ffin.kz

Біз жақсы оқушы емес, жақсы адам тәрбиелеуіміз керек

Біз жақсы оқушы емес, жақсы адам тәрбиелеуіміз керек Сурет: ашық дереккөз

Ұлтық киім саласында «Ерке-Нұр» брендін қалыптастырған, жалпы көпшілікке белгілі Фарида Мерхамитқызымен өз саласы және отбасы құндылығы мен бала тәрбиесі тақырыптарында әңгіме өрбіткен едік. Оқырмандарға әңгіменің сүбелі тұстарын ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

 «Сүйікті ісіммен айналысып келем»

 Фарида ханым, ұлттық киім саласында ұзақ жыл еңбек етіп келеcіз, өз брендіңізді де қалыптастырдыңыз. Салаңыздан бөлек қазір немен айналысып жүрсіз? Әңгімемізді осыдан бастағымыз келіп отыр.

 Соңғы төрт жылда өзімнің тағы бір сүйікті ісіммен айналысып жүрмін десем болады. Әлеуметтік желі арқылы отбасы құндылығы, әсіресе бала тәрбиесі жөнінде лекциялар оқып келемін. Шынын айтсам, әу баста өзіміздің ұлттық киімдерді насихаттайын деген оймен «Инстаграм» секілді әлеуметтік желілерде блогерлікті дамытқан едім. Бірақ кейін қоғамда бұл бағытта толып жатқан проблемалардың бар екенін көріп, осы жағындағы қажеттілікті жасауды мақсат еттім. Құдайға шүкір, елге еңбек етейін деген шынайы мақсатың болса, нәтижесі де болады екен. Қазір парақшамда лекцияларымды асыға күтетін 100 мыңға жуық тұрақты оқырманым бар. Тіпті кейбір лекция-сұхбаттарым 2 миллионнан аса қаралымға жетіп жатады. Бұл, шын мәнісінде, қоғамда осы тақырыпқа деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Әйтпесе, мен өз парақшамның танымалдылығы үшін әрекет етіп отырған жоқпын. Расында бұл жағында көптеген мәселелер бар. Бұрын Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде де жұртшылықтың ішінде көп болдым, сол кезде де осыған көзім жеткен еді. Қазір айналысып жүрген ісімді өзіме бір табыс әкелетін іс ретінде емес, жұртқа, елге деген борышым ретінде істеп жүрмін, былайша айтқанда зекет ретінде. Әдетте «Инстаграм» секілді желілерді қолданатындардың көбі жастар, арасында жас ата-аналар да бар. Олар да бала тәрбиесі, отбасы тақырыбында өзінен бұрынғы буынның тәжірибесін алғысы, дұрыс бағыт тапқысы, баласына дұрыс тәрбие бергісі келеді.

Осы тақырып бойынша тереңірек тоқталыңызшы. Отбасы, бала тәрбиесінде нақты қандай проблемаға тап келдік?

 Егер турасын айтқанда, бұл жағын кешіктірмей мемлекеттік деңгейде қолға алуға тиіспіз. Өзге елдерді алып қараңыз. Мысалы, Жапония, Германия секілді дамыған елдер бала тәрбиесіне, отбасындағы тәрбиеге айрықша мән береді. Жапонияның балабақшаларында барлық баланы еңбекке тәрбиелейді. Мектептерінде де сол. Министрдің баласы, байдың баласы деп мәміле жасамайды, бәріне бірдей мәміле, бірдей тәрбие. Ондағы берген тәрбиесі сол алдымен баланы адам ретінде тәрбиелеу, яғни еңбекке баулу. Әр кішкентай бала өз ісін өзі істеуге машықтанады. Германияда болса 18 жасқа дейінгі бала үй жұмысына көмектеспесе, ата-ананың құқық қорғау орындарына жүгінуге қақысы бар. Мұндай заңды қабылдаған әлемдегі жалғыз ел. Яғни бұл елдер баланың өсіп-жетілуінде үй жұмысын, қарапайым еңбекті маңызды деп санайды. Енді осы елдердің әлемдегі орнына қараңыз, ең сапалы өнімді, ең жаңа технологияларды өндіретін елдер. Бұған қарап, дамыған елдер алдымен баланың адамдық қасиетін ашуға тырысатынын көреміз. Адамдық қасиетті ашатын нәрсе, ол – еңбек.

Ал бізде қалай? Бізде бала жақсы болу үшін жақсы оқу керек деген түсінік бар. Жақсы мектепте оқытсам балам жақсы болады екен деп ойлайды. Бірақ біз қолында бір емес бірнеше дипломы бар, алайда ешқандай жұмыс істей алмай отырған, бүгінгінің сөзімен айтқанда «диван адамдарын» қайдан шығардық сонда. Демек, жастайынан еңбекке баулымаған бала қанша білім алса да, бәрібір көп нәрсеге қабілетсіз болып шығады. Балабақшадан тартып бізде ана орталыққа, мына үйірмеге беріп, тіпті балаларға ойнауға да уақыт қалдырмаймыз. Осы арқылы баланы әлемде жоқ бір идеал адам жасағымыз келеді. Бірақ еңбекке баулымаған бала ертең ештеңеге қабілетсіз болып шығады, тіпті өмір сүрудің өзі оған машақат көрініп тұрады. Бұған қоса, қазір түрлі желілердің әсерінен жастар тек комфорт өмірді қиялдайтын болып барады. Барлық нәрсе оңай келетіндей көреді, қиялындағыдай бола салатындай көреді. Қолында қанша дипломы болса да бір жердің ортасын, бір жұмыстың жалақысын ұнатпайтын, сәл ғана жапа болса содан қорқып, баспай тұратын, нәтижесінде жұмыссыз масыл ұрпақтар көбейіп барады. Осының бәрі айналып келіп отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі.

Осыдан бұрын Президенттің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Алматыда кездесу өткізіп, әр сала мамандарының ұсыныстарын тыңдады. Сонда да бұл мәселені мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде қолға алу керек екенін жеткіздім. Тіпті осы арада балалар үйіне мемлекеттік қамқорлық дей отырып, қамқорлықты асыра қолданып жатқанымызды да айттым. Мемлекет қамқорлығының қалыптан тыс болуы білім саласында да бар. Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде балалар үйлеріне барған кезімізде көрдік, қаладағы балалар үйінде мемлекеттік қамқорлықтың барлығы жасалған. Яғни кір жуатын, ыдыс жуатын электр жабдықтарынан тартып, тазалығын істейтін, тамағын жасайтын адамдарға дейін бар. Ал балалар ештеңе істемейді, тек оқу бағдарламалары мен спорттық жаттығуларымен ғана айналысады. Ертең осы балалар 18 жастан асқаннан кейін бағанағы қамқорлықтың бәрінен алыстайды, ары қарай дербес өмір сүруге қабілетсіз адам болып қалады. Бұл балалар үйіндегі ғана емес, көптеген отбасында да болып жатқан жағдай, ертеңгі үлкен қоғамдық проблема деген сөз. Баланы жақсы оқуға емес, алдымен жақсы адам болуға тәрбиелеу маңызды.

«Тәрбие басты нәрсе»

Сөз арасында артық мемлекеттік қамқорлық білім саласында да бар дегенді айтып қалдыңыз. Өзіңіз де жеке колледж арқылы білім саласында да еңбек етіп жатырсыз. Осы мәселені тарата кетcеңіз?

 Иә, біз қоғам болып, ата-ана болып, тіпті мемлекет болып баланы оқытамыз. Бірақ осы ұрпақты оқыту керек деп, кей нәрседе артық кетіп жатырмыз. Қарап отырсаңыз, 18-ге дейінгі балалар не мектеп, не колледж қабырғасында болуы тиіс. Мектепте біршама жақсы оқитын балалар тестке қатыстырылып, университеттерге қарай бағытталса, арада тұрған балаларды колледждерге қарай итереміз. Бұл балалар білім алмай қалмасын деп мемлекет гранттарды көбейтеді, шәкіртақылар тағайындайды. Енді сол тегін оқу мен шәкіртақыға ие болған балалар дұрыстап та оқымайды, тіпті сабаққа да келмейді. Ата-анасы мемлекеттік грантпен оқып жатыр деп мәз, мемлекеттік гранттағы баланы оқудан шығару үлкен үрдіс, көп әурешіліктермен жүзеге асады. Сондықтан кейбір колледждер бұған көзжұма қарайды дегендей. Сонымен, бала не мектепте, не колледжде, не үйде емес, екі арада қалып, нәтижесінде мемлекеттің артық қамқорлығы керісінше әсер етіп жатыр. Жаңағы не білім алып, не жұмыс істеп, не отбасында болып тәрбиеленбеген нағыз өтпелі кезеңнің балалары түрлі ағым, келеңсіздіктерді оңай қабылдап алады. Не жатып ішер жалқау, масыл ұрпақ болып қалуы мүмкін. Қысқаша айтқанда, мемлекет ақшасын төлеп тұрып жатыпішерлерді тәрбиелеп жатырмыз. Иә, біз білім саласына барынша көңіл бөлген боламыз, білім беруге мән берген боламыз. Бірақ, біз әлі Алаш арыстарының ағарту қозғалысы, яғни қараңғы қоғамды қалай сауатты, білімді етеміз деген кезеңінде әлі жүргендейміз. Біз ол заманда емеспіз ғой, біз қазіргі жаһандану кезеңінде ұлтты қалай сақтаймыз, ұрпақтарымызды қалай тәрбиелейміз деген кезеңге қарай өтуіміз керек.

«Дәстүрден алыстағанда, оңғаны қайсы»

Әдетте отбасы не дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға көп көңіл бөлінеді. Бірақ, не үшін біз өз қоғамымызда жат құндылықтардың насихатынан жеңіліп қала береміз?

Бұны айтсақ та айналып келіп отбасы мен бала тәрбиесіне тірелеміз. Шынын айтсақ, қазақта қазірге дейін бала тәрбиесінің жүйелі мектебі қалыптасқан жоқ немесе заманауи үлгісі жоқ. Әр ата-ана өз білгендерімен жүріп жатыр. Бәріне ортақ үлгі, бәріне бірдей әдісті қалыптастыра алмай отырмыз. Ұл-қыз деп бөліп, бірін артық көріп, бірін кемсіткен емес, бірақ ұл мен қызға берілетін тәрбиенің заманға сай үлгісі әлі де жоқ. Оларды ертеңгі үлкен өмірге тәрбиелеп, алдын ала дайындауға тиіспіз. Соңғы жылдары бұл тақырыптар бойынша жеке ізденістерге де бардым. Қорыта келе, елімізде мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек екен деп түйдім. Былайша айтқанда, балабақшадан тартып, жоғары оқу орындарына дейін ұрпақты әуелі адами құндылықтарға қарай жетелейтін біртұтас тәрбие керек. Ал оқу бағдарламасы өз алдына, меніңше ол жағынан біз ешкімнен кем болып жатқан жоқпыз. 

Әрине, әдетте кей жастарға дәстүріміздегі нәрселерді айтсаң, оны ескішілдік, заманға сай емес дегендей пікірлер айтып жатады. Ал сол дәстүр жаман болса, оны қабылдамағанда жақсы болып кеткендері қайда. Бүлінген отбасылар, алимент төлей алмай жүрген жігіттер, тірі жетім өсіп жатқан балалар, мәселе толып жатыр. Міне осының бәрін реттейтін мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс деп ойлаймын.

«Жеңіл өнеркәсіп жеңіл емес»

Енді әңгіме ауанын өз салаңызға қарай аударсақ. Ұлттық киім саласының беталысы қалай?

Құдайға шүкір, қазір ұлттық киім ұлттық нышанға айналды. Осы салада еңбек еткен барлық әріптестерімнің еңбегі деуге де болады, ұлт санасында мызғымас орнын тапты. Дизайн, өндіріс жағында да ілгерілеушілік бар. Қазір ұзатылып бара жатқан қыздарымыз өзінің ұлттық киімін киюді қалайтын болды. Осының өзі үлкен жетістік, ары қарай қоғам мен еркін нарық өзі реттейді.

Нарық демекші, жұрт арасында «ұлттық киім нарығын қырғыз ағайынға беріп қойдық» деген пікір бар, бұған не дер едіңіз?

 Бұның өзі сол нарық мәселесі, оның түбі барып отандық өндіріс саласындағы мәселелерге барып тіреледі. Өкінішке қарай, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында әліге дейін мемлекеттік қолдау бағдарламалары жетілмей келеді. Киім өндірісі бұл жеңіл өнеркәсіп, аты жеңіл болғанымен шын мәнінде жеңіл емес. Себебі, бұл сала көп еңбек күшін талап етеді. Өз нарығымызды түгел қамту үшін үлкен өндіріс керек, бірақ оған жекелеген адамдардың күші жете бермейді. Ұзағанда 200-300 адамдық өндіріс жасауға болады, оның өзі қиын шаруа. Ал табысты өндіріске жету үшін кемінде 500-600 адамдық өндіріс орыны болуы тиіс. Бұған мемлекет қолдауынсыз жету қиын. Бұл салада сондай ауқымды өндіріске күш салып көргендер болды, бірақ еліміздегі еңбек күші мен өндіріс құнына байланысты көбі орта жолда тоқтап қалды.

Енді нарықты қырғыз ағайын алып жатыр дегенге келсек, олардың жеңіл өнеркәсібін дамытуға арналған бағдарламалары болды. Яғни «нөлдік НДС» болды, өзің өндіріп сатсаң болды, табыс салығына жеңілдік жасалды. Ал бізде өндіріп сату мен алып сатудың салығы бірдей. Әу баста 20 пайыздық салық болатын, кейін біртіндеп түсіріп келеді, қазір 12 пайыз болып тұр. Мінеки, осы арада өндірдің де, алып саттың да бірдей болып қалды. Тіпті шетелден арзан тауар әкеліп сатып жатқандар салығын қалай тапсырып жатыр ол жағында да әңгіме көп, заңды табыс салығын төлеп отырса да жеке кәсіпкер ретінде қалай да төмен салық төлейді. Ал отандық жұмысшыларды істетіп отырған біз үшін шетелдік арзан тауармен нарықтық бәсекеге түсу қиынға соғады.

Бір сөзбен айтқанда мемлекеттен жеңіл өнеркәсіпке қамқорлық бүгінгі күнге дейін жасалмай келеді. Иә, төмен өсімді несиелер қарастырылған, бірақ, соның өзі 8 пайызды құрайды, ал оған қол жеткізудің өзі қиын шаруа. Қытайда білесіз, 3 пайыздық несиенің өзін өндірушілер қымбатсынып алмайды, ал өндіріп шетелге сатсаң, 17 пайыз мемлекеттік субсидия қарастырылған.  Біз кен байлығы мол елміз, бірақ ол саланың бәрінде жалпы халық еңбек ете алмайды. Ал жалпы халық істейтін жеңіл өнеркәсіпті қолдай алмай отырмыз.

 Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52