Жаңа оқу жылының басталуына екі аптаға жуық уақыт бар. Көпшілік үйдегі оқушыларының оқу-құралдарын, киім-кешектерін түгендеп болса, жазғы демалыс пен жұмыстан қолы тимегендер арасында әлі де қамданбағандар бар екен. Бір баланы мектепке дайындауға орта есеппен қанша қаражат шығады?
Бүгін осы тақырыпты саралап көрдік:
Алысқа бармай, үйде де оқушылар өсіріп отырғаннан кейін, сол өзім қатарлы ата-аналар чатына «мектепке дайындық қалай? Қанша ақша жұмсап жатырсыздар? Бір балаға орта есеппен қанша ақша жұмсадыңыздар?» деп сауал тастадым. Жауаптар сан түрлі.
- Былтыр 3 балаға 300 мыңдай кетті, биыл әлі бармадық.
- Гласманнан екі кофта, бір юбка (белдемше) 27000 болды.
- Шалбар мен костюм ғана 26000 болды.
- 35000 тг. 7сыныпқа костюм-шалбар ғана барахолкадан алынды.
- Осы жолы қымбат, былтыр ондай болмаған.
- Мен кеше бардым барахолкаға, өңкей қытайдың киімдері сапасыз. Киім көп, байкап карамасаңыздар, қытайдікін Түркия деп сатып жібереді екен.
- Түркияда шығарылған киімдерді әрең таптық, Көк базарға қарағанда арзан кішкене болса да
- Тек костюм мен спортивкасына 50 мың кетті, әлі аяқ киімдерін алмадық.
- Ақ жейде 11500, туфли 26500-ге алдық, рюкзак 17000, кроссовки 15500. Әлі алынбаған заттар бар. Шетінен алып жатырмыз.
Пікірлер де, бағалар да әр түрлі. Дегенмен, жыл өткен сайын баланы мектепке дайындауда тәжірибелі болып алған аналар да кездеседі екен:
"Мен балаларымды бұрын қымбат киіндіретін едім. Осы жолы көзім жеткені, балаға қымбат заттар алудың қажеті жоқ екен. Өйткені бала жылда өсіп кетеді, оқу жылы бітпей жатып, киімдері өздеріне шақ болмай қалады екен. Сол үшін осы жылы канц товарлардың барлығын алмадым, ең баста керектерін ғана алдым қалғандарын сұрап жатса алып беремін дедім. Осы жолы үш баламның киіміне аяқ киіміне барлығы 40 мың жұмсадым. Аяқ киімдер жеңілдікпен сатылып жатыр екен, дәл түстім. Осы жолы сөмке да алып бермедім, өйткені сумкалары бар. Таза, жыртылмаған. Балаға қымбат нәрсе алудың қажеті жоқ екен, соны түсіндім. Өйткені жыл сайын алу керек, жыл сайын бала өсіп кетеді. Бұл ақшаны үнемдеу емес, маған тиімдісі осы болып тұр", - дейді үш оқушыны тиімді бағада мектепке әзірлеген ана.
Қаржыны қайтіп жеткіземін деген ата-аналарға пайдалы-ақ кеңес.
Алматыда не көп!? Базар мен сауда орындары көп. Солай бола тұра, қалтасының түбіне қараған қараша қазақ отбасылары барахолка жағалайтыны анық. Ендеше, сол барахолканың бағасына қарап мектепке дайындық бағасын бағамдай берейік. Ескерту: біз бұл жерде орташа бағаны көрсетуге тырыстық:
Костюм-шалбар (қыздарда сарафан немесе костюм-юбка) – 18-25 мың, (10-15 мыңға да табуға болады, бірақ сапасы бағасына сай)
Спорт киімі – 15-20 мың (11-13 мың теңгеге де табуға болады, бірақ тағы да сапасына қарау керек)
Кроссовка – киюге болады деп ақшаны барынша қысып алғанның өзінде қалыпты бағалары 25 мыңнан басталады
Туфли - 15-20 мың (ең арзандарын 5-6 мыңға табуға болады)
Ақ жейде – арзаны 5 мыңнан басталады, жақсы дегендері 15 мыңнан ары кете береді
Киімді түгендеп болсақ, оқу құралдарын да ұмытпайық.
Сөмке – 10-15 мыңның маңында (арзан дегендері 5-6 мыңнан басталады)
Дәптер, қалам-қарындаш, сурет дәптері, кітап-дәптердің тысы, сызғыш, желім, т.б. тізімдегі таусылмайтын «кеңсе құралдары» деп аталатын заттарға да аз дегенде 25-30 мың жұмсалады. Бір балаға. Енді ар жағын әр балаға қосып, көбейте берсеңіз болады.
Біз өзіміз барып, көзбен көргендегі бағаларды ұсынып отырмыз. Сатушылар айтпақшы, «аспаннан алған баға» емес.
Бұл – өзіміз үйренген «барахолканың» бағалары. Басқаларының бағалары айтпаса да түсінікті болар. Бір баланы мектепке дайындауға жүз мың ештеңе емес боп қалады. Үміт етіп отырған көздерінің нұры – балаларын ата-аналарын қатарынан қалдырмауға тырысатыны анық. Оқырман қауымға ой салып, бала оқытып, оны өсіру оңай шаруа емес екенін еске салып қойғымыз келді. Бастысы – білім мен тәрбие басқа қонса болғаны.