2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлікке қатысты жаңа қылмыстық жауапкершілік заң жүзінде күшіне енді. Бұл – банк шоттарына, төлем карталарына немесе жеке сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу мен оларды пайдалану әрекеттерін қатаң бақылауға алу мақсатындағы маңызды заңнамалық қадам. Aqshamnews.kz тілшісі осы тақырыпты зерттеп көрді.
Дроппер деген кім?
Дроппер – алаяқтардың заңсыз жолмен алынған ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатыг адам. Олар өз атына банк картасын рәсімдеп, сол арқылы ақшаны аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру жұмыстарын жүзеге асырады. Дропперлер сондай-ақ басқа адамдардың шоттарын пайдаланып, алаяқтық схемаларын іске асырады.
Дропперлер – бұл басқа біреудің шоттары, карта деректері немесе құжаттарын пайдаланып, алаяқтар ұрлаған ақшаны алу немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін көмектесетін адамдар. Олар көбінесе алаяқтардың ізін жасыруға және ұрланған ақшаны заңсыз қолдануға арналған.
Дропперлердің алаяқ деп атауға бола ма?
Егер дроппер өзі белсенді түрде алаяқтыққа қатысса (мысалы, адамдарды алдап, жалған құжаттар жасаса), онда ол алаяқ болып есептеледі.
Ал егер дроппер тек алаяқтарға көмектесіп, заңсыз әрекет жасап жатқанын білсе, оны алаяқтардың серігі деп атауға болады. Яғни, ол алаяқтыққа жанама түрде қатысады және заң бойынша жауапқа тартылады.
Дропперлер тікелей алаяқтық емес, бірақ олардың (алаяқтардың) жұмысын қолдап, заңсыз әрекетке қатысады. Сондықтан оларды әдетте алаяқтардың серігі немесе қылмыстық серігі деп атауға негіз бар.
Жаңа заңда қандай жауапкершілік бар?
ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа 232-1-бапқа сәйкес, енді дропперлік әрекеттері үшін нақты қылмыстық жаза қарастырылған:
Банк шотын, төлем құралын немесе сәйкестендіру құралын заңсыз түрде беру: 160 АЕК дейін айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау, сонымен қатар мүлікті тәркілеу мүмкіндігі бар.
Елеулі сомада заңсыз пайда алу жағдайында: айыппұл 3 000 АЕК-ке дейін ұлғаюы немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Үшінші тұлғалар атынан заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жасау: 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Дропперлік әрекеттерді ұйымдастыру, яғни басқалардың шоттарын заңсыз пайдалану мақсатында сатып алу: 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Алматыдағы жағдай қандай?
Алматы қаласының Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасынан алынған ресми мәліметтерге сүйенсек:
- 2024–2025 жылдары дропперлікке қатысты қылмыстық істер саны күрт өскен.
- Қазіргі уақытта полиция тарапынан жүйелі түрде жедел-іздестіру және алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.
- Өкінішке қарай, соңғы жылдары жастар мен студенттер арасында дропперлікке тартылу жағдайлары жиілеген. Жасөспірімдердің де араласуы анықталған, бұл бағытта арнайы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция белсенді жұмыс атқарып келеді.
- Қылмыстық жауапқа тартылған дропперлердің орташа жасы - 18 мен 30 жас аралығында.
Алаяқтар қандай әдістерді қолданады?
Полиция мәліметінше, алаяқтар көбіне төмендегідей тәсілдерді пайдаланады:
- Жалған жұмыс ұсыныстары: "Үйде отырып ақша табыңыз" деген хабарландырулар.
- Әлеуметтік желілердегі тартымды жарнамалар мен хабарламалар.
- "Оңай табыс" туралы жалған уәделер.
- Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер – дропперлік әрекеттерді ұйымдастырудағы басты арна.
Қазақстанда интернет-алаяқтық санына есеп бар ма?
2025 жылы Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық саны 14 мыңнан асты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22%-ға көп. Бас прокуратураның ведомствоаралық кеңесінде кибералаяқтардан келтірілген жалпы шығын 6 миллиард теңгеден асады, оның 26%-ы ғана өтелгені хабарланды.
Қылмыстық жауапкершілікке 217 дроппер тартылған, олардың әрекеттері алаяқтыққа төлем құралдарын беру арқылы жүзеге асырылған. 61 кибер топ анықталып, 2,9 миллиард теңгеден астам күдікті транзакциялар тоқтатылған.
Алдын алу шаралары қалай жүргізіледі?
- Оқу орындарында түсіндіру жұмыстары өткізіледі.
- Әлеуметтік желілерде ақпараттық роликтер мен ескертулер таратылады.
- Полиция профилактикалық әңгімелер жүргізеді.
- Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция жасөспірімдермен жұмыс жасайды.
Құрбандарға кеңес
Егер сіз алаяқтық құрбаны болсаңыз немесе дропперлікке қатысты ақпаратқа ие болсаңыз, дереу:
- «102» жедел желісіне хабарласыңыз;
- Жақын жердегі полиция бөлімшесіне арыз беріңіз.
Егер сіздің шотыңызды үшінші тұлғалар пайдаланып жатса, дереу банкке хабарласып немесе онлайн-банкинг арқылы картаңызды блоктаңыз.
Заңға сәйкес жеңілдік алу мүмкіндігі бар ма?
Жаңа бапта арнайы ескерту бар: егер адам алғаш рет дропперлікке қатысты құқық бұзушылық жасаған болса, өз еркімен мойындап, құқық қорғау органдарына көмек көрсетсе және әрекеттерінде басқа қылмыс болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
Қазақстанда дропперлікке қарсы күрес жаңа деңгейге көтеріліп, алаяқтықтың алдын алу бойынша шаралар күшейтілуде. Жастардың, әсіресе студенттердің, алаяқтыққа тартылмауы үшін құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізуде. Өз қауіпсіздігіңізді сақтау және заңсыз әрекеттерге араласудан аулақ болу – әр азаматтың міндеті.