ffin.kz

Хан кененің аманаты

Хан кененің аманаты almaty-akshamy.kz

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар

 

 

«Семсер жүзіндегі серт» трилогиясының алтын өзегі – ұлттық рух, азаттық айбыны, бостандық бейнесі

 

Ұлтының азаттығы үшін қолына ақ ту алып, ақ сауыт киіп, ақбоз атқа мінген Кенесары бейнесі «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясында кесек сомдалған екен.                                                                              

Хан Кене бастаған ұлт-азаттық майданның Жетісу мен Іле Алатауы етегіндегі кезеңі – қаламгерлеріміздің оң жамбасына келе қоймаған тақырып. Бұл – он жылға созылған халық көтерілісінің шарықтау шегіне таянған тұсы болатын. Тағдыр-тәлейі күрделі, тым қатыгез ханның қатаң мінезі мен қаһарлы сұсы жанына оңай-оспақ жанды жақындатпайтыны да рас. Содан да шығар, әйтеуір ұзақ жылдар ешкім аттап баспады. Ілияс Есенберлин де «Қаһарын» батыс пен орталық өңірлердің шегіндегі арпалыспен аяқтаған еді. Алайда, қазақ пен қырғыздың арасындағы ХІХ ғасырда орын алған трагедиялық оқиға, кеудемізде дық болып тұрғаны жасырын емес.

Ал біз сөз етіп отырған роман-трилогиямен танысқанда байқағанымыз, халқымыздың өткен өмірін, кешкен михнатын кең көлемде қамтыған екен. Онда қаршадай бозбала Кенесарыдан айбынды тұлғаға айналған, арыстанның абаданындай атпал Кенесарының ажал құшатынына дейін және одан кейінгі дәуірлер баяндалады. Үш томдықты біріктіріп тұрған басты алтын өзек – ұлттық рух, азаттық айбыны, бостандық бейнесі. Әуелгі Абылай ханнан бастап, кешегі біздің алаш қайраткерлерінің арқауына айналып, Желтоқсан көтерілісіне дейін жеткен өлмес-сембес қайсар рух. Жалпы, батыр да аңғал, дархан қазақ халқын азаттық рухы адастырмай алып келе жатқаны сипатталған. Ұлт азаттық көтерілістің бас қаһарманы батыр да емес, ақын да емес, тұтас бір елдің ханы – Кенесары. Басқыншылыққа қарсы халық болып жүргізген хан Кене бастаған майдан, ханның басы шабылғаннан кейін де тоқтамады. Оның дүбірі сона-ау Петерборда отырған императордың тізесін дірілдетті.

Кеңестік саясаттың ықпалы жүріп, көлеңкесі түскен кеңістікте төрткүл дүние таныған классиктердің өзі қалам тартпаған, тартса да, тек жағымсыз жағынан көрсеткен тарихи тұлғалар болды. Жабық тақырыпқа айналған ондай қаһармандар, керісінше, халықтың сүйіктілері еді. Идеологияның иінімен солар жайлы теріс сөйлеп, әдеби даңқына дақ түсіріп алатын жайлар ұшырасты. Сондай шетін тақырып – Кенесары хан және оның жүріп өткен жолы.

Кенесарыны бар болмыс-бітімімен тұңғыш көркем кейіпкерге айналдырған жазушы – француздың қаламгері Жюль Верн. Көбіне фантастикалық шым-шытырық оқиғалар тарихын жазатын танымал қаламгерді қызықтырған дүние, Кенесарының садақ, қылышпен ғана жүріп, зеңбірек сүйретіп, мылтық асынған орыс әскерін бықпырт тигендей жасайтыны болса керек. Тіпті, кейіпкерінің атын да өзгертпей Кенесары деп алды. «Күллі Сібірді басып алып, орыс империясын дірдектеткен татар ханы Кенесары» деп бастайды романын. Алайда, бұған шұғыл түрде Ресей империясының Сыртқы істер министрі араласып, ортаға түбі түрік орыс жазушысы Тургеневті қатыстырып, ол Париждегі әріптестерімен бәтуаласып, кейіпкердің есім-сойын өзгертеді. Кенесары – Феофан болып шығады.

Сөйтіп, кешегі күнге дейін «жабық тақырып» болып келіп, қазір «шетін тақырыпқа» айналған дүние ХІХ ғасырда  демократияшыл Еуропаның өзінде де осылайша ауыздықталған еді.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясының кейіпкері – сол, атақты Кенесары хан. Ол ғұмыр кешкен тұстағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік ахуалдың құбылмалылығынан өмірінің қайшылығы мол, тағдыры ауыр болды. Трилогияда алғаш рет көркем әдебиет кеңістігінде Кенесары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағаланады.

Әділбек Ыбырайымұлы сексен сегіз түрлі құбылып тұрған деректерді екшей келіп «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясында Кенесарының тарихта қандай жүк арқалағанын, халыққа несімен жағып, қай ісімен аты шыққанын шығармашылық құлшыныспен жазған.

Бірінші кітап – «Арланның азуы». Айыр қалпақты ағайын қазақ ханының басын алғанымен қоймай, Кенесарының бауыры, Абылайдың шөбересі, албан-суанның аға сұлтаны Тезек төрені Орманбет манап анасының асына шақырады. Тезек төре асқа бармаса да болар еді ғой. Барғаны – тарихи шындық. 

Трилогиядан  Сүйінбайдың Қатағанмен атақты айтысында екі ел арасындағы ақиқаттар айтылатынын бағамдаймыз. Қырғыз ақыны Кенесары-Наурызбайдың басын шапқандарын мақтан көреді. Қаламгер ақтаңгерлердің сөз саптастарына қарай ілгергі тарихқа шегініс жасап, қос елге ортақ жайттар әсерлі бейнеленеді. Онда айыр қалпақ ағайынның қазақ сарбаздарының басынан мұнара тұрғызғаны да сырт қалмайды. Ұлт арасына араздық туғызу емес, атаққұмар сұлтандар, беделді билердің орыс шені мен лауазымына малданып, арсыздықпен, қиянатпен қызмет еткендері әсерлі тіл бояуымен жеткізеді.

Екінші кітап – «Серт». Қаршадайынан ағалары Саржан мен Есенгелдінің соңынан ілескен, басқыншы жұртқа қарсы шайқас көрген, азаттық мұратын бозбала уақытынан бойына тұтқан Кенесары қос ағасы өзбектердің қолынан қараулықпен өлгеннен кейін, атқа қонуынан басталады. Қасым төре «Ендігі алты алаштың алдына шығатын кезек – сенікі, Кенесары! Жай қолыңды, әкелік батамды беремін!» дейді. Батасын беріп беліндегі сапысын кісесімен ұсынады. Сапыны қынынан суырып алып, маңдайына басып, жүзінен сүйеді. Әкесіне қарап «Осы от пен суға суарылған алмастың жүзімен қас жауларымды аямай бауыздауға ант етемін!» дейді.

Сөйтіп, Абылай ханның ақ туын көтеріп, халқының азаттығы жолындағы бітіспес күреске түседі.

Шығарманың кең тынысы осы екінші кітапта жақсы ашылған. Үлкен еңбек екенін оқырманға мойындатады. Ұлттың тарихын, тарихи адамдардың парасатты бейнесін толыққанды шығарған. Арпалысқан талас-тартыс, дүлей, озбыр кезеңнің жай шындығынан көркем шындықты сомдаған. Кер заман дейміз бе, сұм заман дейміз бе, соның саяси әлеуметтік кескінінен керемет картина жасаған. Кенесарының батыр болайын деген атқа ие болу үшін күреспегенін, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған ер екенін бүгінгі оқырман жүрегіне жеткізеді. Ұлт-азаттық бағытты көксеген, отаршылдық бұғауды бұзудың жолындағы,  мемлекет құруға ұмтылған ірі қайраткер екеніне сендіреді.

Үшінші кітап – «Рух». Хан Кене ажал алдындағы ақтық сәтте «Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» дейді қалың жауы мен дұшпандарының алдында. Міне, ата-бабадан келе жатқан асыл мұратты ту еткен Кенесарының ұлдары атқа қонды. Ендігі халықтық майданды ұлы Сыздық сұлтан жалғастырды. Мұнда да отаршыл орысияның басқыншы әрекетіне қарсы кескілескен сүргін соғыс суреттеледі. Ата-баба аманаты мен перзент парызы, қазақ халқының қаһармандығы баяндалады.

Өмірден өтер алдындағы хан Кененің Тәуелсіздік жөніндегі ұрпағына қалдырған аманаты  – Азаттықтың ақ туына айналды, сөнбес алауға ұласты. Оның «ұрпағыма аманат» дегендегі «ұрпақ» өз кіндігінен өрген үрім-бұтағы ғана емес, ұлы қазақ халқының келешек кемел ұрпағы еді. Сол Аманат, Кие, Серт, Рух бізді асқақ биіктерге алып келе жатыр.

«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясын оқи отырып, халқымыздың азапты тағдырына жаның ауырады, өткелектің бәрінен өткен қайсарлығына рухтанасың. Шығармада Тәуелсіздік пен Азаттықтың аурасы аспандап тұр. Егемендік таңымен рухтас еңбектер дайықты бағаланғаны жөн. Ұлтымыз үшін тәуелсіздікті көксеген Кенесары ханның аманатына адал болу – парызымыз.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56