ffin.kz

Форум: Қазақстан туризмнен өз үлесін алу керек

Форум: Қазақстан туризмнен өз үлесін алу керек almaty-akshamy.kz

I халықаралық медиа және туризм форумы болып өтті


«Туризм – валюта генераторы» деген сөз бар. Онда триллиондаған АҚШ доллары айналып жатыр. Айталық, жаһандық індетке дейін бұл саланың жалпы құны 9 триллион долларға бағаланып, тұтас әлем ЖІӨ-нің 10,4 пайызын ұстаған. Орташа есеппен, халықаралық сауданың 7 пайызы, қызмет көрсету экспортының 25 пайызы туризмге тиесілі. Әлем елдеріндегі әр оныншы жұмыс орны да осы саладан ашылады. COVID-19 індеті туризмді ауыр соққымен ойсыратып кетті, сонда да, былтырдан бері қайта қарқын алды. 2022 жылы туризм саласының жалпы табысы 1 трлн долларға жетіп, пандемиядан кейінгі алғашқы рекордты орнатты. Мұндай табысты нарықтан Қазақстан да өз үлесін алуы тиіс. 21–23 шілде аралығында Алматы облысында өткен I Халықаралық Медиа және туризм форумының түпкі мақсаты да осы болатын.


Әуелі, медиа мен туризмді ту еткен шара­ны Түркітілдес журналистер қоры ҚР Ақпа­рат және қоғамдық даму министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, тіке­лей Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өткізгенін айта кетейік. Іс-шараға сонау ағылшын жерінен тартып Молдоваға дейінгі Еуропаның 8 елінен, көршілес ағайын өзбек пен қырғыздан, бауырлас Әзербайжан мен Түркиядан, сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен 150-ден астам БАҚ өкілдері қатысты. Іс-ша­раның ауқымын осыдан-ақ білуге болады. Алғаш рет өткізіліп отырған Медиа және туризм форумы: пресс-тур, 4 сессиядан тұра­тын форум отырыстары мен Қонаев қаласын­дағы туристік іс-шараларға қатысу сынды үш үлкен мазмұннан тұрды.



«ЕГИПЕТТЕН ЕУРОПАҒА КЕЛГЕНДЕЙ БОЛДЫҚ...»


Іс-шараның шымылдығы Шарын шатқа­лы мен Көлсай бағытындағы пресс-турмен ашылды. 150-ге тарта отандық және шетелдік БАҚ өкілдері отырған көлік колоннасы Алматыдан шығып, Ұлы Жібек жолының бойымен Шарын шатқалына түс әлетінде жетті. Миллиондаған жылдық табиғи үрдіс қалыптастырған шатқалдың ғажайып түзілісі алғаш келушілердің аузын аштырғаны анық. Шатқал жолымен саяхатшыларды өрлей-құл­дай тасып жүрген екі «Уаз» көлігінде тыным жоқ. Топтың бір бөлігі сай тағанындағы Ша­рын өзеніне дейін бірнеше шақырым жаяу түсті. Шатқал жолынан құрлық асып келген саяхатшылар да кездеседі.


Шарын – әлемдегі екінші үлкен шатқал, әрі Қазақстанның табиғи брендтерінің бірі. Бұрнағы жылдағыларға қарағанда туристік нысанға аз да болса бұл нысан да кірген. Шатқал жолының әр тұсынан саяхатшылар көлеңкелеп демалатын, су ішіп әлденетін, кейде жауыннан тасаланатын күнқағарлар салыныпты. Шатқал жартастарының түсіне ұқсатып жасаған күнқағарлар табиғи көрі­неді. Бірақ жолдан қаталап жеткен туриске су табылмайды. Орнатылған су шүмектері қаң­сып бос тұр, оған суды қайдан, қалай жеткі­зетіні тағы белгісіз. Журналистер тобы сай тағанына жиналып, аптапқа ұрылған жүз­дерін Шарынның салқын суына шайып, сонда түстенді. Артынша көп бөгелмей екінші аялдамаға – әйгілі Көлсай көліне ат басын бұрды.


Туристік топты Шарын қапырық ыстығы­мен аттандырса, Көлсай жолы Жалаңаштан өте жауынмен қарсы алды. Бірер сағат бұрын ғана Сахараның аптабынан шыққандай бол­ ған саяхатшылар Альпінің ақ жауынына жо­лыққандай болды. Көлсай етегінде кофе- брейкте Германиядан келген қонақ Алипаша Акбаш: «Египеттен шығып, бір жарым сағат­та Еуропаға келгендей болдық қой», – дейді Қазақстандағы климаттық айырмашылыққа таңданып.



МҮМКІНДІГІ КӨП САЛА


Көлсайдан күн батырып шыққан көлік тізбегі Қонаевтағы қоналқыға түн ортасы ауа жетті. Ертесі іс-шараның негізгі бөлігі I Ха­лықаралық медиа және туризм форумы өтті. Форумның ашылуында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанға­зиев және Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы туризм саласының ел экономикасына берерінің мол екенін, сондай-ақ туризмді дамытудағы ме­дианың маңызы жайында сөз етті.


Ақпарат және даму министрі Д.Қыдырәлі бір өңірдегі туризмді дамыту үшін өңірлік мифтердің айрықша рөлін атай келіп, кезекті іс-шараның Іле жағасында өтіп жатуының тарихи мәні бар деген ойын ортаға салды. «Іленің ұлт мәдениеті тарихында маңызы айрықша. Бүгінгі шараның Іле жағасында өткені де тарихи сәйкестік деуге болады. Көнеше жыл санаудың шығу тегі жайында­ғы аңызда, ертеде осы өңірде бір қаған елеулі оқиғалардың жылдарын ұмытпау үшін күнтізбе жасауды уәзірлерімен ақылдасады. Жануарларды Іле дариясынан өткізіп, алды­мен келгендеріне қарай жылдарға ретімен атын беріпті деп келеді. Өңірдің туризмін дамытуда ұлттық фольклордағы мұндай детальдарды тиімді пайдалануды ұсынар едім», – деді министр сөзінде.


Форумның ашылу салтанатынан кейін облыс басшысы мен министрлер шетелдік журналистер тобымен кездесу өткізді. Онда туристерді және инвесторларды тарту мәсе­лесі қарастырылды.


Бұдан кейін форумның «Медиа, PR және туризм индустриясы» атты екінші отырысы өтті. Молдова мемлекеттік телеар насының директоры Людмила Барба ханым бейне-роликтердің шетелдік туристерді тар­тудағы маңызы туралы тамаша мысалдар келтірді. Молдованың ұлттық арналары жа­саған бұндай тәжірибелер аз қаржымен көп туристерді елге келуге ынталандыра алғанын әңгімеледі. Бұл еліміздегі туризм саласының дамуында ескерусіз қалып жатқан тәжіри­бенің бірі. Айталық, Алтай мен Арқаның, Маңғыстаудың, Жетісудың көркем көрініс­терін, ондағы туристік нысандарға шетелдік туристер тартуға бағытталған жарнамалық роликтерді көрмейміз. Үндістан мен Түркия, Мысыр мен Дубайда өздерінің ұлттық бренд­теріне айналған нысандарды керемет мазмұн­ды бейне-роликтер арқылы таныстырып, кең көлемде насихаттап жатады. Молдова ұлттық арналары таратқан бейне-роликтердің бірін­де Голливуд актері Брэд Питтке ұқсайтын жергілікті әртісті бас кейіпкер еткен. Кейін Молдованың туризм саласына осы бір ро­ликтің үлесі айрықша болған.


Осы отырыс аясында Франциядағы Media France-тің директоры Али Гедикоғлы Қазақстанның көршілес және тұтас түркі елдерімен бірлесе отырып, діни туризмді дамытуға зор мүмкіндіктерінің бар екенін ортаға салды. Расында, туризмнің үлкен бір саласы діни туризм үшін Қазақстанда Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері, Бекет ата мешіті секілді керемет нысандар бар. Бұлар­ды бауырлас түркі елдері мен ортақ діндегі ислам елдеріне насихаттау арқылы туризмнің үлкен бір арнасын қалыптастыруға зор мүмкіндіктеріміз бар.


 



«Қазақстандағы туризм: Даму келешегі мен мүмкіндіктер» деп аталатын ал­ғашқы сессия отырыстарының тізгінін «Alatau Aqparat» медиа-холдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы ұстады. Онда Түркия Туризм министрлігінің ке­ңесшісі Алпарслан Акынжы мырза мен Өзбекстан Туризм министрлігі PR депар­таментінің директоры Лола Рахманбаева ханым өз елдеріндегі сала бойынша даму үрдістері мен тәжірибелерді ұсынды. Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев еліміздегі туризм саласының жалпы жағдайы мен мүмкіндіктерін, даму бағдарламаларын таныстырды.



 


Бұған қоса, екінші сессия отырысында Әзербайжан мемлекеттік телеарнасы, Жаңа­лықтар бөлімінің директоры Аида Эйвазова ханым мен Түркияның Avrasya Spor Medya- ның директоры Ахмет Түзүн мырза түркі елдерінде ортақ туризм кеңістігін қалыптас­тыру турасындағы ойларымен бөлісті. Ахмет Түзүн мырза спорт туризмінің табыстылығы жайында жанды мысалдарды келтіре келе, Дүние жүзі көшпелілер ойынын болашақта кеңейте отырып, спорт туризмінің ірі жоба­сына айналдыруға болатынын алға тартты.


Форумның соңғы сессиясында «СИНТЕ­ТИКАЛЫҚ МЕДИА: Контент қалыптас­тырудағы нейрожүйе» тақырыбы көтерілді. Британиядан келген Avrupa Media Group құ­рылтайшысы әрі редакторы Ватан Өз бен Кирениядан келген Amerıca Global Carrier Institute директоры Орхан Аннахгиазада шетелдегі журналистика саласына жасанды интеллекттің қалай әсер етіп жатқаны жа­йында сөз етті. Қазақстанда жасанды интел­лект саласындағы еңбек етіп жүрген Мейір­ жан Әуелхан, Айдын Мәулытхан қатарлы азаматтар жаңа технология саласындағы үрдістер туралы тәжірибелік бағыттағы пре­зентацияларымен бөлісті.



ІЛЕНІҢ ЖАҒАСЫ, АЛАТАУДЫҢ САҒАСЫ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА СҰРАНЫП ТҰР


Облыс басшысы Марат Елеусізұлы фо­румның өңірдегі туризм саласының дамуына үлкен ықпалы болады деп үміттенеді. Іс-ша­ра барысында отандық БАҚ өкілдеріне бер­ген пікірінде ол: «Өңірдегі осы саланы дамы­туда бұл форумнан күтеріміз көп, жақсы әсері болады деп күтеміз. Облыс орталығы бір жылдан аса Қонаев қаласында жұмыс іс­теп жатыр. Өңірдің туризм саласындағы әлеуеті жоғары. Түркітілдес журналистер қоры осы тақырыптағы форум өткізуді ұсын­ған кезде бірден қолдадық. Форум аясында шетелдік журналистерден көп ұсыныс түсті, үмітіміз зор, туризмді бірлесіп дамытсақ дейміз», – деді. Шетелдік журналистермен кездесу кезінде оларға облыстың аталған са­ланы дамыту бойынша жоспарын танысты­рып, туристер мен инвесторлар тартуды көз­деп отырғанын да жеткізді.


Алматы облысы туризмді басты дамыту бағытының бірі етіп келеді. Бұрынғы Қапша­ғай, қазіргі Қонаев қаласы әр демалыс күн­дері 40 мыңнан аса туристі қабылдап отыр. Қонаев қаласында 10 мың адамдық қонақүй мен түселдердің оларды толық алып қалуға мүмкіндігі жоқ екенін де мойындады. Деген­мен, өңір туристерді былтырғыға қарағанда 23 пайызға көбірек қабылдаған.


Медиа мен туризмді тақырып еткен бірінші халықаралық форумның Ал­маты облысында өтуінің де өз мәні бар. Облыс туризм саласында өзге өңірлер­ге қарағанда үлкен артықшылыққа ие. Себебі, Алматы сынды ірі мегаполис­пен шектесіп жатқан облыс – шетелдік туристер үшін еліміздегі алғашқы аялдама. Бұл әуе және құрлықтағы көлік-логистикасының жағдайына да байланысты. Алтай мен Атырау ара­сында, өзге де қазақ жерлерінде ішкі және сыртқы туризмде елімізге үлкен табыс әкелетін эко-туризм нысандары жетерлік. Бірақ соның бәрінде инф­рақұрылымдық мүмкіндік бірдей емес. Бұның өзі саладағы ең алдымен қолға алатын мәселе екенін көрсетіп отыр.  


«Аlmaty-akshamу», №88, 25 шілде, 2023 жыл


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51