Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінен құралған 300-ден астам адам қатысқан XIV Азаматтық форум өтті, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков форумның ашылуымен құттықтап, мегаполистің дамуындағы цифрлық технологиялардың маңызды рөлін атап өтті:
– Бүгінде цифрлық трансформация – заманауи қаланың өмір сүруінің ажырамас бөлігі. Алайда бұл – мемлекет, ҮЕҰ және азаматтардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде ғана мүмкін болады. Тұрғындардың белсенділігінің жарқын мысалы – “Халық қатысатын бюджет” жобасы, сондай-ақ алғаш рет жүзеге асырылған Жастардың қатысу бюджеті. Цифрлық технологиялардың арқасында біз қызметтерді қолжетімді әрі ашық етеміз, ең бастысы – жемқорлық тәуекелдерін азайтамыз. Бұл – қоғам сенімі мен тұрақты даму үшін аса маңызды, – деді ол.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты Алтынай Көбеева ТКШ-ны цифрландыру мәселесінің өзектілігіне тоқталды:
"Мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру мәселесін бірнеше рет көтердім. Бұл – Алматы үшін ең маңызды тақырыптардың бірі, себебі тұрғындар қаржы ағындарының ашықтығын көруі керек – олардың ақшасы нақты қайда жұмсалатынын түсінуі қажет. Сонымен қатар бұл тұрғындар мен басқарушы ұйымдар үшін де ыңғайлы: цифрлық сервистер арқылы ақпаратты жедел алып, қызметтерге төлем жасап, шығындарды бақылауға болады, – деді ол.
Физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев қазақ тілін цифрлық кеңістікке енгізудің қажеттілігіне назар аударды:
"Біз қазіргі технологиялар, соның ішінде ChatGPT және өзге де платформалар қазақ тілінде толыққанды жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Бұл – үлкен мәселе. Жаңа технологиялар қазақ тілімен тығыз байланысты болуы керек. Тек сонда ғана тіл ғылыммен, цифрлық шешімдермен бірге дамып, болашақта да сұранысқа ие болады, – деді Асқар Жұмаділдаев.
Тіл саясаты мен цифрландыру тақырыбына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан да тоқталды:
– Біздің университет қазақ сөздерін, терминологияны, морфологияны және сөз мағыналарын нақты құрылымдаған онлайн-платформа жасады. Онда статистика мен жүйеленген тілдік мәліметтер де бар. Бұл – тілдің цифрлық ортаға қалай және не үшін енуі керектігінің айқын мысалы. Цифрландыру – тек технология емес, ол тіл арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау мен дамыту, – деді ол.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова цифрландыру мен азаматтарды бұл үдеріске тартудың маңызын атап өтті:
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстан толық цифрлық елге айналуы тиіс екенін айтты. Бұл – өмір сапасын арттырумен тікелей байланысты. Алматы – ерекше рөл атқаратын қала, себебі мұнда белсенді әрі дарынды жастар көп. Олар – қоғам дамуының басты қозғаушы күші. Жастар цифрлық процестерге, волонтерлік қозғалыстар мен әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысуда. Бұл – ел болашағын қалыптастыратын күш. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды – Тұрақты даму мақсаттарындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл бастама алғаш рет Мемлекет басшысы тарапынан БҰҰ мінберінде 2020 жылы көтерілген еді. Бұл – қазақстандық тәжірибенің халықаралық деңгейде мойындалуының жарқын мысалы, – деді ол.
«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қор азаматтарға нақты көмек көрсету үшін құрылғанын және заманауи цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатқанын атап өтті:
–
Бүгінде әр азамат «Қазақстан халқына» порталы арқылы өтініш бере алады. Жеке кабинет қарастырылған, оған жеке құпиясөз арқылы кіреді. Өтініш тікелей тағайындалған маманға түседі және онымен тек сол маман жұмыс істейді. Біз азаматтардың дербес деректерінің толық қорғалуына кепілдік береміз және үшінші тараптарға берілмейтінін нақтылаймыз, – деді ол.
Ол Қор қызметі негізгі үш бағытты қамтитынын айтты – денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау:
"Денсаулық сақтау саласында біз ауруханаларға заманауи жабдықтар сатып аламыз, жетекші дәрігерлер мен сарапшыларды шақырамыз. Білім беру саласында Қор халықаралық Coursera платформасының лицензиясын сатып алып, әлемнің үздік онлайн-курстарына қолжетімділік ашты. Сонымен қатар, Қордың қолдауымен мектептерде жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар бойынша курстар енгізілуде. Бұл – болашақтың сын-қатерлеріне дайын жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік салада біз 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бейімделуіне, әлеуметтенуіне, әлеуметтік дағдыларын дамытуға және заманауи жабдықта сапалы оңалту қызметтерін алуына бағытталған QH Жігер жобасын жүзеге асырып жатырмыз, – деді ол.
«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева мемлекет пен үкіметтік емес сектордың ынтымақтастығы нақты нәтиже беріп жатқанын атап өтті: –
Қоғамдық бақылау туралы заң қабылданды, қоғамдық кеңестер туралы заңға түзетулер енгізілді, петициялар туралы заң және өзге де маңызды бастамалар қабылданды. Бұл – азаматтық қоғам үшін маңызды құралдар. Дегенмен көпжылдық зерттеулер мен Альянстың жұмысы көрсетіп отырғандай, Қазақстанға үкіметтік емес ұйымдар туралы жеке заң қажет. Бұл үшінші секторды одан әрі дамыту үшін маңызды қадам болмақ, – деді Бану Нұрғазиева.
Сондай-ақ, ол Алматы әрдайым азаматтық бастамалар орталығы болғанын айтты: – Дәл осы қалада белсенді азаматтық ұстанымның символына айналған “Невада–Семей” ядролық қаруға қарсы қозғалысы дүниеге келді. Бұл қозғалыс бүгінгі күнге дейін бүкіл әлемге үлгі болып келеді. Геосаяси ахуал күрделі болып тұрған қазіргі кезде мұндай бастамалар азаматтық қоғамның жаһандық маңызға ие екенін көрсетеді, – деді ол.
Сөз соңында Нұрғазиева мегаполис үшін жаңа ұсыныс жасады: –
Алматыдағы үкіметтік емес сектор – елдегі ең белсенді. Сондықтан дәл осы жерде ҮЕҰ үшін арнайы Үй – ынтымақтастық пен даму үшін заманауи алаң құру қажет. Мұндай орталық Қостанайда 14 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Онда заңгерлер, ресурстық орталық және Альянс бір шаңырақ астында қызмет етеді. Алматы да мұндай инфрақұрылымға әбден лайық, – деді ол.
Форум аясында «Ең үздік идеялар – менің қалама» атты әлеуметтік жобалар көрмесі өтті. Көрмеде жергілікті қауымдастықтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ҮЕҰ-лардың креативті бастамалары ұсынылды. Шара қорытындысы бойынша үздік жобалар номинацияланды.