Күрең күздегі күннің суытуы көшедегі қыдырысты азайтады. Еліміздің оңтүстігінде күн жылы болғанмен, басқа аймақта күздің ызғары кәдімгідей сезіліп тұр. Бір жерде жауын жауса, кей өңірдің тұрғындары алғашқы қарды да көріп үлгерді, бірақ жылыту маусымы кесте бойынша әлі басталған жоқ. Күзді шығармашылық адамының көбі шабыттана қарсы алса, тоңғақ адамдар жақтырмайтыны белгілі. Көшедегі аяз бен боранда жүрмей-ақ, жылы үйде отырып та бойы жылымайтын адамдар болады. Олардың елден ерекше тоңғақ болуына не себеп?
Тоңғақтықтың себебін адам ағзасының ерекшелігінен іздеудің керегі жоқ. Ол кейде денсаулыққа қатысты мәселеден туындаса, кейде өмір салтына да байланысты болады. Үнемі тоңып жүруге қандай әдеттер себеп болуы мүмкін? Аqshamnews.kz тілшісі дәрігерлер кеңесіне жүгіне отырып тоңғақтық себептерін тарқатады.
1. Қатаң диета ұстау
Үнемі. Немесе уақытша. Егер екіншісі болса - диетадан шыққан кезде, ағза өзіне қажет деңгейде қайтадан қыза бастайды. Диета кезінде сіздің ағзаңыз майдың төмен пайызын ұстап тұру және сізге қуат беру үшін зат алмасу процесін баяулатады. Осының кесірінен тоңып жүресіз.
2. Майды аз жеу
Бірінші және екінші әдеттер бір-біріне сәйкес келуі мүмкін. Табиғат біз үшін бәрін ойластырып қойған - суық мезгілде майлы нәрсе жегіміз келуі бекер емес. Май денені қыздырып тұрады. Бірақ, майлы екен деп тәтті бәліштерге жүгірудің қажеті жоқ, пайдалы майларды - жаңғақтар, балық, авокадо, зәйтүн майын тұтынған жөн.
3. Қимыл-қозғалыстың аз болуы
Қарапайым тілмен айтқанда, сіз көп отырасыз (немесе жата бересіз). Дене қимылының аздығы қан тамырларға ғана теріс әсер етіп қоймай, зат алмасуды да баяулатады. Сондықтан тым болмаса жаттығу жасауды бастаңыз.
4. Аз ұйықтау
Ұйқының сапалы болуы өте маңызды. Егер ұйқыңыз жеткіліксіз болса, гипоталамусқа (мидың эндокриндік жүйенің жұмысын бақылайтын бөлшегі) көп күш түседі және ол сіздің дене қызуыңызды реттеуге жауапты болғандықтан, сіз ылғи тоңып жүресіз.
5. Ақуызды аз тұтыну
Ақуыз адам ағзасындағы термогенезді (ағзадан жылудың бөлінуі) жүзеге асыруға көмектеседі - ол тағамды қорыту кезінде пайда болатындықтан дененің қызуы жоғарылайды. Неғұрлым көп ақуыз жесеңіз, термогенез соғұрлым ұзағырақ болады. Сондықтан әр тағамға ақуыз қосуға тырысыңыз.
6. Құрамында темірі бар тағамдарды аз жеу
Темір қан жасушаларының оттегін ағзаға тасымалдауға көмектесетінін және қоректік заттармен бірге аяқ-қолға жылу беретінін білесіз бе? Қол-аяғыңыз үнемі жылымай ма? Мұның себебі темірдің жетіспеушілігі болуы мүмкін. Қарақұмық, бауыр, шпинат, брокколи, қызылша жеңіз. Ал темір жетіспеушілігінен зардап шексеңіз (оны қан талдауы арқылы білуге болады), құрамында темірі бар дәрі-дәрмектермен емделуге тура келеді.
7. Суды аз ішу
Адам ағзасында сұйықтың жеткілікті мөлшерде болуы зат алмасу жылдамдығына әсер етіп, денедегі жылуды сақтап тұрады.
8. Кофені көп ішу
Күнделікті ішетін кофеңіздің саны шектеулі болуы керек (ең көп дегенде 2-3 шыныаяқ), өйткені кофеиннің көп мөлшері қан тамырларының тарылуына әкеледі, соның кесірінен бойыңыз жылымайды, ішімдік ішудің де нәтижесі осындай.
9. В12 дәрумені бар тағамдарды жемеу
Бұл дәрумен қалыпты дене қызуын сақтауға көмектесетін эритроциттердің (қанның қызыл түйіршіктері) түзілуіне себепші болады. Тиісінше, осы дәруменнің жетіспеушілігінен эритроциттер де аз болады. Тамағыңызға ет, тауық, балық, жұмыртқа және сүт өнімдерін қосыңыз.
Енді бұл әдеттерден басқа тоңғақтыққа тағы не әсер ететінін айтайық.
Қан қысымының төмен болуы
Гипотония (қан қысымының төмен болуы) тұқым қуалауы немесе туа біткен болуы, кейде жүре пайда болуы мүмкін. Қан қысымының төмен болуына байланысты қан айналымы баяулайды және терморегуляция (ағзаның жылуды сақтау қабілеті) да нашарлайды. Жалпы жүрек-қан тамырлары аурулары тоңғақтыққа себеп болуы мүмкін - кез келген жағдайда дәрігердің кеңесі қажет.
Қалқанша безінің бұзылуы
Тоңғақтықтың тағы бір себебі осы болуы мүмкін, өйткені гипотиреоз - гормонның жеткілікті бөлінбеуі. Мұндай жағдайда зат алмасу процесі баяулайды. Ауру симптомсыз да басталып кетуі мүмкін, сондықтан эндокринолог дәрігерге көрініп қойған дұрыс.
Вегетотамырлық дистония
Бұл ресми түрде тіркелген ауру емес, шаршау, әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, ұйқысыздық және суық тию сияқты симптомдардың жиынтығы.
Бүйрек ауруы
Бүйрек жұмысы бұзылуының кесірінен дене ісінеді, бұл қан тамырларын қысады. Әдетте, алдымен аяқ-қол мұздайтын болады.