Головкин.

Сонымен бірге ол оның атын пайдаланып "хайп" жасағысы келетіндерге де ренішін жасырмайды:
"Мен спортшыларға туған інілерімдей қараймын, сондықтан ішкі шабуылдар мен үшін қоғамның дерті сияқты. Танымалмын екен деп, білгеніңді істеуге болмайды", – дейді ол.
Ал қоштасу жекпе-жегіне қатысты: "Ешқашан “ешқашан” деме, бірақ бәрінің өз уақыты бар", – деп, рингке оралу мүмкіндігін ашық қалдырғанымен, қазір басты назарын реформалар мен бокстың болашағына аударып отырғанын жеткізді.


