ffin.kz

Бүлінген тарихи сананы қалпына келтіретін уақыт жетті

Бүлінген тарихи сананы қалпына келтіретін уақыт жетті Сурет: e-history.kz

ЖОШЫ ҰЛЫСЫНА 800 ЖЫЛ

 

Билік буыны жаңарып, өз тарихының бетбұрысты кезеңін бастан кешіп жатқан мемлекетіміздің алдында бірқатар маңызды міндет тұр. Кәдуілгі саяси-экономикалық түбегейлі реформаларды жүзеге асырудан тыс, ұлттық сананы жаңғыртып, жаңа ұлттық сапаға көтерілу сынды маңызды міндеттер де бар. Ол үшін отарлық кезеңде ұлт санасына күштеп таңылған тарихи сананы жаңартуға тура келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың басында «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында бұл туралы сөз қозғаған болатын. Айталық, биыл елімізде атқарылуы тиіс маңызды істердің қатарында Жошы ұлысына қатысты ауқымды ғылыми зерттеулер қолға алынатынын айрықша атап өтті. Мемлекеттілік пен ұлттық идентификациямыздың тамырын тереңге бойлататын мұндай маңызды іс қоғам тарапынан, әсіресе ақпарат кеңістігі жағынан елеусіз қалмауы тиіс. Сондықтан да Жошы ұлысы, Алтын Орда сынды даңқты тарих парақтары мен қазіргі Қазақ елінің заңды байланысы ақпарат құралдары арқылы қоғам өкілдеріне ұдайы жеткізілуі қажет. Бүгін біз қозғайтын сөз осы бағытта болмақ.

Ұмытылған ұлылық немесе бүлінген тарихи сана

Өкінішке орай, біз отарлық тарихты бастан өткерген халықпыз. Бұл отарлау халқымызға тиесілі территория мен ресурстардан тыс, санамызға да бағытталды. Отарлық қамытынан құтылып, жеріміз бен байлығымызды басқарудың "екі тізгін, бір шылбырын" өз қолымызға алдық. Алайда санаға бағытталған отарлаудың зардаптарынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Бұл біздің сана сырқатымыздың қаншалықты ауыр екенін, отарлық таңбаның қаншалық терең екенін аңғартады.

Бір халықты түбегейлі отарлау, әлбетте, оның тарихи санасын бүлдірмей жүзеге аспайтыны белгілі. Сондықтан өткен ғасырда халқымызға өз тарихымызға қатысты тек бұрмаланған, өзгертілген немесе жартылай мәліметтер ғана берілді. Жалпыға ортақ білімді кең таратумен бірге жеткізілген бұл теріс мәліметтер халықтың өз тарихына қатысты бұрыс түсініктер қалыптастыруына ықпал етті.

Тарихи санасы бүлінбеген халықты билеп-төстеу мүмкін емес. Себебі, ұлтты жалпы үлкен тұлға ретінде қарастыратын теориялар бар. Бұл теория бойынша ұлттың да биологиялық және психологиялық саулығы немесе сырқаты болады. Тарихи санасы бүлінген ұлт өзінің кім екенін толық тани алмайды, өзін құрметтеуден, ең бастысы сенімнен айырылады. Ұлттың ішкі «МЕН»-і бұзылған кезде ол қабілетсіз, дәрменсіз күйге түседі. Осылайша, ұлттық мақтаныш пен сенім әлсірейді, жатқа жалтақшыл, бөтенге тәуелді болуға бейім болады.

Жошы ұлысын зерттеудің маңызы

Бүлінген тарихи сананы қалпына келтіру – тарихи ақтаңдақтарды анықтап, бұрмаланған тарихты түзетуден басталады. Халқымыздың тәуелсіз ойлайтын, тәуелсіз іс жүргізетін әрі бәсекеге қабілетті жаңа сападағы ұлт болуы үшін оның мемлекеттілік тамырларын зерттеу өте маңызды. Әсіресе, даламызда салтанат құрған, өз бабаларымыз негізін қалаған мемлекеттер мен сарайлардың тарихын зерттеудің орыны бөлек.

Шыңғыс хан, Алтын Орда десе, бұрынғы дәуір тарихнамалары оларды "моңғолдар", "моңғол шапқыншылығы" деп көрсеткен болатын. Шындығында, бұл тарих олай емес. Жошы ұлысы мен кейінгі Алтын Орда қазіргі Қазақ елімен тікелей тарихи сабақтастығы бар мемлекеттер болып табылады. Сондықтан Жошы ұлысының тарихи маңызын түсіндіру және оны кеңінен зерттеу – ұлттық сананы нығайтып, ұлттық «МЕН»-нің шыңдалуына септігін тигізеді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
4
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:54

19:06

18:48

18:05

17:55

17:50

17:40

17:22

17:10

17:04

16:46

16:38

16:18

15:51

15:23

14:55

14:45

14:18

14:11

13:38

13:12

12:58

12:49

12:41

12:17