Қазақтың көрнекті қаламгері Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген бір ауыз сөз қалдырды. Осы бір ауыз сөздің төңірегінде талай сыр жатыр. Әлбетте, алдыңғы буын өкілдерінің іс-тәжірибесі, көргені мен түйгені мол. Қоғам тіршілігінің көшіне ілескен жас ұрпаққа айтар ойы да бар. Осы орайда Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, медиаменеджер Сейітқазы МАТАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
ШЫНДЫҚ САЛТАНАТ ҚҰРҒАН ОРТАДА ӘДІЛДІКТІҢ АҚ ТУЫ ЖЕЛБІРЕЙДІ
– Сейітқазы Бейсенғазыұлы, сіздің ойыңызша, «Әділетті Қазақстан» орнатуда әрбір жанның рөлі қандай болуы керек?
– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» идеясы жүзеге асуда. Ендігі кезекте осы бастама іске аса берсе деген ниетіміз бар. Осыған байланысты өңірлерде түрлі жиындар өтуде. Бұл – өте дұрыс қадам! Бізге шындық ауадай қажет.
Бір нәрсені шегелеп айтайын. Шындық салтанат құрған ортада әділдіктің ақ туы желбірейді. Өзім журналистика саласында істегендіктен, жалғандықтан гөрі шындықтың кешігіп жететінін көрдік. Бірақ түбі адалдық орнайтынына көз жеткіздік. Иә, кейбір адамдардың бұл ойды түсінбеуі ықтимал. Алайда, уақыт өте келе бәрі өзгереді. Жалшы болсаң да, журналист болсаң да, ғалам адамы атансаң да бәрін заң бойынша істеген дұрыс. Сонда қоғам оңалады. Бұрынғыдан жеткен тәмсілге зер салсақ, «Ауруын жасырған өледі» дейді. Мейлінше кеткен кемшілікті түзеп, болашаққа бет бұрудан танбасақ дегім келеді. Өмір деген қас-қағым. Бұл жалғанда әр азамат өз Отаны үшін қолынан келген жақсылығын жасаса дейміз. Сонда ғана өркениетті елдердің қатарына қосыларымыз анық.
– Қазақ журналистикасы қаншалықты қауқарлы? АҚШ, Еуропа журналистерімен салыстыруға бола ма?
– Әрине, әбден болады. Бірақ қараңызшы, қай жағынан салыстырасыз, міне, мәселе сонда. Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция, Германияда БАҚ бұрыннан қауқарлы түрде жұмыс істеп келеді. Шамамен 2-3 ғасырдан бері бір жүйеге түсті. Олардың бізге қарағанда тәжірибелері де мол. Reuter, BBC агенттіктерінің де қауқары жоғары. Заңға бағынады, соның шеңберінде тірлік қылады.
Бүгінгі күні Қазақстан Журналистер одағына 6 мың кісі мүше болды. Филиалдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Елдегі БАҚ абыройын көтеруге атсалысып жүрміз. Бұйырса, алдағы ойларымызды іс жүзінде жүзеге асырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
МЫҚТЫ МЕНЕДЖЕР ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ БАҒЫН АШАДЫ
– New York Times, Washington Post сияқты алпауыт газеттердің әлі күнге дейін атағы асқақтап тұр. Әлем елдерінің баспасөзіне үлгі болуда. Олардың дәуренінің бұлай жүріп тұруына не себеп?
– Біз бір нәрсені ұғайық. Бәрі тәжірибемен келеді. Сөзіңіздің жаны бар. Шетел ақпарат құралдарының даңғылы, жөн-жосығы бөлек. Олар тиражға мән береді. Содан кейін бұл елдерде маркетолог, медиаменеджерлердің еңбегі ерекше зор. Қоғамдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік саланы жақсы қамтиды. Мобильді жылдамдықпен қозғалады. Сапалы дүние жазады. Бірақ заңды аттамайды.
Бір кездері «Азаттық радиосымен» қатар бір ғимаратта отырдық. Иық тіресіп жұмыс істедік. Сонда байқағаным, шетел ақпарат құралдары белгілі бір «жарғы» бойынша істейді. Олар да жазуға «болатын» және «болмайтын» дейтін шекараны сақтайды. Мәселен, мүгедек жан туралы жазылмайтын көрінеді. Кейбірінің баласы аурушаң болуы мүмкін. Міне, осындай ережеге бағынады. Айтпағым, әр редакцияда ереже болуы керек. Демек, сөзден іске көшсек, газетті ғаламдық деңгейге көтере аламыз.
– Сырт елде таңғы астың өзінде газет, журнал оқып отырғанын байқай мыз. Ал бізде газет оқылмайтын жағдайға жеткендей...
– Оқырманды тартуға болады. Біздегі кілтипан – ұйымдастырушылықтың ақсап жатқанында. Әлгінде осының негізгі тетігін айтып өттім. Осы күні материалдар қызықсыз дейміз ғой. Шын мәнінде олай деп ойламаймын. Шетел басылымдарын зерделеп, аналитикалық талдау жасайық.
Материалдың құндылығы арта түсуі үшін саяси эксперт, әр сала бойынша сарапшы маман, қысқасы зерттеуші мамандарды тарту керек. Елдегі болып жатқан оқиғаға бей-жай қарамайтын, өз ойын ашық білдіретіндер көпті өзіне тартады. Бірақ жалғандық пен даңғазалыққа салынбаған жөн.
– Бүгінгі журналистің қандай болғаны абзал?
– Өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйеніп ой айтсам, кеңестік кезеңде «Известия» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болдым. Мәскеуге барғанда бізді құрметтеп, материалдарымызды оқитын. Көбіне кәнігі корифейлер тәлім берді. Үйретті, іс-тәжірибесімен бөлісті. Осы сабақтастық әлі де қажет.
Журналист білімді болуы қажет. Тағы қайталап айтамын, заң бағытына қараса екен. Тілші заңды білсе, құқығын қорғайды. Ал журналистің құқығы қорғалса, қалған мамандық иелеріне де пайдасы болар еді.
Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.