Гендерлік шектеулерден тыс болашақ немесе Қазақстанда гендерлік рөлдер туралы түсінік қалай өзгеріп жатыр?
"Жұмыс істейтін ана балаға тиісті көңіл бөле алмайды, онысы оған зиян тигізеді" деген көзқарас өз маңызын жоғалтқалы қашан?! Тіпті солай дегеннің өзінде әйелдің күйеуінен көп табуын оғаш санау немесе білімді ер балаға артық көру түсінігі де бұрынғыдай актуал емес. Бұл - төңкерістен гөрі қоғамның табиғи түрде есеюі, өз болашағына сеніммен қарауды үйренуіне көбірек келеді. "Білім, ең алдымен, ер балаға қажет" деген түсінік қаншалықты маңызды? Осы тақырып төңірегінде Aqshamnews.kz тілшісі әлеуметтік зерттеуге сүйене отырып, қалам тербеп көрді.
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова "жоғары білім ер балаға маңыздырақ" деген тұжырымның түбінде оқу процесінен гөрі ескі гендерлік тәртіп пен түсінік жатқанын атап өтеді. Бұл - ер адамның "асыраушы" ретіндегі жауапкершілік пен абыройды бойына сіңіруі тиіс деген ұғымның қалдығы. Оның пікірінше, бұл жауаптар адамдардың білімге көзқарасын емес, олардың өмір қандай болуы керек деп ойлайтынын, кімге алға ұмтылуға "рұқсат" берілетінін көрсетеді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ тапсырысымен жүргізілген сауалнамада қазақстандықтардың 71,4%-ы "жоғары білім ер балаға маңыздырақ" деген пікірмен келіспейтінін көрсетті. Бұл өзгеріске үш негізгі фактор ықпал еткен: мемлекеттік саясат, халықаралық интеграция, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру.

1. Мемлекеттік саясат пен халықаралық ықпалдастықтың әсері
Кейінгі жылдары гендерлік теңдік идеясын мемлекеттік бағдарламаларға жүйелі енгізу қоғамдық нормаларды қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Мыңжылдық даму мақсаттары, гендерлік индикаторлар және халықаралық конвенциялар барлық басты стратегияларда көрініс тауып, теңдікті міндетті талап деңгейіне жеткізді.
Қазақстан ұзақ жылдар бойы БҰҰ-ның гендерлік бастамалары мен әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы конвенцияларға қатысып келеді. Сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форум сияқты жаһандық индекстерге ену елді сыртқы жауапкершілік алаңына шығарады. Мұндай жағдайда "жоғары білім ұлға маңыздырақ" деген көзқарас тек ескірген түсінік қана емес, халықаралық нормаларға сәйкес келмейтін ұстанымға айналды.
Сауалнама нәтижелері мынадай нәтиже көрсеткен:
71,4% - "жоғары білім ер балаға маңыздырақ" деген пікірмен келіспесе, 27% - келіседі, демек әлі де "ескіше" ойлайды . Ал келісетіндердің басым бөлігі: ер адамдар, ауыл тұрғындары, табысы төмен және діндар топтар болып шыққан.
2. Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және рөлдердің өзгеруі
Экономиканың күрделене түсуі, урбанизацияның артуы және білім деңгейінің өсуі әйелдердің қоғамдағы орнын табиғи түрде кеңейтті. Бүгінде әйелдер белсенді түрде жұмыс істеп, мансап құруы, қоғамдық өмірге араласуы - қалыпты жағдай. Осындай ортада "білім ер балаға маңыздырақ" деген түсінік өткен дәуірдің сарқыншағы сынды.
Дейтұрғанмен, осылай ойлайтындар әлі де бар екен. Әсіресе мына топтар арасында білім алу тұрғысында ер адамдарға басымдық бру керек дейтіндер әлі де жиі байқалады:
- Ер адамдар - 32,5%
- Әйелдер - 22,5%
- Дін ұстанушылар - 44%
- Табысы төмен топтар - 34%
- Орта білімділер - 33,9%
- Ауыл тұрғындары - жоғары деңгейде

Бұл түсініктің сақталуы көбіне әлеуметтік және материалдық факторларға байланысты. Ресурсы шектеулі ортада білім "инвестиция" ретінде бағаланып, оны "отбасы асыраушысына" бағыттау қисынды саналады.
3. Қоғамның "үнсіз" есеюі: гендерлік шектеулерден мүмкіндіктерге қарай
Сарапшы гендер мәселесін төрт қырынан: жұмыс істейтін ананың рөлі, еңбек нарығы, отбасылық табыс және ұл-қыз теңдігі деп қарап көрсе, бір үлкен тенденция айқындала түсетінін айтады. Қазақстан қоғамында ескі тәртіптің элементтері сақталғанымен, қазіргі өмірде шектеуден гөрі мүмкіндіктерге жол беретін жаңа көзқарас та жоқ емес.
- Жұмыс істейтін ананың балаға кері әсері бар деген пікір азайды.
- Жұмыс орындарын "ерлерге арналған" деп бөлу қажеттілігі жойылды.
- Әйелдің ерден көп табуы үйдегі теңгерімге (баланс) қауіп деп саналмайды.
- Ең маңыздысы - білім алудағы жыныстық айырмашылыққа сенім әлсіреді.
Бұл ешқандай төңкріс емес. Бұл - қоғамның байсалды, сенімді түрде есеюі, болашаққа деген сенімнің күшеюі. Деректер көрсеткендей, Қазақстанда бүгінгі таңда ұлдар мен қыздар тең мүмкіндіктерге қол жеткізіп келеді.
