ffin.kz

Жас ғалымдардың ғылым саласындағы жетістіктері

Жас ғалымдардың ғылым саласындағы жетістіктері Сурет: Egemen.kz

Отандық жас ғалымдар жаңа өнімдер алудың жолын тапты


Отандық жас ғалымдар күріш қауызынан кремний диоксидін алды. Кремний диоксиді шыны, керамика, бетон жабдықтары, тіс пастасы, косметика өндірісінде қолданылады.


Қазақстандық зерттеушілердің енді бір тобы энергия үнемдегіш шамның жаңа нұсқасын ойлап тапты. Ғылымды серік еткен жандар жаңа өнімін өндіріске шығаруды да бастап кеткен.


Күріштің қауызын өртегенде, одан шыққан түтін ауаға таралып, зиянды химиялық зат бөледі. Қазір қызылордалық ғалымдардың арқасында Сыр маржанынан шыққан қалдықты да зиянсыз өңдеп, одан пайдалы өнім алу мүмкін болып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 


Бұл туралы химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов айтты.



«Қызылорда облысында жы­лы­на 500 мың тоннадан астам күріш жиналады. Одан ша­мамен 100 мың тонна күріш қа­уызы қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын күріш қа­уы­зын қала сыртындағы по­ли­гонда өртейтін. Қалдық жан­ған­да майда дисперсті кремний диоксидін бөледі. Бұл – көзге көрінбейтін, ауада таралатын зиянды химиялық зат. Аталған зат ине түрінде крис­талданып, полигонға жақын аумақта тұратын тұрғындардың өкпесін зақымдайды, сөйтіп, адамдар емі жоқ силикоз ауруы­на шалдығады. Сол себеп­ті соң­ғы уақытта күріш қауы­зын өртеуге тыйым салынды», - дейді профессор.



Оның айтуына қарағанда, содан қал­дық­ты құрамажем­нің құрамына қосып жіберетін болған. Жануар жеге­німен, қорыта алмай, шай­налған күйінде ағзадан шы­ға­рады екен.


Жас профессор өзінің ғалым­дар тобынан тұратын командасымен бірлесіп әзір­леген тех­но­логияның ерекшелігі – кү­ріш қауызынан бірнеше минутта ғана кремний диоксидін алу. Шетелдік ға­лымдардың тәжіри­бесінде күріш қал­ды­­ғын­дағы кремнийдің өзін, орга­­ни­­калық бөлігін қалды­рып, бейор­ганикалық қоспа­лар­дан ажырату үшін қыш­қыл­­дық өңдеу жүргізеді. Әдетте, мұндай өңдеуге тұз қыш­қы­­лын қолданады. Бұл бір­неше сағатты алады. Отан­дық зерт­теу­шілер мұны мик­ротол­қын­ды сәулелендіруге кө­шір­ген. Осылайша, жоғары тем­пе­ра­ту­ра­да өңдеу арқылы кремний диоксидін алды. 



«Шетелдік ғалымдардың зерттеу­ле­рінен көргеніміздей, олардың ешбірі 100 пайыз таза кремний диоксидін ала алма­ған. Ең жоғары жетістігі 99,8 пайыз болды. Ал біз 100 па­йыз таза кремний диоксидіне қол жеткіздік. Таза кремний диоксидін ІТ-технологияға қа­жет­ті оптоталшықтар жасауға қол­да­­нылады. Ал оптотал­шық­тар жылдам ин­тернет үшін қажет. Сондай-ақ таза кремний диок­сидінен таза кремний алу­ға болады. Кремний – күн энер­гетикасына таптырмас қосы­лыс. Кремний диоксидін, бұдан бөлек, құрылыс материалдарын да­йындауда, өте жоғары тазалықтағы кварц шынысын жасауда, косметикада және т.б. пайдаланады», -  дейді Н.Аппазов.



Жетекшісі профессор Н.Аппа­зов бас­тап, шәкірттері – хи­мия PhD Нұрғали Ақыл­беков пен Рахметулла Жаппар­бер­генов, Рахымжан Тұрманов, Динара Ниязова, Индира Еспанова секілді ма­гистр­лар, Баурат Базарбаев, Ақерке Молданазар сынды жоғары білімді жас мамандар қостаған зерттеушілер тобы аталған істе шетелдік ғалымдар «рекордын» жаңартты. 


Нанотехнологияға негізделген үнемді шам


Заман жаңарған сайын адам­зат ал­дын­дағы маңызды мін­деттер мен өзекті мәселелер де өз­геріп отырады. Ал қазіргі за­­манда электр энергиясын үнем­деу күн тәртібінен түспей тұр. Электр қуаты қым­баттап бара­­ды, мұның да себебі – тап­­шылық. Осы мәсе­лені шешу­дің жолдарын отан­дық жас ға­лымдар да зерттеп жүр. Олар энергия үнем­де­гіш шамның жаңаша үлгісін ойлап тапты. Аталған жобаның жетекшісі, физика-математика ғылымының кандидаты, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Мерлан Досболаев жаңа үлгінің ерекшелігіне тоқ­талды.



«ҚазҰУ-дың Ашық түрдегі ұлт­тық нанотехнологиялық зерт­­ханасы плазма физикасы мен тех­никасын зерттеумен айна­лысады. Плазманы әр­түрлі жағдайда алуға болады. Ең қолайлы зертханалық плазма газдық разрядта алынады. Газ­дық разряд дегеніміз – газдық ортамен электр тоғының өтуі. Осы кездегі пайда болған газдық разряд плазмасы жарық береді. Біз разрядтың жарық беру қарқынын жо­ға­рылатып, жаңа үлгідегі электр үнем­дегіш шамдарын жасадық. Газдық разряд плаз­ма­сының түрлі фи­зи­калық қасиеттерін зерттеу кезінде құрамына микро, нано­бөлшектер енгізгенде олар­дың жарық беруі бірнеше есе артатыны анықталды. Сөйтіп, нанотехнологияға негізделген газдық разрядты шамдардың жаңа нұсқа­сын жасау туралы ой пайда болды. Бір­не­ше халықаралық ғылыми журналдарда мақалалар жариялап, кейін елімізде осы жаңалығымызға патент алдық. Қазір «Ғылым қорының» гранты арқылы осы жобаның өндірісімен айналысып жатырмыз», - дейді ол.



М.Досболаевтың айтуынша, бү­гінде кеңінен қолданылып жүр­ген жарық­ диод­ты шамдар­дың тиімді жұмыс істеуі үшін қымбат технологиялар қажет. Қазір дүкен сөрелерінде тұрған мұндай шамдардың көбі арзан материалдардан дайындалған, ал сапалысы қымбат тұрады. Отандық ғалымдар әзірлеген шамдар­дың бағасы одан әлде­қайда қолжетімді. Бұл шамдарда бұрынғыдай таза сынаптың орнына амальгамма қолданылады. Амальгамма дегеніміз – аз ғана сынаптың басқа ме­тал­­дармен қосындысы. Осылайша, газ­дық разрядтың құрамына еніп, жа­рық спектрін өзгертіп, оның қар­қы­нын арттырады.


Ашық түрдегі ұлттық нано­тех­ноло­гиялық зертха­насының директоры Мұхит Мұратов қазірдің өзінде 50 мың дана шам шығарылғанын, сатуға дайын екенін жеткізді.



«Ғылым қорының» грантымен шам­дарға қажетті шикізат алдық. Шикі­зат­­ты пайдаланып, 4 түрлі форма­дағы, сапасы бірдей 50 мың дана өнім дайын­да­дық. Шам­дарды сатуға талап ететін серти­фи­кат­қа да қол жеткіздік. Енді са­ты­лымға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс дүкендеріне өзі­міздің тиім­ді өнімімізді ұсы­нып отырмыз. Осы­ған қоса мем­ле­кеттік сатып алуға қа­ты­су да көзделген. Негізі қазір көп жерде орна­тылған, көзге қатты әсер ететін жарық ­диод­ты шамдар 5 мың теңгеден жоғары тұра­ды, ал біздің университет ғалымдары әзір­леген шамдар 300 теңгеден басталады», - дейді М.Мұратов.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04