Алматы картасындағы тағзым: Ұстаздар есімін иеленген көшелер

Алматы картасындағы тағзым: Ұстаздар есімін иеленген көшелер интернеттен

Алматы – Қазақстанның ең ірі қаласы ғана емес, мәдениет пен білімнің де ордасы. Қаланың әрбір көшесінің атауы тарихпен, елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімімен тығыз байланысты. Соның ішінде ұстаздар атына берілген көшелер – елдің білімге, ғылымға, ағартушылыққа деген құрметін айқын көрсететін белгі.

Қазақ халқы ұстазды әрқашан ерекше қадірлеген. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп бес арысымыздың бірі, әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, ұстаз есімінің көше атауына айналуы – бұл олардың еңбегін ұлықтаудың, халық жадында мәңгі қалдырудың бір жолы.

Қаламызда бірқатар ұстаз бен ағартушының есімі көшелерге берілген.

Ахмет Байтұрсынұлы көшесі 18.04.1993 жылы Алматы қаласы әкімінің №78 шешімімен Алаш партиясы көшбасшыларының бірі, тұңғыш «Әліппенің» авторы, белгілі түркітанушы, реформатор ғалым, қазақ тілі білімі, әдебиеттану және қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымдарының негізін салған зерттеуші, қоғам қайраткері, сталиндік репрессияның құрбаны Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. Бұрынғы атаулары: а)Тараншы; ә)Космонавтар көшесі. Көшенің ұзындығы - 4450 метр.

Ыбырай Алтынсарин даңғылы – 23.10.1991 жылдан бері қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, ұлы ұстаз, фольклорист, этнограф-зерттеуші Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Әуезов ауданының аумағында орналасқан бұл даңғылдың ұзындығы – 2938  шақырым. Бұрынғы атауы Правда даңғылы.

Спандияр Көбеев атындағы көше – Алматы қаласы атқару комитетінің 26.12.1962 жылғы №453/26 шешімімен қазақ жазушысы, ағартушы-педагог, Қазақ КСР-не еңбек сіңірген ұстаз Спандияр Көбеевтің есімі берілген. Түрксіб ауданында орналасқан көшенің бұрынғы атауы – Молодежная, көшенің ұзындығы - 1820 метр.

Зейнолла Қабдолов атындағы көше – Алматы қаласы мәслихатының 02.08.2008 №128 шешімі және Алматы қаласы әкімдігінің 14.08.2008 №3/557 қаулысымен көрнекті жазушы, білімпаз әдебиеттанушы, ұстаз-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР Халық жазушысы, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері - Зейнолла Қабдоловтың есімі берілген. Әуезов ауданында орналасқан көшенің ұзындығы -1350 метр, бұрынғы атауы - Маречек көшесі.

Жамбыл Тобаяқов атындағы көше – Алматы қаласы әкімінің 21.05.1999 №452 шешімімен қоғам қайраткері ғалым-физик профессор, педагог Жамбыл Тобаяқовтың есімі берілген. Жетісу ауданында орналасқан көшенің бұрынғы атауы - Семипалатинск көшесі, ұзындығы - 900 метр.

Антон Макаренко көшесі – 24.02.1954 жылы Алматы қаласы атқару комитетінің  №5 шешімімен ұлы педагог, жазушы, әлемдік педагогика тарихында өзіндік орны бар кеңес дәуіріндегі педагогика классигі Антон Семенович Макаренконың есімі берілді. Жетісу ауданында орналасқан көшенің ұзындығы - 650 метр.

Бұл атаулар – ұстаздардың еңбегіне тағзым етудің, олардың білім саласына қосқан үлесін ұлықтаудың айғағы. Ұстаздар атына берілген көшелер – жас ұрпаққа өнеге. Бұл дәстүр арқылы қоғам ұстаздың қадірін дәріптеп, «білім – басты құндылық» екенін ұмыттырмайды. Әрбір көше тақтайшасында жазылған есім – тарихтан тағылым, болашаққа бағдар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:30

17:29

17:07

16:51

16:31

16:17

16:07

15:44

15:39

15:25

15:16

14:57

14:49

14:25

14:10

14:02

13:13

12:20

12:12

12:04

11:26

11:13

11:05

11:01

10:52