Әйгілі "Реал Мадридке" қарсы ойында "Қайрат" ФК-ның қақпасын қорғаған Шерхан Қалмұрза бірнеше күн ішінде желі жұлдызына айналды. Небәрі 18 жастағы жас дарынның шеберлігі мен ойындағы сәттері көптің назарын аударды. Шерхан Қалмұрза жайлы сіз білмейтін қандай деректер бар? Шетелдік БАҚ Қалмұрза туралы не деп жатыр? Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан біліңіз.
Қосшының қара баласы Чемпиондар лигасында
Шерхан Қалмұрза Ақмола облысындағы Қосшы ауылында туып өскен. Футболдағы мансабын "Қайрат" сапында жастар лигасында бастады. Жастар лигасында екі мәрте чемпион атанып, 2025 жылғы көктемде "Қайрат-Жастарда" тұрақты ойнай бастады.
сурет: e-history.kz
Ал оның жұлдызды сәті "Қайраттың" екінші қақпашысы Темірлан Анарбековтың жарақат алуымен тікелей байланысты. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде "Селтикке" қарсы матчта Шерхан алаңға шықпай жатып, қазақстандықтар арасында танылып кеткен еді.
сурет: ойын барысынан
"Қайраттың" бірінші қақпашысы Александр Заруцкий "Селтикке" қарсы матчта, ал екінші қақпашы Темірлан Анарбеков 14 қыркүйекте "Ақтөбеге" қарсы ойында жағынан ауыр жарақат алып, қақпаны күзету Қалмұрзаға бұйырды. Осылайша оның Чемпиондар лигасындағы "жұлдызды жолы" басталды.
"Спортингке" қарсы дебют: пенальтиді қайтарған ең жас қақпашы
18 қыркүйекте Лиссабонда өткен матчта Шерхан алғаш рет Чемпиондар лигасының "лига кезеңінде" қақпаға тұрып, алғашқы таймда Мортен Хьюлмандтың пенальтиін қайтарды. Ойын "Қайрат" үшін 1:4 есебімен аяқталғанымен, жас қақпашының сәтті сейвтері көпті таңғалдырды.
Жергілікті және шетелдік басылымдар оны турнир тарихындағы ең жас қақпашылардың бірі әрі пенальти қайтарған ең жас футболшы ретінде ерекше атап өтті. Тіпті Чемпиондар лигасының ресми парақшасының үздік сейвтері тізіміне еніп үлгерді.
"Реал Мадридке" қарсы тарихи матч
30 қыркүйекте Алматы "Орталық стадионында" "Қайрат – "Реал Мадрид" кездесуінде фаворит команда 5:0 есебімен алматылық клубтан басым түсті. Дегенмен, бұл ойын Қазақстан футболы үшін тарихи кездесуге айналып, матч бойы Шерхан Қалмұрза 7 сейв жасады. 18 жастағы дарын иесі әйгілі футбол жұлдызы Киллиан Мбаппенің бірнеше соққысын қайтарып, тіпті оны әбігерге салып қойды. Ойынның 44-минутында Мбаппенің Қалмұрзаға қараған көзқарасы желідегі жұртты біраз шулатты.
сурет: ойын барысынан
Ойыннан кейін "Реал Мадрид" қақпашысы, әйгілі Тиба Куртуа Шерханмен тілдесіп, ойын жейделерін алмасты. Ол тіпті өзінің желідегі парақшасында қазақстандық қақпашымен түскен суретін жариялап, кейін Қалмұрза жариялаған постқа пікір қалдырып кеткен.
"Осы бетіңнен тайма! Іске сәт" деп жазды Куртуа.
Аталмыш ойыннан кейін Шерхан Қалмұрза тағы да үздіктер тізіміне кірді. Оның "Реалға" қарсы ойындағы сейвтерін УЕФА екінші рет топ төрттікке енгізді.
Қалмұрза - Қазақстандағы ең танымал футболшы
Корольдік клубқа қарсы ойыннан кейін Қалмұрзаның Instagram парақшасында оқырман саны 300 мыңнан асты. Дәл қазір ол еліміздегі ең танымал футболшылар рейтингінде көш бастап тұр.
Қазақстан футболшыларының жазылушылар саны бойынша ТОП бестік:
-
Шерхан Қалмұрза ("Қайрат") — 325 мың жазылушы;
-
Бахтиёр Зайнутдинов ("Динамо" Мәскеу) — 270 мың жазылушы;
-
Темірлан Анарбеков ("Қайрат") — 213 мың жазылушы;
-
Дастан Сәтпаев ("Қайрат") — 187 мың жазылушы;
-
Бауыржан Исламхан ("Астана") — 115 мың жазылушы.
"Бір күні ұлы ойыншы атанады": Шерхан туралы шетелдіктер не дейді?
Чемпиондар лигасы әлбетте әлем назарында. Оның ішінде "Реал" ойыншыларының соққысына қарсы тұрған "Қайраттың" 18 жастағы қақпашысы туралы әлем сарапшылары жарыса жазып жатыр. Солардың бірнешеуін ұсынамыз:
"Шерхан Қалмұрза бір күні ұлы ойыншы атанады. 18 жас, 3 айында "Реалға" қарсы ойында 7 сейв жасады" деп жазды Large Coke.
"Манчестер Юнайтед сендер "Қайраттың" 18 жастағы қақпашысын көріп отырсыңдар деген үміттемін???" делінген Efe Mena жазбасында.
"18 жастағы "Қайрат-Алматы" қақпашысы тамаша сейвтер жасап жатыр. Потенциалы бар" дейді бірі.
"Қақпашыға көбірек ақша төлеу керек! Кім менімен келіседі?" дейді rozer.
"Мұны көп ешкім айтып жатқан жоқ бірақ, "Қайраттың" 18 жастағы қақпашысының сенімділігі ұнайды. Уақыт өте келе ол шыңдала түседі. 18 жастағы қақпашы үшін "Реалға" қарсы 7 сейв керемет нәтиже" деп жазды тағы бірі.
Қалмұрзаның өзі ғана емес, анасы мен сүйіктісі де ел назарында
Шерханның анасы Сәуле Рабаева да ел аузында жүр. Оның сұлулығы мен өз жасына "жас көрінуі" көпті таңғалдырды. Жұрттың жанарын жаулаған Қалмұрзаның анасы медиа саласының маманы екені белгілі болды.
"Самат Смақовтың болашақ күйеу баласы"
Ал Шерханның жүрегінің иесі өзінен екі жас үлкен - Самира есімді ару. Ол Қазақстанға танымал футболшы Самат Смақовтың қызы екені белгілі болды. Қалмұрзаның "қалаулысы" әлеуметтік желіде Шерханмен ара-қатынасы жайлы ашық жариялап отырады.
"Сен - мен үшін нөмер бірсің. Әрдайым сенің жаныңдамын! Тек алға, Шера!", - деп жазды ол өзінің кейінгі сторисінде Қалмұрзаны белгілеп.
Шерханның анасы да ұлының сүйіктісі жайлы хабардар. "Болашақ келінімен" қарым-қатынасы өте жақсы екенін, тіпті Самираның анасымен де жақсы араласатындарын жазған еді.