Артық салмақ пен семіздік: жаһандық және қазақстандық ахуал
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, соңғы 36 жылда семіздікке шалдыққан адамдардың саны екі есе артқан. Бүгінде әлем халқының 15–36%-ы артық салмаққа байланысты түрлі денсаулық проблемаларын бастан өткеріп отыр.
Жаһандық деңгейде әрбір төртінші адам артық салмақтан зардап шегеді. Бұл көрсеткіш әр он жыл сайын 10%-ға өсіп келеді, және Қазақстан да бұл үрдістен тыс емес.
Қазақстандағы жағдай
Қазақ тағамтану академиясының зерттеуіне сәйкес, 15 жастан асқан ересектер арасында артық салмақ пен семіздікке шалдыққандар:
• әйелдерде – 29,7% артық салмақ, 25,8% семіздік
• ерлерде – 33,9% артық салмақ, 15,3% семіздік
Яғни, елдегі ересек халықтың жартысынан көбі (әйелдердің 55,5%-ы, ерлердің 49,2%-ы) бұл мәселемен бетпе-бет келіп отыр.
Балалар арасында (6–9 жас):
• артық салмақ 20,6% баладан анықталған
• ұлдар арасында – 23,6%, қыздар арасында – 17,6%
• қала балалары арасында семіздік деңгейі жоғарырақ (23,1%), ауылда – 17,5%
Бұл – аз қозғалу мен шамадан тыс тамақтану артық салмақтың негізгі себептерінің бірі екенін көрсетеді.
Профессор, профилактикалық медицина маманы Татьяна Слажневаның сөзінше, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау (тәтті, тұзды, майлы тағамдар, кешкі асқа шамадан тыс тамақ ішу), психогендік артық тамақтану, ұйқының бұзылуы, гормондық бұзылыстар, физиологиялық жағдайлар (жүктілік, лактация, менопауза) сияқты фокторлар адамның шамадан тыс семіруіне әкелетін негізгі факторлар.
Артық салмақтан арылу немесе семіздікті жеңу мүмкін бе?
Бұл - тұтыну ғасыры. Киім-кешек, басқа заттар бар, адамдар тамақты да талғамай шамадан тыс көп тұтынатын болған. Қазір қарны ашыққаннан үзіліп кетуге шақ қалғанша ашығып кететіндей заман емес. Тамақ жасауға ерінсеңіз, сіз үшін дайын өнімдер жеткілікті, фаст-фуд тағамдары да таяқ тастам жерде. Ара-тұра болмаса, үнемі бұлай тамақтануды әдетке айналдыру соңы артық салмаққа апарады.
Артық салмақты шектен тыс қосып алған жандар үшін онымен күресу оңайға соға қоймайды. Дейтұрғанмен, өзін қолға алып, нәпсіні тежей алған жандар да бар.
Артық салмағы бар Олжас Тұрап есімді кейіпкеріміздің жасы қазір 24-те. Ол жарты жылдан бері артық салмақпен алысып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Бастапқыда салмағы 164-ке дейін жеткен ол қазір 112 келіге дейін түсірген. Бұл нәтижеге ол үш ай ішінде қол жеткізген.
Артық салмақ қосып алуға итермелейтін жағымсыз әдеттердің бірі – күйзеліске түсу, уайымдау. Әкесінің қазасынан кейін, уайымға түскен Олжас өзінің қалай артық салмақ қосып алғанын байқамаған. Кейіннен киімдері сыймай, дем алысында ауырлық сезінген ол өмірін өзгертуге бел байлап, дұрыс тамақтану, жаттығуды енгізген.
«Диетологқа жүгінбей-ақ, белгілі бір режиммен жүрсе, яғни қуырылған, тұзды тамақтан, тәттіден бас тартып, ұн өнімдерін де шектеген кезде артық салмақты алып тастауға болады. Бастысы, күніне 2-3 сағат үздіксіз жаттығуды қосу керек», - дейді ол.
Артық салмақпен күрестің тағы бір шынайы оқиғасын алматылық кейіпкер Серік Тұржанов баяндап берді. Ол бүгінде зейнет жасындағы белсенді адам.
Сурет: Серік Тұржановтың жеке парақшасынан
«Бір кездері өзімді өте нашар сезінетінмін: салмағым 170 келі, ал қан қысымым 220/180-ге дейін көтерілді. Оған қоса омыртқамда жарық болды. Сөйтіп бір жыл үш ай бойы төсек тартып жаттым. Сол кезде жұбайым: «Басқа жол іздеу керек. Жата беруге болмайды» деді. Ол кезде өмірім тамақ ішіп, жатумен ғана шектеліп қалған еді. Қажеттілік туғанда ғана қозғалып, қалған уақытта мүлде қимылдамайтынмын. Бұл – нағыз қорлық. Қозғала алмайтын, әрекетсіз күйдегі адам өзін мүгедек сияқты сезінеді», - деп бастады әңгімесін Серік аға.
Серік Тұржанов артық салмақпен күресте жалғыз жол – кешенді тәсіл екенін айтады.
85 келі салмақ тастаған Серік мырзаның айтуынша, салмақ түнде, ұйқы кезінде кетеді екен.
Адамның артық салмақ жинай келе семіріп кетуінің себептері келесідей:
• артық тамақ, жоғары калориялы тағамдар
• гормоналды тепе-теңдіктің бұзылуы
• ұйқы режимінің сақталмауы
• созылмалы стресс (кортизол артады)
• жиі тамақтану, әсіресе көмірсуға бай тағамдар
Ұйқының да өз уақыты болуы маңызды. Мысалы, раптен гормоны – ұйқы кезінде майдың ыдырауына әсер етеді. Ал егер адам кеш ұйықтаса, ол гормон жұмыс істемейді. Керісінше, кортизол артып, май жинала береді.
Өзін өзгерту үшін келесі Серік Тұржанов дұрыс әдеттерді қалыптастыра бастаған. Олар: күн тәртібі; су ішу режимі; физикалық белсенділік тәртібі; ойлау жүйесі мен психология; тамақтану мәдениеті
Тамақты дұрыс ұйымдастырса, адамның әдеті де өзгереді. Кешкі уақытта тамақтану әдеті – көп аурудың себебі. Артық көмірсулардың бәрі салмақтың жиналуына әсер етеді.
Бүгінде салмақ тастаудан нәтиже көрсеткен Серік Тұржанов салауатты өмір салтын насихаттап жүрген белсенді жан. Қазір оның денсаулығын реттеуді қолға алған, жалпы белсенді қозғалысты серік еткен адамдардан жиналған клубы бар. Клубта 125-тен астам тұрақты мүше бар. Осы кезге дейін жалпы 800-ге жуық адам келіп, жақсы нәтижеге қол жеткізген.
«Нәтиже керек адам қалады, қалғанын біз алып қалмаймыз. Мақсатымыз – өміріміздің қалған бөлігін сапалы өткізу», - дейді Серік мырза.
Серік Тұржанов "ауру – астан" екеніне көзі жеткенін айтады. Ол үшін күнделікті қолданып жүрген тамақтың пайдалысын, экологиялық тұрғыда зиянсызын тұтыну керек дейді.
«Көп адам суды ішпейді, оның орнына тәтті сусын ішіп жүр. Бұл – шын мәнінде өлімге апаратын жол. Қазір инсульт, инфаркт секілді оқыс жағдайлар жас адамдар арасында жиілеп кетті», - дейді ол.
Ал бұның бәрі бір-ақ жолмен шешіледі – профилактика, яғни алдын алу арқылы деп қорытты Серік Тұржанов.
Артық салмақ – бұл тек сырт келбетке қатысты мәселе емес. Ол жүрек-қантамыр жүйесі, тірек-қимыл аппараты, эндокриндік жүйе секілді адам ағзасының маңызды бөліктеріне салмақ салып, көптеген созылмалы дерттердің дамуына әкеледі. Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті қоғамдық денсаулық проблемаларының бірі.
Серік Тұржанов пен Олжас Тұрап секілді кейіпкерлердің оқиғасы – артық салмақпен күресте жеңіске жетуге болатынын дәлелдейді. Алайда бұл оңай жол емес. Бұл – тәртіп пен табандылықты, әдетті өзгерту мен жаңа өмір салтына бейімделуді талап ететін күрделі, бірақ мүмкін жол.
Бұл мәселені шешу тек әркімнің жеке ерік-жігеріне ғана емес, қоғамдық деңгейде де алдын алу шараларын жүргізуге байланысты. Салауатты ұлт қалыптастыру үшін ағартушылық, профилактика және қолжетімді инфрақұрылым аса қажет.
Себебі өмір – өткеніміз емес, алда не күтіп тұрғаны. Сол болашақ сапалы әрі ұзақ болсын десек, бүгін әрекет ету керек.